Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:52

Әлназарова Біртанов дайындап кеткен платформаны қолданбай жүр екен

Әлназарова мен Біртанов
Әлназарова мен Біртанов\ Фото: Жас алаш коллаж

Соңғы онжылдықта үкіметтің аузынан «цифрландыру» деген сөзді көп еститін болдық. Әлеуметтік-қоғамдық өмірдің барлық бағыты қағаздан компьютерге көшуге ұмтылып-ақ жатыр.

Соның ішінде денсаулық сақтау саласы да. Қай кезеңде қандай қажеттілік туындағанына қарай цифрландыру ісі біртіндеп жүріп жатты. Уақыт өте келе оларды жетілдіру, кеңейту, бір-біріне қосу немесе байланыстыру, жаңасын жасау керек болды. Осының бәрі ретсіздікке әкеліп, медицина жүйесін бақылауды әлсіретіп жіберді. Ең қызығы, қазіргі министр өткен басшылардың бұл бағыттағы жұмысы нәтижесіз болған десе, экс-министр Елжан Біртанов дайын платформа құрды тұр деп, ведомствоның жұмысын сынап жүр.

Медициналық кітапша, келесі дәрігерге жолдама, тағы сол секілді құжаттарды қағаз түрінде алып, қол қойғызып, тасып жүретінбіз. Бұл әдістің қолайсыздығы мен тиімсіздігі айтпаса да белгілі. Пациенттер мен дәрігерлерден бөлек, мемлекеттік бақылау, есептеу, жоспарлау жағы да цифрландыруды қажет етті. Бірақ әртүрлі ақпараттық жүйелер мен реестрлер қазіргі сұранысты өтеуге бағытталып, ақырында ұзақмерзімді байланыс ескерілмей қалды. 2013-2014 жылы олардың саны 40-тан асып кетті. Бүгінде аталған көрсеткіш 17-ге дейін қысқарған. Бір қарағанда мәселе реттелгендей көрінеді. Алайда мұның өзі денсаулық сақтау саласының реалды проблематикаларын шешуге қауқарсыз. Министрлікке қарасты 17 мемлекеттік, 20-дан аса жекеменшік ақпараттық жүйе толық интеграцияланбаған. Демек, бір-бірімен байланыссыз жұмыс істейді. Осының әсерінен кезек күту, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің көптігі, ашықтықтың жоқтығы, заңсыздықтардың көбеюі мен нақты статистика жүргізе алмау сынды мәселелер шешілмей отыр. Әрі халық саны, яғни медициналық қызметке жүгінетіндердің саны жылдан-жылға артуда.

Мәселен, қазіргі жүйе арқылы тек мемлекеттік ауруханаларды бақылауға болады. Жекеменшік мекемелердің базасы да, мәліметтері де өзінде. Бірақ ДСМ бәріне бірдей жауапты. Демек, пациенттер туралы тұтас ақпарат бір жүйеде тұруы тиіс. Келесі бір мәселе, азаматтар тіркелген ауруханасын ауыстырған сайын, оның ақпараттары жаңарады. Осыған дейінгі анализдері мен қабылдаған емі, сол секілді жеке деректері ескі мекемеде қалып қояды. Болашақта деректер базасы пациенттің жеке өзіне негізделуі тиіс деген жоспар да бар. Тағы дәрігерлер мен медициналық мекемелер де әр базамен, деректер қорымен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл уақыт жағынан тиімсіз. Осы жайлы медицина қызметкерімен тілдестік.

«Денсаулық сақтау саласында жүргеніме 20 жылдай болды. Бұрын қағазбен жұмыс істейтінбіз. Кейіннен бәрі компьютерге көшті. Қазір өзімді медицина емес, ІТ маманы сезініп кетемін. Көзіміз талады. Себебі барлық құжаттама цифрлы нұсқада жүзеге асырылады. Бұл жаман да емес. Бірнеше базамыз бар. Олардың бәрімен жұмыс істеуге етіміз үйренді. Базалардың ашпай, қатып қалатын кездері сирек. Алайда байланысы мен технологиялық жабдықтары талапқа сай емес өңірлер көп екенін де ұмытпау қажет. Пациенттерді тексеріп, қарайтын уақыттың ішіне құжаттарды рәсімдейтін де уақыт бар. Бұл біз үшін жұмыстың ажырамас бөлігіне айналды», – дейді медбике Гүлмира Зикиряева.

Иә, дәрігерлер үйренген, көндіккен. Дегенмен ресурстарды ұйымдастыру мен бақылауға келгенде бүгінгі жүйе қолайсыз. Бұлай жалғаса берсе, денсаулық сақтау саласындағы проблемалар да қордалана береді. Мұны министр Ақмарал Әлназарова да айтқан. Ол қызметке келе салып ДСМ-ның цифрландыру бағытындағы осыған дейінгі жұмысынан нәтиже болмағанын мәлімдеді. Тіпті соңғы бес жылда медицинаны цифрландыруға 15 млрд теңге жұмсалғанын еске салып, бұрынғы басшыларды кінәлағандай болған. Одан соң, өзінің цифрлық инфрақұрылымды дамытуға күш салатынын, 2024 жылдың аяғына дейін жүріп жатқан барлық жобаны соңына жеткізетінін хабарлаған.

«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жағына үлкен өзгерістер керек. Бірде-бір жүйе толыққанды жұмыс істемейді, деңгейлері сұраныстарға сай емес. Әрі саладағы ашықтық пен есептілікке толық мүмкіндік бере алмай отыр», – деген ведомство басшысы мәжіліс депутаттарымен кездесуде.

Сөйтіп, оптимизация жасаймыз деген шешім қабылданып, ДСМ-ның цифрлық секторға жауап беретін вице-министрі қызметінен босатылған. Жылдың басында «қуылып» кеткен вице-министр Бейбіт Есенбаев 2018 жылы департамент басшысы кезінде-ақ «2021 жылы барлық мәселе шешіледі, ортақ интеграциялық платформа әзірленіп жатыр» деген. Бірақ әлі күнге өзгеріс жоқ. Бұл туралы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов жақында берген сұхбаттарының бірінде айтты.

«2015 жылы медицинадағы барлық ақпаратты, ақпараттық жүйелерді біріктіретін ортақ платформа жасау туралы шешім шыққан. Бірақ ол кезде саланың 10-15 пайызы ғана цифрланған еді. Қалғанының бәрі қағаз жүзінде. Арада біраз уақыт өткен соң, 2020 жылы мемлекеттік серверлерге тіркелген ортақ жүйеміз дайын болды. Алайда оған ешкім жақындамады. Бір жағынан, карантин кезінде шетелдік мамандарды, «разработчиктерді» шақыра алмадық. Уақыт өтіп жатты. Мен қызметтен кеттім. Ал платформа қалған күйі әлі тұр.

Негізі, ортақ платформаға деген қажеттілікті түсіну мен қарапайым шешімдерді қабылдау үшін ДСМ-ға цифрландыру вице-министрі керек емес. Шешім біреу-ақ, ортақ интеграцияланған платформа болуы тиіс. Ол қазіргі жүйелердің бәрін қабылдай алатын, реалды ақпаратты өңдей алатын болса жеткілікті. Ортақ платформасыз да, бірнеше жүйені өзара байланыстырған кезде қандай ұрлықтар мен «системалар» барын көрдік. Ал бәрі біріксе, жемқорлыққа жол қалмайды, мүмкіндік болмайды. Бұл Қазақстанның ғана емес, әлемнің, денсаулық сақтау саласының ғана емес, барлық салалардың қажеттілігі.

Оған қатысты уәделер көп. ДСМ да, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да жақын уақытта бәрін аяқтаймыз деді. Бірақ менеджер ретінде айтарым, іс алға жылжу үшін жоспар қандай, қолда бар қаражаттың көлемі қандай деген екі сұраққа жауап бере алу қажет. Осы тұрғыдан қарасақ, 2024 жыл бітті. Ал 2025 жылдың бюджеттік жоспарынан медицинаны цифрландыруға арналған ақша көрмедім. Парламентте де айтылмады, талқыланбады. Нақты жоспарлар да байқамадым. Демек, медицинаны цифрландыру мемлекеттік бюджетте қаралмаған. Сонда іс қалай жүреді?» – дейді Біртанов.

Экс-министр жаңа интеграциясыз-ақ ортақ платформаның дайын болғанын айтты. Бірақ кейінгі министрлер ол туралы жақ ашқан емес. Мәселен, Алексей Цой сапаны арттыру, кадрлық қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелермен қатар ақпараттық жүйелер мен цифрландыруға мән берілуі қажет деп жүрді. Алайда нақты қадам жасаған жоқ. Бәлкім, пандемияның әуресімен қолы тимеген шығар... Ал Ажар Ғиният тырысқандай болған. 2022 жылы цифрлық даму министрі Бағдат Мусинмен кездесіп, дөңгелек үстелдер өткізіп бақты. Ол «денсаулық сақтау саласында орталық ақпараттық хаб құрудың мақсаты – мемлекеттік денсаулық сақтау қызметтерін көрсетудің сапасын, тиімділігін, қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру. Ол үшін министрліктің, оның ведомстволық ұйымдарының, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру қажет» деген. Айтқанымен, арман болған ортақ платформаны Ғиният та іске қоспай кетті. Жаңа министр болса, сенат депутаты кезінде-ақ медицинаны цифрландыруды стратегиялық мәселе деп таныған. Сөйтіп, министр қызметіне келер-келместен осы салаға жауапты вице-министрді ауыстырды. Жаңа орынбасар Ербол Оспанов жақында ғана Орталық коммуникациялар алаңында жүріп жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

«Тиісті ақпараттардың цифрландырылуы баяу жүргендіктен немесе мүлде жүрмегендіктен бүгінгі проблемалар пайда болды. Осыған дейін жасалған ортақ платформаны Ericsson компаниясы әзірлеген еді. Алайда құқықтық органдардың актілеріне, тәуелсіз сарапшылардың пікіріне, тиісті тексерістердің нәтижесіне қарап, бірқатар ақаулар анықталған. Осы аралықта біраз уақыт өтіп кетті. Технология мен сұраныстар жаңарды. Біз болсақ, «енді не болар екен?» деп күтіп отыра алмаймыз. Басқа жобалар жасалды. Олар қазір де қолданыста. Мәселелер де жоқ емес. Жетерлік. Соған сай жоспарлар құрдық. Ойға алған жұмыстарды 2024-2025 жылдары аяқтаймыз. Әрине, медицинаны цифрландыру бір күндік жұмыс емес. Ол көп ресурс пен уақытты қажет етеді», – дейді ол.

Оның айтуынша, ортақ платформаны жасау қолға алынған. Бұл мақсатта 7 республикалық реестр цифрландырылмақ. Төртеуі бойынша жұмыстар аяқталыпты. Енді осы ақпараттарды біріктіру міндеті тұр. Түсінгеніміз, көп ұзамай арманға айналған интеграциялық портал дайын болады. Барлық мәселе шешіледі. Бірақ бұл сөздерге сенімнен гөрі күмән көп. Себебі 2021-де, 2023-те деген уәделердің талайы болған... Енді 2025-ті күтейік.

Баян Мұратбекқызы