Алматыда белсенділер қаралы митингіден кейін прокуратураға барды

28.02.2020, 02:58

6

27 ақпанда таңертең Алматыда Республика алаңында белсенді Дулат Ағаділді еске алып, қаралы митинг өткізген ондаған адам түс кезінде қалалық прокуратура ғимаратына барып, қала прокурорының шығуын талап етті. Олар қала прокуроры халық алдына шығып, Дулат Ағаділдің жұмбақ өліміне байланысты сұрақтарға жауап берсін деді. Бұған қоса, Лобачевский көшесіндегі уақытша қамау изоляторында бейбіт жиынға байланысты әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған белсенділерді (олардың дерегінше, 18 адам) босатуды талап етті. Олар «Прокурор шықсын!», «Бостандық!» деп айқайлады.

Сәлден соң қала прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев шығып, жұртты ішке кіріп, сөйлесуге шақырды. Бірақ халық бас тартты.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин 22 ақпанда «конституциялық құқығын пайдаланып, бейбіт митингіге шықпақ болған» белсенділердің заңсыз қамауда отырғанын айтып, олар бостандыққа шығуы тиіс деді.

«Сендердің міндеттерің — қылмыскерлермен күресу. Өздерің заң бұзып отырсыңдар. Бұл белсенділер ештеңені бүлдірген жоқ. Олар бостандыққа шықсын. Осы сияқты заңсыздықтар жалғасып жатқандықтан халық ашулы. Халықтың шыдамы шексіз емес» деді Жасарал Қуанышәлин прокуратура өкіліне.

Ал қала прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев:

— 18 адам сот шешімімен қамалған, егер келіспесе, апелляцияға бере алады. 15 адам апелляциялық шағым түсірді, — деп жауап берді.

Жұрт «адамдарды неге ұстайсыздар, қамайсыздар?» деп жан-жақтан шулады. Олар қала прокурорының шығуын талап етті.

Бұдан соң Тілеубердиев ішке кіріп кетті. Прокуратураның тағы бір өкілі шығып, азаматтардың «заңсыз жиналып тұрғанын» айтып ескертіп, тарау қажеттігін айтты. Ал белсенділер кешеден бері қала прокурорының шығуын талап етсе де, халықтың талабына құлақ аспай отырған прокуратура өкілдерін сынады.

«Біздің әрқайсымыздың прокуратураға келіп, шағымдануға құқығымыз бар. Бұл жерге қиратайын деп келген жоқпыз, өз құқымызды талап етіп келдік» деді жиналғандардың бірі Асылбек Қараев.

Прокуратурадан кейін белсенділер Алматы қаласы әкімдігіне барып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шығуын талап етті. Олардың алдына қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбаев шығып, халықты сабырға шақырды.

Әлеуметтік желіде тараған суреттерде арнайы жасақ өкілдерінің әкімдіктің кіре берісінде тұрып, белсенділерді есік жаққа қарай өткізбеуге тырысқаны байқалады.

Кешкі 16.00 шамасында белсенділер тарады.

27 ақпанда таңертең Ақмола облысы Талапкер ауылында осыдан екі күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде Алматы, Тараз, Ақтөбе, Шымкентте белсенділер Ағаділді еске алып, рухына құран бағыштады.

Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.

Оқи отырыңыз: «Изолятордағы өлім — наразылық білтесін тұтату». Ағаділдің қазасына желі реакциясы​

Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

26 ақпанда Алматыда 70-80 адам қалалық прокуратураға барып, Ағаділдің өлімін әділ әрі ашық зерттеуді талап еткен.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34