Алматыда бір топ адам аналардың баспасөз мәслихатын өткізбей тастады

08.06.2019, 03:00

26

7 маусымда Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюрода 20 шақты әйел көп балалы аналардың баспасөз мәслихатын өткізуге кедергі келтірді. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өздерін «көп балалы анамыз» деп таныстырған тағы бір топ әйел жиында киіп кетіп, ұйымдастырушыларға қарсы дауыс көтерген. Екінші топ бірінші топқа көп балалы аналар атынан баспасөз жиынын өткізуге құқықтары жоқ екенін айтқан.

Жиынды өткізушілер және пресс-клуб иелері оларды тоқтатуға тырысқанмен, әйелдер көп балалы аналар мәселесін айтпақ болған ұйымдастырушыларды айыптаған. "Қазақстанның Украинадағыдай болғанын қаламайтынын" жеткізіп, «ел тыныштығын бұзбауды» талап еткен. Ұрыс шығарған әйелдер «мемлекеттің бес ай ішінде көп балалы отбасылардың барлық әлеуметтік талаптарын орындағанын» айтып, «мәселелері шешілмеген аналардың өздері құжаттарын дұрыс рәсімдей алмай жүргенін» жеткізген.

Ақырында жиынды ұйымдастырушылар кетіп қалған. Осылайша "Қазақстандағы көп балалы аналардың шынайы мәселелері: Алматыдағы жағдай" атты баспасөз конференциясы өтпей қалды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жиынға кедергі жасаған әйелдердің кейбірі "өздерін әкімдік өкілдері жібергенін" айтқан.

Жиынды ұйымдастырған аналардың бірі, көп балалы ана Жансая Жанабаева Азаттық тілшісіне көптен бері әкімдікке баспана мәселесін айтқанмен шешілмегенін, өзі сияқты аналар көп екенін жеткізді. Ал жиынға кедергі келтірген әйелдер осы шындықтың қоғамға жеткенін қаламайды деді.

— Кешеден бері олар маған хабарласып, жиынға бармауды, мәселелерді айтпауға үгіттеді. Мен мұны дәлелдеп бере алам, — деді Жансая Жанабаева.

Жиында «айғай-шу шығарғандар арасында» Асылы Осман, Аягүл Төреқызы сияқты қоғамға танымал азаматтар болған. Асылы Осман өздерін "әкімдік жіберді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол жиын жайлы кездейсоқ білгенін, «ел тыныштығын қорғау үшін жиынға барғанын» айтты.

— Қазақстандағы тыныштықты ештеңемен айырбастауға келмейді. Көп балалы аналарға көп уақыттан бері жағдай жасалып жатыр. Олардың кейбірі көлік сұрайды екен, көлік тұратын орын сұрайды екен. Егер [жағдайлары шынымен қиын болса] соны сұрай ма айтшы маған? Елге, жерге деген адалдық болу керек қой, — деді Асылы Осман.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов халықтың билікке наразылығы артып отырған шақта билік «белсенділер бригадасын» көп балалы аналарға қарсы ұйымдастырып отыр деп санайды.

Азаттық тілшісі жергілікті әкімдік өкілдеріне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

2019 жылы ақпанның 4-і күні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетудіталап етті.

Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті «халықтың жағдайын жақсарта алмады» деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

Ақпанның 27-і күні «Нұр Отан» партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26
  • Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
    28.11.2020, 17:05
  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09