Алматыда ескі үйлер жаңарады

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы басталғалы еліміздің біраз өңірлерінде атаулы жұмыстар басталып кеткен болатын.
Соның ішінде, әсіресе Алматы қаласында осы жоба бойынша ескі үйлер мен құрылысы аяқталмай қалған үйлер сүрілетін болады.
Нақты айтқанда, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен көптен бері құрылысы аяқталмай қалған үйлер мен апатты жағдайдағы ескі үйлердің, сондай-ақ заңсыз салынған тұрғын үй кешендері сүріледі. Негізінде Алматы қаласындағы ірі аудандар Түрксіб, Наурызбай аудандарындағы ескі үйлер уақыты келе тұрғындарға зардабын тигізері анық. Сол себептен, қала әкімдігі мен қала құрылысын бақылау басқармасы қауіптің алдын алу мақсатында тұрғын үй кешендерінің құрылысын сүру жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ Бостандық ауданындағы Атакентті қайта жаңарту жұмыстары да бар. Ал Түрксіб ауданындағы ескі тұрғын үйлерге қатысты қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесуінде: «Түрксіб ауданындағы ескі үйледің саны 40 пайызды құрайды. Сондықтан да биылғы жылдан бастап, осы мәселені шешу үшін алдымен он екі ескі үйдегі тоқсан алты отбасын жаңадан салынған көпқабатты үйлерге орналастырдық. Одан бөлек, 8 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Онда 211 пәтер болады», – деген болатын.
Түрксіб ауданынан бөлек, Наурызбай ауданындағы заңсыз салынып жатқан үйлер енді құрылыс жұмыстарын жүргізе алмайды. Яғни, толығымен сүріледі. Нақты атап айтсақ, Ақжар ықшам ауданында тексеріс нәтижесінде «Жайсан» тұрғын үй кешенін анықтап, басқарма Алматы қаласының ауданаралық, экономикалық сотына заңсыз салынған нысанды бұзуға қатысты талап-арызын жолдап, заңды түрде кешенді сүру жүмыстары басталып кетті.
Сондай-ақ нысандарды тексеру барысында өзге де аудандарда кешендерді салу барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған болатын. Яғни, салынып жатқан үйлердің арасында заңсыз, рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан құрылыстар да бар болып шықты. «Qadam ТК» ЖШС-ына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, сүруге қатысты арыз жазылды. Алдағы уақытта соттың шешімі белгілі бола салысымен, заңсыз салынған үйлерді сүру жұмыстары басталады. Бұл бір жағынан тұрғындардың заңсыздыққа ұрынбауының алдын алады десек те болады. Себебі, қазір көбісі баспана аламын деп, бар жиған-тергендерін осындай заңсыз үйлердің құрылысына беріп, соңында үйсіз қалып, өкініп жатқандар көп.
Сондай-ақ қала әкімі Ерболат Досаев аудандардағы электр желілерінің 70 пайызы тозуына байланысты жаңа Тұздыбастау стансасы салынатынын айтқан болатын. Одан бөлек, алдағы уақыттарда енді заңсыз үйлердің салынуына біршама тоқтаулар салынып, заңбұзушылық анықталған жағдайда айыппұл төленетінін ескертті.
Ал қаланы көркейту, абаттандыру, аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарына келсек, Бостандық ауданындағы Атакентті қайта қалпына келтіруге қатысты арнайы жоба дайындалып жатқандығы жөнінде Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтып өткен болатын. Оның сөзінше, «Атакентті қайта қалпына келтіріп, қосымша көгалдандыру жұмыстарына қатысты жеке жоба дайындалып жатыр. Аумақты модернизациялау мен қайта жаңарту жұмыстарын келесі жылдан бастаймыз», – деді.
Әкім Атакентті қайта жаңартудан бөлек, желектерді сауару жүйесіне біршама өзгерістер мен жаңа ережелер қабылданатынын тілге тиек етті. Оның ішінде ескі арықтардың жаңартылатыны да айтылды. Дәл осы секілді ескі үйлер мен заңсыз салынған үйлерді сүріп, қаланы абаттандыру бойынша Алматы қаласында арнайы жұмыстар жүргізілетіні тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болмақ.