Алматыда автотұрақ тегін бе? Әкімдік пен «А — parking» екі түрлі ақпарат таратты
A-Parking 2023 жылғы 15 шілдеден бастап қаладағы тротуар жанында орналасқан ақылы тұрақтарды басқармайтын болды.
Бұл туралы компания 20 шілдеде (бес күннен кейін) Facebook парақшасында хабарлады.
«15 шілдеден бастап Almaty Parking тротуар маңындағы ақылы тұрақтарға қызмет көрсетуді тоқтатады. Төлем қабылданбайды.
Автотұрақты басқару бойынша барлық өкілеттік Алматы қаласы әкімдігіне өтті. Қазір бұрын компания еншісінде болған тротуар маңындағы барлық тұраққа көлік қойған жүргізушілерден ақы алынбайды.
Алматы қалалық мобильділік басқармасы ақылы тұрақтарға қызмет көрсететін жаңа оператор құрып жатыр», — деп жазды компания.

Бұл 20 шілдеде шыққан ақпарат. Содан екі күн бұрын, 18 шілдеде Алматы қаласы әкімдігі мәлімдеме жасап, тұрақ ақысын жинайтын жаңа оператор — «Алматы паркинг» құрылғанын хабарлаған. Ең қызығы әкімдік жаңа оператор толық іске қосылғанға дейін «А — parking» жалғасты төлеп қабылдайтынын айтқан.
«Алматыда автотұрақтар қала меншігіне қайтарылып, тақтайшалар ауыстырылып жатыр. Алматыда бірыңғай оператор — «Алматы паркинг» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Жаңа ақпараттық тақталарда жаңа оператор, аймақ нөмірі, тұрақ уақыты және төлем әдістері көрсетіледі.
Алғашқы автотұрақ Медеу ауданында іске қосылып, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жаңа ақпараттық тақтайшалары бар аудандар фото-бейнетіркеудің мобильді кешендерімен бақыланады.
Бағдарламалық жасақтамасы толық іске қосылғанға дейін бұрын қаланың автотұрақтарын басқарған «А — parking» компаниясы төлем қабылдайды. Осы кезеңде жиналған барлық қаражат бірыңғай оператордың шотына беріледі», — деп жазды қала әкімдігі.

Ал «А — parking» 15 шілдеден бастап төлем қабылдауды тоқтатқанын хабарлады. Сонда әкімдік пен «А — parking» бір-біріне сілтеп жүргенде тұрақ ақысын кім жинағаны түсініксіз болып тұр.
Мысалы, осы аралықта Алматы тұрғындары әдеттегідей тұрақ ақысын төлеп жүрді. Тұраққа ақы алу тоқтағанын әкімдік те, A-Parking сол кезде хабарлаған жоқ. Ендеше 15-20 шілде аралығында қала тұрғындары төлеген тұрақ ақысы қайда кетті? «А — parking» жұмысын тоқтатса, жаңа оператор әлі іске қосылмаса, жүргізушілер не үшін тұраққа ақы төлеп жүр?