Алматыда тағы бір белсенді 15 тәулікке қамалды

19.09.2019, 02:00

5

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Қытай жобаларына қарсылық білдіріп, жаңаөзендіктерді қолдау акциясына" қатысқаны үшін алматылық белсенді Геннадий Крестьянскийді 15 тәулікке қамады. Бұл ақпаратты 18 қыркүйекте түстен кейін Азаттық тілшісіне белсендінің адвокаты Салауат Сәскебаев хабарлады.

Кеше, 17 қыркүйекте сот кезінде Геннадий Крестьянскийдің жағдайы нашарлап, есінен танып құлап, оны жәдел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кеткен. Бірақ дәрігерлер оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

Сәскебаевтың айтуынша, бүгін де сот алдында жедел жәрдем көлігі шақырылған. Оған дәрігер укол салып, «сотқа қатыса беруіне болады» деген соң судья істі бастаған. Сәскебаевтың айтуынша, өзін әлсіз сезініп тұрғанына қарамастан сот шешім шығарып, белсендіні арнайы қабылдау изоляторына (спецприемник) алып кеткен.

— Біз толық емделгенге дейін оның ісін кейінге қалдыру туралы өтініш бердік. Бірақ судья өтініштерімізді қабылдамады, — деді Салауат Сәскебаев.

Оның айтуынша, екі ай бұрын Крестьянскийде микроинсульт болған. «Оның қан қысымы бар. Омыртқасының „грыжасы“ да бар. Жүрегі де сыр берген» деді ол.

Геннадий Крестьянскийге «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 3-тармағы) деген айып тағылған. Ол бұл бап бойынша бұрын да әкімшілік жазаға тартылған. Адвокаттың айтуынша, сот шешім шығарар кезінде осы жайтты ескерген. Адвокат сотта Крестьянскийдің 4 қыркүйек күнгі шараға «тілші ретінде қатысқанын», «оның бейджигі болғанын да» айтып өткен. "Өкінішке қарай сот дәлелдерімізді қабылдамады" деді Сәскебаев. Ол апелляцияға шағым түсіретінін де айтты.

Сот шешімін судья Н. Мұхамеджан шығарған. 16 қыркүйектен бері республиканың түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсы" акция өткізген белсенділер ұсталып, әкімшілік жазаға тартыла бастады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше азамат 10-15 тәулікке қамалған. Qaharman адам құқығын қорғау бастамасы "Қытай жобаларына қарсы акция өткізгені үшін" 14 адамның әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Қыркүйек айының басында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Орал, Атырау, Семей және өзге қалаларда ондаған азамат "Қазақстанға Қытай зауыттарын әкелуге қарсылық білдірген" жаңаөзендіктердің талабын қолдап, акция өткізген. Тұрғындар биліктен Қытайдан қарыз алмауды, көрші елмен қарым-қатынасты шектеуді талап етті. Олардың пікірінше, Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелділік ел тәуелсіздігіне, болашағына қауіп төндіреді.

Ал билік өкілдері «елде таза қытайлық кәсіпорындар жоқ» екенін, бәрі Қытаймен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар екенін айтып, халық наразылығын басуға тырысқан, қазіргі кезде инвестициясыз ел экономикасын алға жылжыту мүмкін еместігін алға тартқан.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Ахметовтің кадр саясаты ақсай бастады
    21:08
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13