Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 29 Ақпан 2024

Әлназарова Қазақстанға қызыл көйлек тігіп бере ме?

қызылша
Фото: из открытых источников

2023 жылы Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыптасты. Бұл туралы біз газеттің өткен сандарында айттық (№90, 9 қараша 2023 жыл).

 Содан бері ауру өршіген үсті өршіп, инфекция жұқтырғандар саны артып келеді.

Тіпті Астанада және Шығыс Қазақстан облысында қайғылы жағдай тіркелген. Ілгеріде Ақтөбе, Атырау облыстарында өсім байқалса, қазір Қарағанды облысындағы жағдай күрделі. UNICEF-тің мәліметінше, Қазақстан қызылшамен ауру деңгейі бойынша әлемде бірінші орында – 100 мың адамға шаққанда 69 жағдай. Бұл екінші орында тұрған Қырғызстаннан 3,5 есеге көп.

Соған қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі жағдай тұрақталып келеді деген хабар таратып жатыр. «Қаңтарда өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылық 8 пайызға төмендеді», дейді олар. Алайда өткен бір жылда 30 мың адам ауырса, биылғы қаңтар, ақпанның өзінде 15 мың жағдай тіркелген. Қазір елдің 13 өңірінде жұқтыру деңгейі төмендеп келеді, 6 өңірде жағдай тұрақты, бір облыста ушығып тұр.

Сарсаңға салған коронавирус пен әлемді жайлаған пандемиядан соң қызылшаның көбеюі қоғамды дүрліктіре қоймаған. Бірақ соңғы жағдайлар мен статистикалар мәселеге назар аудартып отыр. Әсіресе қызылшаның жоғары контагиозді, яғни тез жұғатын инфекция екенін естен шығармаған жөн. Ауру адаммен тікелей байланыс болмаған күннің өзінде жұғу ықтималдылығы өте жоғары. Тіпті бір бөлмеде немесе дәлізде жүрудің өзі жеткілікті. Ал асқынған жағдайда қызылша бронхит, пневмония, энцефалит, отитке, саңыраулық пен психикалық ауытқуларға, ми қабығының қабынуы мен салдыққа, өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Бірақ қызылша вакцинамен басқарылатын инфекция болғандықтан, мұндай ауыр салдарлар көп көрініс бермейді. Сондықтан болар, халық санасында қызылша аса қауіпті ауру емес деген түсінік қалыптаса бастаған. Сәйкесінше, вакцинадан бас тартатындар көбеюде. Одан бөлек, локдаун кезінде оқшаулануға мәжбүр болған халық екпелерді тиісті уақытында алмады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, COVID-19 әсерінен әлем елдерінде эпидбақылау мен иммунизацияның қалыпты жұмысы әлсіреп, өз кезегінде қызылша секілді алдын алуға болатын аурулардың көбеюіне әкеліп соққан. Расында, 2020-2022 жылдары әлемде қызылшаға қарсы вакцинаның 61 млн дозасы салынбай қалған немесе кейінге шегерілген. Бұл соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Ал Қазақстандағы қызылшаның күрт артуын экс-министр Ажар Ғиният туристерден көрген еді.

Дендеп бара жатқан дертті ауыздықтау үшін елде қосымша жаппай иммундау басталып, қазір 1,3 млн бала вакцина алып үлгерді. Оның ішінде 6-10 ай арасында – 146 мың, 2-4 жас арасында – 868 мың бала егілген. Одан бөлек, тәуекел тобына жататын 70 мың медицина қызметкері мен вирус ошағында болған 30 жасқа дейінгі 42 мың адам вакциналанған. Бұл туралы ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Жасұлан Тұрғанбекұлының пікірін ұсынайық.

Вакцина ауруға, аутизмге шалдықтырады деген – бос қауесет

«Вирустар – жер бетінде адамзаттан бұрын пайда болған тіршілік иелері. Ғылым мен медицина сол инфекциялардың бір тобын вакцинамен басқаруға жол ашты. Бұл адамзаттың үлкен жеңісі. Ал оны алудан бас тартып, мұндай маңызды нәрсеге селқос қарайтын азаматтар көбейген сайын қоғамда иммундық емес қабат пайда болады. Осылайша, аурудың таралуына мүмкіндік туады.

Қызылшаға келер болсақ, ол алғашқы 4 күнде ЖРВИ секілді белгілер береді, қызу көтеріледі. Келесі 4 күнде ауыз қуысында, тілде ақ дақтар, құлақта, мойында, кеудеде қызыл бөртпелер пайда болады. Тура осы уақытта инфекцияның жұғу потенциалы шарықтау шегіне жетеді. Ал мұндай қауіптен қорғайтын жалғыз әдіс – вакцинация. Біз елімізде он жылдан бері үш валентті вакцинаны қолданамыз. Яғни бала бірден қызылша, қызамық, паротитке қарсы егіледі. Үндістанда өндірілетін аталмыш препарат ДДСҰ-мен мақұлданған, тиісті сертификаттары бар, Қазақстанда ғана емес, әлемнің 170 елінде қолданылуда. Ол бір және алты жаста салынады. Осы екі дозаны алған адамда 95-99 пайызға дейін 60 жылдық, яғни өмір бойына иммунитет қалыптасады. Ал егілмегендер көбейген сайын иммундық емес қабат қалыңдайды да, қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп арта түседі.

Өкінішке қарай, ковид кезіндегі оқшаулануға дейін де вакцинадан бас тартқандар және әлі де бас тартушылар көп. Бұл орайда қауесеттердің кертартпалығы бар екені белгілі. Мәселен, вакцинадан кейін қызудың көтеріліп, кейбір ауырсынулардың болуы заңды нәрсе. Ол препараттың инструкциясында көрсетілетін, күтілетін симптомдар. Ал вакциналар басқа бір ауруларға шалдықтырады, аутизмге әкеледі дегеннің бәрі – қауесет. Вакцина аларда тек кейінге шегеру немесе медициналық қарсы көрсетілімдер деген болады. Бұл орайда ата-ана мен дәрігер-педиатрларға мұқияттылық керек.

Қазір 45 мың жағдай тіркелсе, соның 35 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде басым бөлігі егу жасына жетпегендер. Ақырында былтырғы қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау науқанын бастадық. Өйткені қызылшаға иммунитеті жоқтардың қатары артқан. Десек те, бұл жұғу процесін бірден сап тыяды дей алмаймыз. Себебі толық иммунитет 2-3 айда бірақ қалыптасады».

Маманның айтуынша, екпе салдырғандардың ауру жұқтыруы өте сирек кездеседі. Миллионның бірі жұқтырса, оның өзінде жеңіл өтеді екен. Ал иммунолог, гигиена мен эпидемиология ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Борис Каралник жаппай иммундау жүргізу барысында әр адамның жеке ерекшеліктері ескерілуі тиіс, баланың бұған дейін алған екпелерінен бастап, қай уақытта қандай дертпен ауырғанына дейін ағзаның барлық ерекшелігі мұқият қаралып, содан соң ғана екпе жасалғаны дұрыс дейді. Профессордың сөзінше, вакцинация ережесіне түзетулер енгізіліп, қайта қарастырылуы керек. Сонда ғана азаматтарда вакцина салдырсам, басқа аурулар пайда болуы, зияны тиюі мүмкін деген күдік сейілмек. Мұндай жеке көзқарастардан (личные убеждения) бөлек, діни пайымдар да вакцинадан бас тартуға себеп болып жатады. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда 28 000 адам профилактикалық егуден бас тартқан. Оның 59 пайызы жеке көзқарастарына, 23 пайызы діни танымына байланысты. Шынында, вакцинация медициналық практикаға енгізілгелі оның «діндегі хейтерлері» бар. Алайда бүгінде әлемдегі негізгі діндер вакцинацияға тыйым салмайды, тек белгілі бір компоненттердің қолданыста болмауын ескертіп жатады. Бұл туралы дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлымен тілдестік.

Ислам медициналық жаңалықтарды теріске шығармайды

«Мұсылмандардың басты дереккөзі Құран бойынша адам өмірі мен денсаулығы басты құндылықтардың бірі. Мысалы, бұл дінде қан ішу, өлексенің немесе шошқаның етін жеуге тыйым салынғанымен, өмір мен өлім мәселесі таразыға салынған жағдайда, мәжбүрліктен жесең, ол күнә болып есептелмейді. Бұл қағиданы медициналық препараттарға, дәрі-дәрмектер мен вакцинаға да қатыстыруға болады.

Мәсіхшілік (христиан) дініне келер болсақ, оның конфессиялары көп. Соның бәрін қоса алғанда вакцинаға тыйым жоқ деп жалпылауға болады. Інжілде «Өзіңді сүйгендей жақыныңды сүй» деген өсиет бар, мұны ұжымдық иммунитетке балап қарастыру қате болмайды. Оның үстіне мәсіхшілдерде (оның басым ағымдарында) мұсылмандар мен яһудилер секілді тұтынуға қатаң тыйым тағамдардың тізімі тіпті жоқ десе де болады. Алайда яһудилер вакцинаның құрамына маңызды деп қарамайды. Себебі Тәураттағы тұтынуға қатысты тыйымдар тек тағамдарға қатысты айтылған деген көзқарасты ұстанады. Әрі Тәураттағы басты құндылықтардың бірі – денсаулық. Буддизм және индуизм сияқты әлемдік діндер де вакцинаға қарсылық білдірмейді. Қазіргі таңда екпеге діни сылтаумен тыйым салатындар – өзінің діни қағидаттары мен дереккөздерін бұрыс түсінген немесе әдейі бұрмалайтын, фанатик адамдар деп топшылауға да болады».

Демек, дін де медицинаға қайшы келмейді. Бұл орайда ғылым мен медицина дамыған заманның өзінде вакцинадан бас тартатындардың көптігі таңғалдырады. Осы және өзге де себептерден қызылша тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең етек жаюда. Былтыр әлемнің 37 елінде қызылша асқынып, 9 млн бала ауырған, оның 136 мыңы көз жұмған. Әсіресе Еуропа мен Орталық Азияда қызылшаның таралуы 30 есеге өскен. Соның әсерінен қазір Африка, Оңтүстік-шығыс Азия, Латын Америкасы мен Үндістан қауіп зонасында.

Қызылшамен ауырып жатқан баласына қазақ ырымдап қызыл көйлек кигізіпті. Және есігіне қызыл шүберек байлапты. Әлем бойынша бірінші орынға шыққан Қазақстанның бас дәрігері Ақмарал Әлназарова қызыл көйлек тігіп бере ме, қайтеді?

Баян Мұратбекқызы