Алматыда блогер Азамат Байкеновтің ұсталғаны хабарланды

13.03.2020, 15:03

31

13 наурызда Алматыда "ҚДТ-ға қатысы бар" деп күдікке ілінген блогер Азамат Байкеновты ұстап әкетті. Бұл ақпаратты блогердің әйеліне сілтеме жасаған Vlast сайты хабарлады.

«Біз Мақатаев пен Сейфуллин көшелері қиылысында жүргенбіз. Азаматтық киім киген екі ер адам оны (Байкенов) ұстап әкетті. Олар оған қызметтік куәлігін көрсетті де, қолынан қайырып әкетті» деді блогердің әйелі Алмагүл Мамекова. Ол «белгісіз адамдардың» күйеуін қай жаққа әкеткенін көріп үлгермеген. Ұстау кезінде жеңіл арбада баласы да болған.

(ҚДТ немесе "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысы — Қазақстанда сот шешімімен «экстремистік ұйым» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент резолюциясында бейбіт оппозициялық ұйым деп көрсетілген).

Мамекова адвокатына хабарласқан кезде полицияның күйеуін Петропавлға тергеуге жеткізетінін айтқан. Сол себепті әйелі Vlast сайтына Петропавлға кететінін хабарлаған.

Блогердің телефоны қазір өшіп тұр. Азаттық тілшісі полициядан жауап ала алмады.

Азамат Байкенов — саяси тақырыптарда видео түсіріп, билікті сынап, пікірін ашық айтып жүрген петропавлдық блогер. Оның Youtube-тегі арнасының 67 мыңнан астам жазылушысы бар.

Өткен жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті оның үстінен "әлеуметтiк алауыздық қоздыру" (174-бабының 1-тармағы) бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, үйін тінтіген еді.

Оқи отырыңыз: Петропавл полициясы блогер үстінен 174-бап бойынша іс қозғап, үйін тінтті

Блогердің айтуынша, кейінірек полиция істі Қылмыстық кодекстің 405-бабына («Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысу») ауыстырған. Соңғы уақытта ол полицияның өзін тергеуге шақырып жатқанын бірнеше рет хабарлаған. Ол 10 наурыз күнгі Алматыда өткен баспасөз жиынында «бұл елде кімнің үнін өшіргісі келсе, оны ҚДТ-мен байланыстырады» деп мәлімдеген.

Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Әблязов ҚДТ-ны «экстремистік» деп таныған сот шешімімен келіспейді және оның «саяси астары бар» деп санайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қазақ тілінің мәртебесі неге нашар? (видео)
    04.12.2020, 09:08
  • Әріптесіміз "Жас Алаштың" мерейін өсірді
    03.12.2020, 13:28
  • Тоқаевқа жаңа өкілеттілік берілді
    03.12.2020, 12:05
  • Нұр-Сұлтанда тағы бір қоғамдық орында жарылыс болды
    02.12.2020, 09:13
  • Коронавирус 2003 жылы өршіген бе, ақиқаты қайсы?!
    02.12.2020, 11:11