Алматыда азық-түлік апта сайын қымбаттап жатыр, бұған тоқтам бар ма?!
Қала халқының тұтыну шығыны 2020 жылғы алты айда 9,1 % өскен.
Доллар өскелі Алматыдағы азық-түліктің бағасына апта сайын 30-40-50 теңге қосылып кеткен.
«Осыдан бір апта бұрын 220 теңгеге сүт алсаңыз, қазір тура сол сүттің бағасы 260 теңге болып отыр. Қалада азық-түлік өнімдері, аптасына 30-40 теңгеге қымбаттайды. Мұндай үрдіс басқа басқа тұтыну өнімдеріне де қатысты да қалыптасқан. Қалада 2 млн халық бар. Олардың тұтыну шығыны 2017 жылмен салыстырғанда (7,9 %) 2018 жылдың соңғы алты айында 9,1%-ке өскен. Биыл қала халқының жарты жылдық тұтыну шығыны 123 мың 338 теңгені құрайтын орташа републикалық деңгейден 1,5 есе көп»,- дейді «Аналитик» сараптау орталығының маманы Тоғжан Шаяхметова.
Жалпы, Алматы импортталған азық-түлік өнімдеріне және басқа да тұтыну тауарларына жылына 9383,1 млн АҚШ долларын жұмсайды. Ал сыртқа 2696,3 млн АҚШ доллардың өнімін экспорттайды.
Қаржыгер Жасұлан Мақсұтов «ең бірінші қымбатшылық осы импорттан келеді» деп отыр.
«Қала өзін –өзі толықтай азық-түлікпен қамтуға әлі жеткен жоқ. Мегаполюстегі өнім өндіретін кәсіпорындар бар, қаланың маңындағы аудандардан келетін азық-түлік өнімдері бар осы екі тарап қосылып қаланы 60 % отандық өніммен қамти алады. Ал қалған 40 % өнім сырттан әкелінді. Қазір импорт өнімді елге әкелгенде төленетін кедендік баж салығы, кедендік әкетілім салығы, кеден аумағында тауарды әкелу кезінде қосылатын құн салығы, кеден аумағына тауарды әкелу кезінде тауарды акциздеу барлығына төлемақы алынданы. Осының барлығының шығынын импорт тасымалдаушылар өнімнің бағасынан шығарып алғысы келеді. Осыдан барып, Қытайдан 80 тенгеге алынған ананас Қазақстанға келгенде 800 теңге болып шыға келеді. Доллар өскен сайын қымбатшылық бола беретінінің бір себебі осы. Сондықтан келешекте импорттар тасқыны инфляцияны өсіре түседі»,-деді Жасұлан Мақсұтов.
Отандық тауар неге қымбат?
Ал мұндайда бізді құтқаруы тиіс отандық тауарлар не үшін шарықтап жатыр?
«Пандемиядан бөлек, отандық кәсіпорындарға тариф бағасы да оңай тиіп отырған жоқ. Үшіншіден, арадағы делдалдар тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отыр. Делдалдарға бақылау аз. Қазір Алматының супермаркеттерінде 10 жұмыртқаның бағасы 380 теңге. Ал 10 жұмыртқаның құс фабрикаларынан шығатын негізгі бағасы 180 теңге. Арада делдалдар жақсы пайда тауып отыр. Делдалдар доллар қымбаттамай тұрып алынған зат болса да, доллардың өскенін желеу етіп азық-түлік, киім-кешекті өсіре қояды. Үкімет оларға қарсы әрекеттер жасау керек. Ол үшін өнім зауыттан шыққан өз бағасына ғана сатылатын арнайы әлеуметтік азық-түлік сататын дүкендер желісін көптеп ашсақ болғаны. Бұдан арадағы делдалдар азайады. Отандық зауыт-фабрикалардың өнімі нарыққа тікелей делдалдарсыз арзанға сатылады. Бұл халыққа да, кәсіпорынға да тиімді болар еді»,-дейді экономист-сарапшы Арман Мусин.
Тариф бағалары да алқымға алып тұр
Қымбатшылықтың орын алуының тағы бір тетігі тарифтің өсуі.
«Тариф қымбаттаса барлық тауардың қымбаттайтыны өзінен-өзі заңды. Кәсіпорындар тариф төлеуге кеткен шығындарын да өнім бағасынан шығарғысы келіп, өнімге үстеме баға қосады. Ал мұның зардабын тек қарапайым халық тартады. Сондықтан мемлекеттік тұрғыда монополистерді де бақылауға алып, оларға қатысты заңды да қатайту керек»,-деп атап өтті экономист-сарапшы Жангелды Смағұлов.