Алматылық белсенді "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті

04.10.2019, 20:00

15

Алматыда Республика алаңында белсенді Асхат Жексебаев «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді.

"Өз халқыңа геноцид жасауды тоқтат, барлық саяси тұтқындарды босатыңдар!" деген жазуы бар плакат ұстаған белсенді плакаттың екінші жағына 20 «саяси тұтқынның» аты-жөнін жазған.

Тізімде «Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек, 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Мұхтар Жәкішев, «алауыздық қоздырды» деп айыпталып, 8 жылға сотталған азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев және оннан астам адамның аты-жөні бар.

Республика алаңында жалғыз адамдық пикет жасап тұрған белсенді Асхат Жексебаев. Алматы, 4 қазан 2019 /> Республика алаңында жалғыз адамдық пикет жасап тұрған белсенді Асхат Жексебаев. Алматы, 4 қазан 2019

— Қыркүйек айының басында Алматы әкімдігінің алдында өткен "Қытай экспансиясына" қарсы шараға қатысқаным үшін он күнге қамады. Мен ол жерде ұран көтермедім, айқайламадым. Бірақ сол үшін ғана қамап тастады. Қазір қаншама қыз-жігіттер бала-шағаларын көрмей, тергеу изоляторлары, түрмелерде қамауда отыр. Соларды шығармайынша осындай акция жасауды мақсат етіп отырмын, — деді Асхат Жексебаев Азаттық тілшісіне.

Белсенді жалғыз адамдық пикетті күн сайын жалғастыруды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, 4 қазанда таңертең полиция қызметкері келіп, аты-жөнін жазып кеткен.

Жексебаев плакатындағы тізімде астаналық белсенді Серік Жахиннің аты-жөні де көрсетілген. «Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты» деп айыпталып, үш айдан бері Нұр-Сұлтанда тергеу изоляторында отырған белсенді де қазір «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп, аштық акциясын өткізіп жатыр. Адвокаты Аманжол Мұхамедиярдың айтуынша, Жахин аштық акциясын 26 қыркүйекте бастаған.

— Оның жағдайы қалыпты. Күн сайын дәрігерлер барып, қан қысымын өлшеп тұрады, — деді Аманжол Мұхамедияр. Азаттық Жахин отырған тергеу изоляторына хабарласуға тырысқанмен жауап ала алмады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бірқатар белсенділер Жахин мен соның айыбына ұқсас негізде қамалған белсенділер тағдырына алаңдаған. Тамыз айында құқық қорғаушылар Серік Жахинді «саяси тұтқындар» қатарына енгізген.

Құқық қорғаушылар ұсынған “саяси тұтқындардың” жаңа тізімінде “тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты” деп айыпталған Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова, Жазира Демеуова, Болатхан Жүнісов бар. Бұған қоса, тізімге «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайырлы Омар, Жаңаөзенде жұмыссыздық мәселесін көтерген Ержан Елшібаев енген.

9 қыркүйекте Женевада болған Біріккен Ұлттар Ұйымы адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында Қазақстандағы адам құқығының ахуалы айтылды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет "Қазақстанда саяси тұтқын саналатын азаматтарды қамауда ұстау мен оппозицияның бейбіт жиналуын шектеу шынайы және ашық диалогқа кедергі келтіреді" деп мәлімдеді.

Қазақстанда шілде айының соңынан бері бірнеше қалада жергілікті белсенділер «саяси тұтқындарға бостандық берілсін» деген талаппен акция өткізіп жүр. Мұндай шаралар Алматыда, Ақтөбеде, Ақтауда, Шымкентте, Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қарағанды мен Ақмола облысында өткен. Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы немесе азаматтық белсенділігіне бола қудаланған ешкім жоқ деп мәлімдеп келеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36