Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 10 Қараша 2022

Алматыда ыстық су аймағы қайта жаңартылды

None
None

Медеу шатқалынан жоғары орналасқан Горельниктегі табиғи ыстық су ағатын бастаулар қоқыстан тазартылып, тұрғындарға қолданысқа берілді.

Жуырда жаңартылған алаңның ашылу салтанаты өткізілді. Шараға Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Сәбина Аманкелді мен кәсіпкер, экобелсенді Сергей Спицын, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры Алмас Атапханов қатысты. Іс-шараның ашылуына қала тұрғындары мен қонақтары болды.

Осы уақытқа дейін «Горельник» аймағындағы сарқырама 2016 жылы қайта құрудан соң отбасылық және сауықтыру демалыс аймағына айналған еді. Әрі тұрғындардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына септігін де тигізіп келді. 320 метр тереңдіктен табиғи ыстық су ағатын сарқырама күкірсутек пен минералдарға өте бай болып саналады. Сондықтан да халықтың денсаулығын жақсартуға біршама әсері бар. Ал судың орташа температурасы 25 градусты құрайды.

Сарқыраманың жаңартылып, алаңдағы абаттандыру жұмыстарына меценат әрі экобелсенді Сергей Спицын өз қаражаты есебінен қолдау білдірген болатын. Горельник аймағының жаңартылуының арқасында спорт алаңдарының ауданы үш есеге артты. Ал демалатын террасаның аймағы екі жарым есеге кеңейтіліп, жасанды шөп жамылғыларымен көркейтілді. Сондай-ақ купельдегі жылы су көлемі алты есеге артса, суық су көлемі екі есеге өсті. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, су рәсімдері, демалу және спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдайлар жасалынып, әрі тұрғындар ыстық суға түсу үшін кезекке тұрмайтын болды.

Айта кетейік, бұған дейін экологиялық туризмді дамыту мен қолжетімді инфрақұрылымды құруға қатысты Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындарының жайлы демалуы үшін алты кемпинг аймағын жабдықтайтындығы жөнінде айтылған болатын. Оның ішінде Қайың тоғайында кемпингі салынып, Горельник аймақтары жаңартылды. Ал қалған демалыс аймақтары Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарындағы Ақбұлақ, Қызылсай, Ай алаңқайы, Казачка жерлерінде орнатылады. Және демалыс аймақтарының әрқайсында орындықтар, үстелдер мен күркелер, шатыр тігуге арналған алаңдар, алтыбақандар орналасады. Сондай-ақ әрбір кемпингтің аймақ мөлшері 20-30 метрді құрайды. Бұл туралы Алматы әкімдігі: «Соңғы жылдары Алматы қаласына іргелес тау шатқалдарында туристердің келуі жиіледі. Соның ішінде Іле-Алатау ұлттық паркі мен Іле Алатауы тауларындағы орындар туристер көп келетін аймақ саналады. Сол себептен, таудағы қауіпсіздік пен жайлы демалыс туризмді дамытудың маңызды бағыттарының бірі болмақ. Ал туризмді дамыту үшін қала тұрғындары да табиғатты аялап, тазалықты сақтауға атсалысуына шақырамыз» деп хабарлайды.

Осылайша, алып шаһарда тұрғындардың игілігі үшін арнайы демалыс орындары көптеп ашылуда. Тағы бір айта кететін жайт, жоғарыда атап өткен Горелькин ыстық су аймағы келушілер үшін тегін қызмет көрсетеді.

Тегтер: