Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 17 Қазан 2022

Алматыда жаңа мектептер мен жатақханалар салынады

None
None

«Қуатты өңірлер – ел дамуының ұлттық драйвері» ұлттық жобасы аясында Алматы қаласын көркейтуге қатысты жұмыстар басталып кетті.

Соның ішінде көркейту-көгалдандыру, ескі үйлерді сүру, бала санының артуына байланысты жаңа балабақшалар мен мектептер ашу да назардан тыс қалмады.

Осы уақытқа дейін Алматы қаласының бірнеше аудандарында жаңа аудандарындағы жаңартылған жұмыстарға тоқталған болатынбыз. Яғни, жаңа оқу жылының басында Саялы, Рахат-Мәдениет, Томирис ықшам аудандарында 4800 орындық 3 жаңа мектеп, Дархан, Нұркент ықшам аудандарында 3 мың жаңа орындық мектептер ашылған болатын.

Одан бөлек, Самғау, Саялы-2 ықшам аудандарында 2600 орындық 3 жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарының кездесуінде құлағдар еткен болатын. 

Мектеп, балабақшалардан бөлек, елімізде ең өзекті мәселе студенттердің жатақханасы болып отыр. Қала басшысы бұл  мәселені де назардан тыс қалдырмады. Бұл мәселеге орай, Алатау ауданында 2 мемлекеттік колледж салу жоспарлануда. Және 380 орындық жатақханасы бар 720 орындық кәсіптік-техникалық колледж салу үшін арнайы мердігер компанияларға байқау өткізілуде. Сонымен қатар алдағы уақытта, яғни 2023 жылдың І тоқсанында индустриялық аймақтарда инновациялық технологиялар колледжінің құрылысы басталады деп күтілуде.

Қала басшысы Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде оқу орындарынан бөлек, инженерлік желілерді жүргізу, сумен қамтамасыз ету,  қоғамдық көліктердің жүру бағыттары мен жол салу, жөндеу, аудандарды абаттандыру мәселелерін талқылады. Алдағы уақытта жоғарыда аталған мәселелер шешімін табады деген үміттеміз.

Ал Алматы қаласындағы ескі үйлердің мәселесіне келсек, халық қатысатын бюджет бойынша қаржыландыру көзі 1,8  миллиард теңгеге дейін көбейген. Соған сәйкес, 2022 жылы 24 жоба аяқталып, 18 жобасы қараша айында аяқталады деп  жоспарланған. Алдағы уақытта 7 баскетбол, 12 футбол, 6 волейбол алаңы салынып, 6 скверге жөндеу жүргілуде. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері де ескеріліп, «Зерделі ықшам ауданында 63 үйдің қасбетіне жаңартылу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қырық бес үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 18 үйдің жөндеу жұмыстары 15 қарашаға дейін жалғасады деп жоспарлануда. Жалпы Зерделі ықшам ауданында 7 үй нығайтылып, 3 үйдің жөндеу жұмыстары басталады. Ал нығайту жұмыстары «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның жобалық шешімдеріне байланысты қатаң түрде жүргізіледі. Сондай-ақ қалған бітпеген үйлер аталмыш институттың қорытындысына сай сүріледі.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың мәлімдемесіне сәйкес, су басу мәселелерін шешу үшін арналарды бұратын коллекторларды қалпына келтіріп, арық салу жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде 3 коллектор қалпына келтіріліп, 955 метрлік арық желілері салынып біткен. Көгалдандыру жұмыстарына келсек, Алатау ауданында 65 мың ағаш пен 20 мың көшет отырғызу жұмыстары алдағы уақытта жүргізілмекші. Әзірге Алматы қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың легі осындай.

Тегтер: