Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Алматыда жылу жүйесі жарылып, салдарынан Рысқұлов даңғылында кептеліс пайда болды, -деп хабарлайды «Жас Алаш».
Оқиға 7 желтоқсанда таңғы уақытта Жетісу ауданында, дәлірек айтсақ, Рысқұлов-Жансүгіров жолайрығының маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, қою түтін даңғылдың дәл ортасынан шығып, батысқа қарай кетіп жатыр. Жолды көру мүмкін емес болғандықтан полицейлер бұл бағыттағы жолды жауып тастаған. Көлік жүргізушілері бұрылып, артқа қайтуға мәжбүр.
Оқиға орнында «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бригадасы жұмыс істеп жатыр.
«Ыстық су беру жедел түрде қалпына келтірілді. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ», — делінген хабарламада.
Қалалық Полиция департаменті мәліметінше, жылу магистраліндегі ақауға байланысты Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытта Жансүгіров көшесінен Розовая көшесіне дейін көлік қозғалысы тоқтатылды. Шектеу жылу жүйесі жөнделгенге дейін күшінде.
«Жол қозғалысына қатысушыларды алдын ала бағытты түзеп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», — деді қалалық полицияның баспасөз қызметі өкілі.