Алматыда автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді (видео)
Оқиға сәті видеоға түсіп қалған
Алматыда жаяу жүргіншілер өткелінде автобус жүргізушісі екі адамды қағып кетті. Ер адам оқиға орнында көз жұмды, әйел ауруханада жатыр.
Жолаушылар көлігінің жүргізушісі Абай даңғылымен батыс бағытта, Сайна көшесінен батысқа қарай келе жатып, арнайы жаяу жүргіншілерге арналған өткелде жол бөлігін кесіп өтіп бара жатқан екі адамды қағып кеткен. Оқиға сәті видеоға түсіп қалған.
Салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі 1958 жылы туған ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жаяу жүргінші, 1957 жылы туған әйел қалалық ауруханалардың біріне жатқызылды.
«Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды», — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.