Әлназарова «диабетиктерді» аурумен бетпе-бет қалдыра ма?

Денсаулық сақтау министрлігі енді қант диабеті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қаралмайтынын айтты.
Әрине, ел, ел болғанда осындай диагнозы бар адамдар дүрлігіп жатыр. Ведомствоның хабарлауынша, бұл диагноз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландырылады. Осы жаңалық шыққалы қазақстандықтар наразылық білдіріп, министр Ақмарал Әлназарованың отставкасын талап етіп жатыр.
Ең алдымен қант диабетіне шалдыққандардың саны жылдан-жылға артып келе жатқанын айту керек. Бүгінде елімізде 535 033 адам осы дертпен ауырады. Оның 95 пайызы 2-типтегі диабетпен, қалған 30 577 адам 1-типтегі диабетпен тіркелген. Күрделі, яғни 1-типпен тіркелген балалардың саны – 5 625. Жалпы пациенттердің үштен бірі жастар деген деректер де бар. Ал соңғы онжылдықта елде 2-типтегі қант диабеті диагнозы қойылған адамдар көбейген. Демек, күрес күшеюі керек шақта керісінше қадамдар жасалып жатыр...
31 шілде күні министрлік:
«2025 жылғы 14 шілдеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы заң күшіне енді, оның шеңберінде мемлекет қаражатының есебінен кепілді қамтамасыз етілуге жататын әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесі қайта қаралды. Туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, инсульт, жекелеген сирек және мінез-құлық бұзылысын қоса алғанда, елдің санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына негізгі әсер ететін ауруларға мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталды. Қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қарастырыла береді. Алайда халықаралық практиканы ескере отырып және терапияны кеңейту мақсатында оны қаржыландыру МӘМС пакетіне ауыстырылды», – деп мәлімдеді.
Айтуларынша, бұл шешім пациенттердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне кері әсер етпейді, керісінше, қаржыландыру тұрақтылығын арттырып, емдеудің заманауи әдістерін, диагностика мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін кеңейтеді. «Халықаралық тәжірибе», «терапияны кеңейту» деген сөздерге қарап, қорқуға негіз жоқ шығар деп те ойлайсың. Алайда қант диабеті – күрделі дерт. Күтімі мен шығыны да көп. Қысқаша айтар болсақ, қант диабеті – инсулин гормонының жетіспеушілігі немесе инсулиннің ағзаға әсері бұзылған кезде қандағы қант деңгейі көтерілетін созылмалы ауру. Ол екі түрге бөлінеді. 1-типте ағза инсулин өндірмейді, 2-типте инсулин бар, бірақ ол дұрыс әсер етпейді. Ауру қан тамырлары мен жүйке жүйесіне, көзге, бүйрекке, жүрекке және аяқ-қолдарға залалын тигізуі мүмкін. Соқырлыққа, бүйрек жеткіліксіздігіне, инфарктке, инсультке, аяқ-қолдың ампутациясына әкелуі де ықтимал. Егер уақытында емделмесе, өмірге қауіп төндіреді. Сондықтан да мұндай диагноз қойылған адамдар үнемі дәрілік препараттар қабылдап, бақылауда болуы қажет. Аурудың қаупі мен шығыны ескеріле отырып, азаматтарға мемлекет тарапынан көмек берілетін. Енді азаматтар одан да айырылып қаламыз ба деп, қарсылық танытуда.
«Біздің елімізде ең күлкілі заңдар шығарудан жарыс болып жатыр ма? Үкімет ойына келгенін істей берсе ертеңгі күніміз не болмақ? Бір күні қан диабетіне айыппұл салатын шығар...»; «Қант диабеті онсыз да ауыр. Қиналып жүрген адамдарды одан әрі тығырыққа тіремеңіздер»; «МӘМС-ке сенуге болмайды. Түсініксіз мекеме, жетілмеген жүйе. Не істеп, не қойып жатқандарын өздері де, халық та білмейді. Мемлекет жауапкершіліктен қашып, науқастардың өмірімен ойнамауы керек»; «Екі балам диабетпен ауырады. Сонда біз енді не істемекпіз?»; «Анам қант диабетімен ауырады. Күнде оның қалай қиналатынын білсеңіздер ғой. Енді мемлекет көмек беруден бас тартса, не болмақ?» – деген пікірлер көптеп жазылып жатыр.
Президентке үндеу: аурумен бетпе-бет бір өзіміз қаламыз ба?
1-типтегі қант диабетімен ауыратын Софияның анасы әлеуметтік желіде президентке үндеу жариялады. Бейнероликте:
«Қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алып тастайтыны туралы айтылуда. Осы диагноз бойынша мүгедектік беріліп, арнайы әлеуметтік көмек тағайындалып, мемлекет тарапынан дәрі-дәрмектің бірнеше түрі беріледі. Енді осылардан айырылып қалсақ, баламыз өмір сүре алмайды... Бұл жайлылық емес, денсаулық, өмір сүру мәселесі. Қазақстандықтың әрбірі ай сайын инсулин, тест-таяқшалар, тағы сол секілді сансыз құралдарды өз қалтасынан сатып ала алады деуге келмес. Біз онсыз да күндіз-түні стрестеміз. Уайым. Енді осы аурумен бетпе-бет бір өзіміз қаламыз ба? Мемлекет неге ондай жауапкершіліктен бас тартып отыр?» – делінген.
Біз осы диагнозбен ауыратын пациенттердің бірімен тілдестік.
«Осы аурумен өмір сүріп жатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Кейбір дәрі-дәрмектерді, қызметтің көп түрін тегін алып жүргенде де қалтаңнан шығын шықпай тұрмайды. Аурудың жақсысы жоқ. Ал дәріханаға бара қалсаң, сөздің ашығы керек, бағаларына қарап қиналып қаласың. Кейде ақылы тексерістерге жүгінуге тура келеді.
Мысалы, «тест-полоска», инсулин, аппаратқа алатын препараттар онсыз да өте қымбат тұрады. Бір айға керектіні алғанның өзінде оңай емес. Естуімше, дәріханаларда инсулин табылмай жатыр. Осы жаңалық шыққалы ел дүрлігіп кеткен сияқты.
Ал МӘМС деген елге еш пайдасы жоқ нәрсе ғой. Бірде қызым ауырып қалды. Ауруханаға хабарласса алдағы бір аптаға «запись полный» депті. Арғы аптаға жазылмақ болса, ол кезгі «запись» ашылмады деп қатырған. Сонда ауырып тұрған адам бүгін-ертең қарала алмаса, ол әбден асқынып, дендегенше 1-2 апта күтетін болса, МӘМС кімге керек? Сол сияқты терапевттен соң невропатологқа жолдама алған танысым кезегін бір жарым айға жуық күтті. Мұндай темппен диагнозыңды анықтаудың өзіне бір жыл кетеді ғой. Ал ауру сенің МӘМС-тегі кезегіңе қарай ма? Сонымен қоймай, қант диабетін де осы жүйеге қаратса, күніміз қандай боларын ойлауға да қорқамын», – дейді Айнұр Нұркелді.
Құлағалы тұрған МӘМС-ке кім сенеді?
Біз бұл жайлы ДСМ-нің баспасөз қызметінен сұрадық. Олар, әрине, өз шешімдеріне шаң жуытпайды.
«Қант диабетін ТМККК-дан МӘМС-ке ауыстыру дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, диагностика және емдеу бойынша міндеттемелерді қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қант диабеті – ең жиі кездесетін аурулардың бірі. Бүгінде Қазақстанда шамамен 550 мың адамда қант диабетінің қандай да бір түрі бар. Олардың басым бөлігі – 2-типтегі диабетке шалдыққандар. Қазіргі уақытта олардың әрқайсысы антидиабеттік препараттармен, қажет болған жағдайда медициналық бұйымдармен, соның ішінде инсулиндік помпалармен қамтамасыз етіледі. Науқастарды заманауи дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейту үшін осы ауруды МӘМС пакетіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. МӘМС пакеті аясында қант диабетімен ауыратын балалар, мүгедектер және зейнеткерлер мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл жеңілдік санатындағы азаматтар.
Қалған еңбекке қабілетті азаматтар, егер оларда мүгедектік немесе күрделі асқынулар болмаса, барлық азаматтар сияқты 50 мың теңге көлемінде жылдық жарна төлеп, сақтандырылып, қант диабеті бойынша барлық медициналық көмекті және дәрі-дәрмекті шектеусіз ала алады», – деп жауап берді ДСМ баспасөз қызметі.
Министрлік мәліметінше, қант диабетімен ауыратын бір науқасқа жұмсалатын шығын аурудың ауырлығына, асқынулардың болуына және қолданылатын емдеу әдістеріне байланысты. Қазіргі таңда тіркелгендердің 81 пайызы – жылына 618 теңгеден 184 978 теңгеге дейін, 16,7 пайызы – 184 979-дан 600 000 теңгеге дейін, 2,3 пайызы – 601 000-нан 6,5 миллион теңгеге дейінгі шығынды қажет етеді. Кейінгі 3 жыл аралықта Қазақстан қант диабетіне шалдыққандарды емдеу үшін 157 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Бұл қаржыға негізінен дәрі-дәрмек сатып алынады. Ал енді оны МӘМС-ке беру онсыз да қоғам, парламент, тіпті президент тарапынан сыналып жатқан жүйеге қалай әсер ететіні белгісіз.
Баян Мұратбекқызы