Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:10, 04 Маусым 2025

Әлназарова тест сатып жүр

Ақмарал Әлназарова
Ақмарал Әлназарова. Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

Қазақстандық дәрігерлер біліктілік тестінен өтуге міндетті. Яғни ақ халаттылар белгілі бір интервалмен өз позициясына сәйкес тексеруден өтіп тұрады.

 Бұл педагогтардың біліктілік санатын көтеру үшін тапсыратын тестілеуіне ұқсайды. Мақсаты – денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыру. Ең қызығы, тестілеуге қатысу ақылы, оны еліміздегі 270 мыңнан астам медицина қызметкері өз қалтасынан төлейді.

Әрине, кадр сапасын бақылау қажет. Осы орайда кеңінен қолданылатын әдіс – тестілеу. Бұл арқылы дәрігерлердің біліктілік деңгейін анықтап, жетілдіруге болады. Логика қарапайым да түсінікті. Десек те, реализациясы шым-шытырық. Тіпті біліктілік тесті дәрігерлердің өзі үшін де жұмбағы көп тақырыпқа айналғандай. Ақпараттандыру деңгейі төмен, тестілеуді ұйымдастыру шикі, құжаттамалық ретсіздіктер көп, жаңа біліктілік санатын, яғни категория алған мамандарға үстемеақы беру жағы да түсініксіз. Мұның бәрі онсыз да әлеуметтік пакеті жоқ, жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған, жүктемесі көп дәрігерлер үшін қосымша салмақ. Әрі денсаулық сақтау жүйесі де кадр сапасы мен оларға төленуі тиіс бюджетті игеруде бұлыңғыр позицияда секілді. Соның бәріне қарамастан, дәрігерлер тесттен өту үшін өз қалтасынан төлем жасауға міндетті.

Ұлттық тестілеу және емтихан орталығының ресми ресурсында арнайы «прайс-лист» те бар екен. Мәселен, мамандығы бойынша үш жылдан артық үзілісте болған мамандар, шетелдік мамандар мен шетелде білім алып келген дәрігерлер білім деңгейін бағалау блогы бойынша – 5 400 тг, дағдыларды бағалау блогы бойынша – 6 200 тг төлейді. Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлар бірінші кезеңге дәл солай – 5 400 тг, екінші кезеңге – 17 200 тг, орта техникалық немесе кәсіби білімі барлар екінші кезеңге – 14 200 тг, денсаулық сақтау саласындағы менеджерлер жалпы сомасы – 18 400 тг. Сол секілді біліктілік деңгейін, яғни категория беру үшін тестілеуге қатысу – 17 000–23 800 тг арасында, бұрын берілген біліктілік санатына баламалы біліктілік деңгейін беру тесті – 14 000, кәсіби құзыреттіліктерді бағалау тесті – 17 000 теңге.

Бірінші рет тиісті көрсеткішке жетпей қалса, қайталап тапсыру да ақылы болып келген еді. Шағымдар мен пікірталас көбейген соң ғана ДСМ аталған емтихандардың «экономикалық қолжетімділігін» талдап, тестілеуден өтпеген жағдайда екінші рет тест тапсыру мүмкіндігі тегін берілетінін хабарлады. Оған қоса, 2025 жылдың басынан мейірбикелердің тестілеу төлемі 25 пайызға азайтылатыны айтылды. Оны тұтастай ақысыз негізге ауыстыруға не кедергі болып отырғанын кім білсін, әйтеуір, министр Ақмарал Әлназаровадан мәжіліс кулуарында осы мәселе туралы сұрағанымызда «қарастырылып жатыр» деумен шектелді.

Қарастырылып жатқанын білген соң, мән-жайын анықтамақ болып ДСМ-ға ресми сауал жолдадық. Министрліктегі Ғылым және адам ресурстары департаменті өкілдері тестілеудің жаттанды мақсаттарын айта келіп:

«Әдетте 5 жылда бір рет тапсырылады. Кейбір жағдайларда, мысалы, категория ауыстыру, қайта сертификаттау кезінде бұл жиілік өзгеруі мүмкін. Тестілеуге жоғары медициналық білімі бар дәрігерлер мен орта медициналық білімі бар мамандар қатыса алады. Тестілеуді ұйымдастыру және өткізу Ұлттық тестілеу және емтихан орталығы арқылы жүргізіледі. Емтихан орталығы берген мәліметтерге сәйкес, тестілеу толықтай тегін емес. Қазіргі таңда ДСМ-ның хаттамалық тапсырмасына сәйкес тестілеу мен емтихан ана мен бала саласындағы мамандарға тегін», – деп жауап берді.

Алайда біздің «Тестілеуді ақысыз негізде өткізу тақырыбы күн тәртібінде бар ма? Дәрігерлер біліктілік тестін қашаннан бастап тегін тапсыра алады» деген сұрағымызға біржақты жауап жоқ. Нақтылау үшін жауапты әзірлеген министрлік сарапшысы Альтимир Кимға да, құжатқа қол қойған Ғылым және адам ресурстары департаменті басшысының орынбасары Аян Мысаевқа да хабарластық. Жауап алу мүмкін болмады.

Бұрын тегін болатын...

Ал медицина мамандары не дейді? «Жас Алашқа» сұхбат берген нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев:

«Дәрігерлер 10–14 жылын білім алуға жұмсап, еңбек өтілін жинап, жұмысқа кіріскен күнде де орта есеппен 200–250 мың теңге айлық алады. Ешқандай әлеуметтік пакет те жоқ. Жұрт қатарлы МӘМС-ке жарна, тиісті салықтарды төлейді. Тіпті жалпы квалификациялық деңгейді тексеруден де ақылы түрде өтеді. Соның бәріне 250 мың теңгеңнен, отбасыңнан жырып жеткізесің. Иә, кейбір тәжірибелі дәрігерлер 2–3 ставка алып та жұмыс істейді. Үй-жай көрмей, демалмай жүргеннің өзінде ары кетсе 550–600 мың теңге жалақы алады. Салыстырар болсақ, таксистер мен сұлулық салонының мамандары еш білімсіз де осыдан көп табады. Ал дәрігерлердің жалақысы мемлекеттік тарифтеуге тәуелді», – деп пікір білдірген.

Бұл айтылғандарға АҚШ-та медицина саласында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қазақ дәрігері Садыр Шорманов та қосылды.

«Дәрігерлер өзінің категориясын дәлелдеу үшін әр бес жыл сайын тест тапсырады. Құны шамамен 21 мың теңгедей. Өкінішке қарай, оны маман өз қалтасынан төлейді. Қателеспесем, дәрігерлерді қойып, резиденттердің өзі мемлекеттік емтиханнан ақылы түрде өтеді. Оның «пробный тестінің» өзі 3 800 теңге тұрады. Бес жылда бір рет болған соң дәрігерлер үндемей барып тапсыра салады. Амал жоқ. Бірақ тестілеу бұрындары тегін болатын. Оны неге ақылы еткені қызық.

АҚШ-та да дәрігерлер тестілеуден өтеді. 3, 5, 10 жылдық интервалмен. Ол мамандыққа байланысты. Мұнда да әр дәрігер өзі төлейді. Десек те, Қазақстандағы дәрігерлердің жалақысы мен мұндағы дәрігерлердің табысын салыстыру қиын. Әрі әдетте госпитальдар дәрігерлері үшін бұл шығындарды жауып отырады», – дейді маман.

Ал аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған денсаулық сақтау саласының маманы дәрігерлердің біліктілігін олардың өз есебінен тексеру әділетсіз деп есептейді:

«Мен дәрігер емеспін. Бірақ денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру бойынша қызмет істеймін. Осы сфераны ішінен көріп жүрген адам ретінде айтқым келетіні, дәрігерлердің біліктілігін тексеруді олардың жеке есебінен өткізу әділетсіз. Он жыл білім алғанда алатын жалақылары тым аз. Талаптар жоғары, бірақ соған сай жағдай жасалған деуге де келмейді. Жүктеме көп, құжаттама мен цифрлық процестер қолды байлайды. Пациенттер де бәріне жүйені емес, алдындағы дәрігерді кінәлайды. Нон-стоп режимде үлкен негативке төтеп беру де оңай емес.

Әрине, әркім өзі үшін жұмыс істейді. Десек те, жалпы картина мен қалыптасқан жағдайды ескеру де керек. Тым құрыса дәрігерлерді тексеру тегін жүзеге асырылса болар еді. Мұндағы мәселе дәрігердің жалақысы мен оның қалтасынан шығатын шығында ғана емес, денсаулық сақтау саласының өз мамандарында деген құрметсіздігінде».

Aqniet қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының басшысы Бақытжан Тәжібай болса:

«Бұл мәселе өте маңызды екені сөзсіз. Бұның алдында мейірбикелердің төлемін азайту туралы бұйрық қабылданар кезде де өз ұсыныстарымызды беріп, талқылауларға белсенді қатысамыз. Бірақ бір нәрсені ескеру қажет, Ұлттық тестілеу және емтихан министрлікке бағынбайды. Одан соң, салалық келісімде де көрсетілген, тестілеу құнын жұмыс беруші өтеуі керек. Дәрігер емес. Мекеме өз мамандарын бес жылда бір рет оқытып, тиісті сағаттарды атқарады. Одан соң тестілеуді өтеп береді. Десек те, түсініспеушіліктер әлі де бар. Бұл орайда дәрігерлер өз құқығын біліп, кәсіподақпен бірге жұмыс берушіге талап қоя алуы тиіс», – дейді.

Баян Мұратбекқызы