Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:03, 23 Наурыз 2023

Алматыда жыл сайынғы «Жасыл аула» акциясы басталды

None
None

Алматының экология және қоршаған орта басқармасы тұрғындарға тегін көшет таратуға арналған «Жасыл аула» акциясының басталғанын хабарлайды.

Көпқабатты үйлер ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті әрбір алматылық шегіршін, сәнағаш, шаған мен қайыңның көшеттерін тегін ала алады.

Акцияға өз ауласына жасылдандырып, ағаш отырғызуды қалайтын кез келген адам тегін қатыса алады. «Жасыл экономика» басқармасы тұрғындардың екі жыл бойы ағаштарын күтіп-баптауға уәде беретін кепілдік хатқа қол қоюды ғана сұрады.

Әлия Маратқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

– Қаламызды көркейту, табиғатқа деген, экологияға деген жанашырлығымызды танытуға, өз ауламызды әсемдеуге деген тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Осы арқылы біз жас ұрпаққа да үлгі бола аламыз. Экологиялық тәрбие берудің бір кілті тәрізді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Ертең балаларымыз өскенде, бұл көшеттер үлкен көлеңкелі ағашқа айналады. Бір аптаның ішінде бізге хабарласып, қажетті мөлшерде көшеттер береді екен. Барлығы тамыр жайып, біздің аула қаладағы ең жақсы аулаға айналады деп сенемін, – деп пікір білдірді.

Көшеттер қаланың барлық аудандарына жеткізіледі. Таңдау да үлкен – олардың ішінде шаған, үйеңкі, акация, қайың және т.б.

Наталья Ливинская, «Жасыл экономика» бөлімінің жетекшісі:

– Ағашты қалай отырғызу керек, болашақта оны қалай күтіп-баптау керектігі туралы нұсқаулық береміз. Соған сәйкес тұрғындардың қарауына кепілдік хат аламыз. Бұл ең маңыздысы болып табылады, – дейді.

Өтініштер15-24 наурыз аралығында қабылданады. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін көшеттер демалыс күндері таратылатын болады. Бір адамға 20 көшеттен артық берілмейді. Акцияға қатысушылардың отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоятындығын ескерген жөн. Қатысу үшін Jasyl.aula.almaty@gmail.comэлектронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:

1. Қатысушының аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы;

2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн);

3. Сұралып отырған көшет түрі мен саны.

Көшеттер 1, 2 және 9, 10 сәуір күндері Алматы қ. Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайы бойынша таратылады. Соңынан жоғарыда көрсетілген электронды мекенжайға фото есеп жолдау қажет. Көрсетілген уақыттан кейін жолданған өтініштер қарастырылмайды. Қосымша ақпарат алу үшін Жасыл қорды бақылау бөліміне келесі нөмірлер бойынша хабарласуға болады: +7777 068 56 38.

Тегтер: