Алматыда автотұрақ қайта ақылы болды
Тұрақ бағасы — сағатына 100 теңге.
Алматыда автотұрақ қызметі үшін ақы алу 15 шілдеде тоқтаған. Содан бері қаладағы тұрақтар тегін қызмет етіп тұр. Аlmaty-parking.kz Медеу ауданындағы тротуар маңындағы тұраққа көлік қойған жүргізушілерден 11 қыркүйектен бастап ақы алынатынын хабарлады.
Ақылы тұрақтар күнделікті 8:00-19:00 арасында жұмыс істейді. Сұралатын сома — сағатына 100 теңге. Көк базар жақтағы № 6547 орында тариф 150 теңге. Ақша QR-код немесе төлем терминалы арқылы қабылданады.
Жауапты мекеме ақылы автотұрақ Алмалы ауданында — 9 қазанда, Бостандық ауданында — 23 қазанда, Түрксіб және Жетісу аудандарында— 6 қарашада, Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарында 25 желтоқсанға дейін іске қосылады деді.
Астанада да мамандар паркоматтарды ала бастады. Аstanapark.kz жоспар бойынша барлық жұмысты осы жылдың аяғына дейін бітіретінін мәлімдеді. Жүргізушілер тұрақ ақысын astanapark.kz сайтындағы жеке кабинет, төлем терминалдары және екінші дәрежелі банк қосымшалары арқылы төлейді.
Биыл 1 қазаннан бастап демалыс және мереке күндері автотұрақ ақылы болады, бұл көшелердің өткізу мүмкіндігін тұрақты негізде арттырады деді компания өкілдері.