Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:54, 09 Тамыз 2023

Алматыда қоғамдық көлік жолақысы қымбаттады

None
None

Алматыда қоғамдық көлікте жүрудің жаңа тарифтері бекітілді. Бұл туралы мәслихаттың VII сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді.

Оңай картасымен немесе QR коды арқылы төлем жасағанда жол жүру ақысы 100 теңгені құрайды, яғни баға 20 теңгеге көтеріледі. Қолма-қол төлеген кезде жол жүру ақысы – 150-ден 200 теңгеге дейін көтеріледі.

"Қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың шығындарын өтемейді, өйткені нақты тариф бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын субсидия түрінде тасымалдаушылардың шығындарын өтеп отыр. Осы кезеңге 2020-2022 жылдары төленген субсидия көлемі 115,8 млрд теңгені құрады», — деді Асқар Әмрин.

Мегаполистің көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме орасан зор, бұл ретте жолдардың жай-күйі, көлік паркін жаңарту, қала басшылығының жіті назарында.

10 жылдан астам уақытта маршрутты ұстауға байланысты шығындардың барлық баптарының құны үш есеге өсті. Мәселен, 2012 жылы дизельдік отынның бағасы 90 теңге болса, қазір 295 теңге, газдың құны ол кезде 33 теңге болса, бүгінде 108 теңгеге жетті. Жалпы өсім 3,3 есе. Осыған ұқсас жағдай автобустардың, шиналардың, жағармайлардың құны, автобустарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу және т.б. басқа да шығындарға қатысты.

«Алматы көлік холдингі» ЖШС деректері бойынша барлық жолаушылар арасынан шамамен 97%-ға жол жүру ақысын «Оңай» карталарымен, оның ішінде «Оңай» қосымшасында QR-код немесе SMS-хабарлама арқылы төлейді. Жалпы, қоғамдық көлікті күніне 1,4 миллионға дейін адам пайдаланады.

«Ақшасыз төлемге 100 теңге және қолма-қол төлемге 200 теңге көлемінде жаңа тарифтерді қолдану биыл субсидия көлемін шамамен 10 миллиард теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге мүмкіндік туады », — деп түйіндеді сөзін қала әкімінің орынбасары Алматы қаласы мәслихатының VII сессиясында Асқар Әмрин.

Айта кетейік, Астанада тариф құны 90 теңге –180 теңге, Шығыс Қазақстан облысында 90 теңге – 130 теңге, Жамбыл облысында 85 – 130 теңге, Қостанай облысында 100 –170 теңге.

Тегтер: