Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:05

Әлімханұлының «В» допинг-сынамасы тыйым салынған заттың бар екенін растады

Жәнібек Әлімханұлы
Фото: Top Rank

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының «В» допинг-сынамасы тыйым салынған заттың бар екенін растады.

 Осыған байланысты спортшы істің мән-жайы толық анықталғанға дейін барлық жекпе-жектерден уақытша шеттетілді. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.

VADA қорытындысы алынды

Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, АҚШ-та орналасқан VADA зертханасынан алынған қорытынды сараптама 34 беттен тұрады.

"Жақында Америкадағы VADA ұйымынан соңғы сараптама келді. «В» сынамасы оң нәтиже көрсетті. Қазір Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз қолына алды. Себебі ол – федерациямыздың лицензияланған боксшысы, әрі соңғы бокс кеші Астанада біздің санкциямен өткен. Енді басты мәселе – тыйым салынған затты ол әдейі қабылдады ма, әлде ол ағзасына кездейсоқ жолмен түсті ме – соны анықтау, - деді ол.

Титулдар тағдыры халықаралық ұйымдардың қолында

Бокс федерациясы басшысының айтуынша, тыңдаулар аяқталғаннан кейін істің барлық материалдары WBO, IBF және өзге де халықаралық бокс ұйымдарына жіберіледі. Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық белбеулерін сақтау немесе одан айыру мәселесін сол ұйымдар шешеді.

Ал әзірге, іс толық қаралғанға дейін, боксшы жекпе-жектерге қатыспайды.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш титул үшін өтетін жекпе-жек қарсаңында оның А допинг-сынамасынан мельдоний табылғаны белгілі болған.