Алматыда Toyota Corolla мен екі мопед соғылды
21 шілдеге қараған түнде Жұмабаев көшесінде ауыр жол апаты болды. Беспақов пен Қожамияров арасында бір машина мен екі мопед соғылған.
Zakon.kz хабарлағандай, Toyota Corolla Жұмабаев бойымен батыс бағытта бара жатқан, жүргізуші қарсы беттегі екі шамды көріп, бір автомобиль келе жатыр деп ойлаған. Бірақ ол машина емес, қатар келе жатқан екі мопед екені белгілі болды.
Белгісіз себеппен мопедтер өзара соғылып, бірі қарсы жолақтағы «Тойотаға» келіп ұрылған, ал екіншісі жол жиегіне ұшып кетіпті. Седан жүргізушісі рөлді бұруға тырысқанмен, үлгермепті.
Екі мопедші мен бірінің жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Емханаға барар жолда мопед жүргізушісінің бірі қайтыс болды.
Оқиғаның мән-жайын криминалистер анықтайды.
Айта кетейік, 2022 жылы Алматыда мопедшілер қатысқан 778 жол апаты болып, 836 адам зардап шекті және жеті адам қайтыс болды.