Алматыда «Бюджетке қатысу» жобаларына дауыс беру жүріп жатыр

Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев жол салу, сумен жабдықтау желілері, жарықтандыру, қауіпсіздік, аулаларды абаттандыру, балабақшалар мен мектептер салу бойынша барлық негізгі шешімдер тікелей тұрғындармен кеңесу арқылы жүретінін айтқан болатын.
«Бюджетке қатысу» бағдарламасы осы сөздерінің дәлелі бола алады. Осы бағдарлама бойынша мегаполистің кез-келген тұрғыны ауланы, көшені немесе саябақты абаттандыру бойынша өз жобасын ұсына алады.
11 қарашада Алматыда «Бюджетке қатысу» жобаларына дауыс беру басталды. 2020 жылғы 11-23 қараша аралығында «Бюджетке қатысу» қалалық жобасы аясында Алматыны абаттандыру бойынша тұрғындардың ұсыныстарына дауыс беру өтеді.
«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім жинау 28 тамызда басталған еді. 2020 жылы жалпы сома 6,4 млрд теңгеге дейін артты (2019 жылы 4 млрд теңге) — әр ауданға 800 млн теңгеден бөлінгелі отыр. Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында, Наурызбай және Алатау аудандарына «Бюджетке қатысу» аясында қосымша 500 млн теңгеден бөлу де қарастырылған. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден болады.
Алматылықтар тарапынан келіп тұскен 448 бастамасы дауыс беруге жіберілді. Ең көп өтінім Алмалы (123), Наурызбай (72) және Түрксіб (62) аудандарын абаттандыру бойынша түсті. Одан кейінгі кезекте Бостандық (49), Медеу (42), Алатау (41), Жетісу (36) және Әуезов (23) аудандары тұр.
Қала тұрғындары ұсынған жобалар қатарында Ұлжан-2 ықшамауданында жекпе-жекке арналған көпфункционалды жазғы спорт зал, Айнабұлақ-4 ықшамауданында шахмат орталығын салу, Қалқаман ықшамауданында «Рахмет дәрігер!» Covid-19 пандемия мемориалын орнату және т.б. бар.
Алматы қаласында тұрақты тіркелген тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнаған жобаларға дауыс бере алады. Ыңғайлы болу үшін онлайн және қағаз түрінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Қағаз түрінде аудандық әкімдіктерге немесе Open Almaty фронт-офисіне (Абай даңғылы, 90) барып дауыс беруге болады.
Онлайн-дауыс беру үшін:
1) budget.open-almaty.kz порталында «Дауыс беру» бөліміне өту;
2) ұнаған 3-тен (үш) артық емес жобалық ұсынысты таңдау;
3) дауыс беруді растаудың ыңғайлы тәсілін таңдау қажет – ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) арқылы.
Қағаз түрінде дауыс беру үшін:
1) кез келген аудан әкімдігіне (сағат 09.00-18.00, үзіліс сағат 13.00-14.00) немесе Open Almaty фронт-офисіне (сағат 09.00-20.00) баруға болады, өзіңізбен бірге жеке басты куәландыратын құжат болуы қажет;
2) жергілікті жерде берілген қағаз форманы толтыру;
3) толтырылған форманы дауыс жинау жәшігіне салу қажет.
Жобалық ұсыныс іске асыруға жіберілуі үшін Алматыда тұрақты тіркелген тұрғындардың оннан астам дауысын жинауы тиіс. Бір тұрғын 3 (үш) жобалық ұсынысқа ғана дауыс бере алады.
Анықтама: 2019 жылы Алматы әкімдігі қаланың 8 ауданына жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден бөліп, «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын іске асырды. Қала бюджетін неге жұмсау керектігін ашық талқылау және дауыс беру арқылы алматылықтардың өздері анықтады. Қала тұрғындарының бастамаларына Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері өз бағасын берді.
Биылғы жылы Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қала тұрғындарынан ұсыныстар 2 есе көп түскен. Қала тұрғындарының жобалық ұсыныстарға дауыс беру кезеңі қалай өтетіні туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының Стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жазылтаева былай деді:
— Биылғы жылы барлығы қала тұрғындарынан 23,7 млрд.теңге болатын жалпы сомаға 796 жоба түскен. Қорытындысында 10,7 млрд.теңге сомаға қала тұрғындарының 448 бастамасы дауыс беруге жіберілді. Жобалардың біреуін авторлардың біреуі қайтарып алды, сайтта барлығы 795 жоба бар. Өткен жылы барлығы 333 жобалық ұсыныс түскен. Біз екі есеге дейін айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Өтініштердің көбі абаттандыруға бағытталған: құрылыс және тротуарларды, пандустарды, арықтарды жөндеу, жалпыға ортақ орындарда балалар және ойын, спорт алаңдарын орнатып, жөндеп, жарықтандыру. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілер аймағын жөндеу, күркелерді жөндеу және орындықтар мен қоқыс салғыштарды орнату бойынша ұсыныстар енгізілді.
Осы жылдың 20 қазанында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша budget.open-almaty.kz. сайтында өтініш қабылдау аяқталған болатын.
Рұқсат етілмеген 281 жобаға қатысты айтар болсақ, кері қайтарылуының негізгі себептері келесідей:
— жобалық ұсыныстардың санаттарына сәйкес келмеуі;
— жалпы қолданыстағы нысан болып табылмайды;
— жобалық ұсыныстарды жүзеге асыру аудан әкімі аппараттарының құзыреттілігінен тыс болғанда;
— жұмыстар 2021-2022 жылдарға жоспарланған;
— учаске жеке меншік, тұрғын үй кешенінің, бау-бақша серіктестігі аумағында орналасқан;
— жеке коммерциялық сипатта жүзеге асыру қарастырылған.
Сонымен қатар, істеп аяқталмаған 60 жобалық ұсыныстарға қатысты да шешім айтылды. Бұл мәселе бойынша, жобалық ұсыныстардың авторлары нақтылап, қайтадан өз ұсыныстарын енгізуі үшін түзетуге жіберілді. Соған қарамастан, тұрғындардан жобалық құжаттамасын жасау, не болмаса қандай да бір есеп жүргізу талап етілмейді