Алматыда омикрон бар ма?
«Тез тарап, тез жұғады»! Өзінен бұрын белгісі жеткен, омикрон штамы дәл қазір Алматыда болуы мүмкін.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлім етті. Сондай-ақ соңғы күндері Алматыда сырқат адамдар саны тез өскен көрінеді. Бұл мамандарымызды шошытып отыр.
«Елімізде омикрон пайда болғанға ұқсайды, себебі өсу басталды. Бірнеше күн бұрын 30 жағдай болса, бүгін 60-қа жуықтады. Біраз күнде ол екі есеге өсті. Сондықтан коронавируспен күрес жөніндегі штаб пен қала әкімдігі жаңа жыл қарсаңында Алматыда болуы мүмкін індеттің салдарын түсіну үшін барлық алматылықтарды сақ болуға шақырады», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Расымен соңғы кездері қоғамдық орындарда, базар мен дүкендерде тұрғындар әлеуметтік арақашықтық сақтамастан, емін еркін жүріп тұрып еркінсіп алды. Ал тез тарап, тез жұғатын омикрон осындай сәтте халық арасында тарап кетуі бек мүмкін. Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бастығының орынбасары Сәдуақас Байғабұлов та науқастар санының өсіп бара жатқанын айтуда.
«Өткен аптамен салыстырғанда алматылықтар арасында COVID-19 жаңа жағдайларының тіркелуінің екі есе артуына байланысты омикрон штамының айналу ықтималдығы бар» – дейді Байғабұлов.
Еске сала кетсек бұған дейін тайваньдық Taipei Times басылымы Қазақстаннан оралған каратешілерден омикрон штамы табылғанын хабарлаған болатын. Ауруларды бақылау орталығы бас директорының орынбасары Чуанг Джен-сяннің хабарлауынша, Тайвань карате командасының 7 мүшесінен омикрон табылған. Спортшылардың жетеуі де коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Олар Алматыда өткен Азия біріншілігіне қатысқан көрінеді. Демек Алматыда омикрон бар деп айтуға болатындай. Қазір алматылық мамандар жаңа штамға төтеп беру үшін дайындық жүріп жатқанын айтуда. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ!
«Жаппай жұқтыруды болдырмау үшін барлық санитарлық талапты сақтау керек. Қала үш бағыт бойынша дайындалып жатыр. Біз инфекция жұқтыратындардың саны артатынын түсінеміз. Медицина мекемелеріне артық жүктеме түсірмеуміз керек. Қалада құрамында дәрігерлер бар 600-ден астам мобильді топ бар», - дейді әкім орынбасары.
Дегенмен әркім өзінің жеке бас саулығын қолға алып, жаңа жылдық демалыс кезінде қоғамдық орындарға көп бармай, жаңа штамның алдын алса тиімдірек болмақ.