Алматыда Оразалы Досбосыновтың құрметіне байқау өтті

Қазақ айтысында өзіндік қолтанбасын қалдырған Оразалы Досбосыновтың өмірден өткеніне 16 жыл болды.
Осыған орай, Жамбыл атындағы жасөспірім кітапханасында кітапхана ұжымы мен әнші Роза Әлқожаның ұйымдастыруымен «Орақ тілді Оразалы» атты онлайн байқауы өтті.
Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында айтыс өнерін жаңғырту, айтыс өнерінің ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың мұрасын насихаттау. Онлайн байқау 2 шарттан құралды. Бірі – Оразалы шығармашылығынан мәнерлеп оқу болса, екіншісі – Оразалы ақынға арнау.
Жарысқа 200-ден астам үміткер қатысып, бақ сынасты. Байқауға қатысушылардың өнерін әділ бағалау үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегерлері Бақыт Беделхан мен Жарас Сәрсек өлеңдерді сарапқа салып, қазылық етті.
Оразалы жырларын оқу бәйгесі мәресіне жетіп, бас жүлдені тағдыр тауқыметімен абақтыда отырған Санжар Келекеев жеңіп алса, І орынды Еркін Ермеков пен Қайрат Именбеков иемденді. Ал ІІ орынды Абылайхан Қуанышов пен Ұлжан Тастем қанжығасына байлады.
Оразалы жырларын мәнерлеп жатқа оқудан Бауыржан Келімберді бас жүлдені жеңіп алды. І орынды Ұлбибі Ержан мен 8 жасар Рауан Наушабеков иемденсе, ІІ орынды Құдірет Сүндетбаев, ІІІ орынды Ақкенже Қайратқызы жеңіп алды.
Жүлделер жеке тұлғалар мен қорлардың демеушілігімен жеңімпаздарға арнайы, ынталандыру сыйлықтары мен марапаттар табысталды.
«Осы байқауды ұйымдастыруыма себепкер болған қызы – Нұрайша. Сол балапанның тағдырына алаңдап жүрген апасы ретінде «әкемнің 45 жасы жай өтпесін» деген бір тілегі іске асса дегенбіз» дейді Роза Әлқожа фейсбук парақшасында.