Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Әлназарованың арзан дәрісі кімге дәру?

Ақмарал Әлназарова
Ақмарал Әлназарова. Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова былтырдан бері «отандық дәрі-дәрмек өндіру үлесін 50 пайызға жеткіземіз, 2029 жылы осы межені тұтас бағындырамыз» дегенді айтып жүр.

 Ол – фармацевтика саласы ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін, сол үшін әріптес елдермен тығыз байланыс орнатып жатқандарын, бұл саланы дамытуға, дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға және бағасын қымбаттатпаймыз деген. Алайда биылғы жыл басталысымен бұл уәделердің ізін де таппай қалдық.

Жыл басынан бері отандық дәрі-дәрмек нарығында «коллапс» басталып кетті. Алдымен көрші РесейЕуразиялық Экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында жаңа ережелер енгізетінін, Қазақстан енді дәрі-дәрмектерді тіркеу куәлігін тегіс ЕАЭО талаптарына сәйкестендіруге тиіс екенін айтып бір шықты. Қазақстандық тарап ЕАЭО-ның комиссиясына жалынып жүріп дәрілік препараттардың тіркеу мерзімін 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартып алды. Бұл бірінші жағдай емес, соңғы 10 жылдан бері Қазақстан үкіметі ЕАЭО ережесіне сай дәрілерді тіркеу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыруды сұраумен келеді.

Дәрілерді одақ ережесіне сай тіркеудің жыры уақытша шешілгеннен (!) кейін сәл де болса еркін тыныстай бастағанбыз. Алайда бұл көңіл күйді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұзды. Бұл «салық салғыш» министр – келер жылдан бастап кейбір дәрі-дәрмектерге және ақылы медициналық қызметтерге 10 пайыздық қосымша құн салығы (ҚҚС) салынатынын мәлімдеді. Сол-ақ екен, қарапайым көпшіліктің басым бөлігі тағы алаңдай бастады. Бұл ретте «Жас Алашқа» хабарласып, мұң-мұқтажын айтатындар да болды. Күнделікті дәрі қабылдап отырмаса денсаулығы нашарлай беретін, өмірлері дәріге ғана тәуелді жандардың уайымын біз «Жас Алашта» жаздық та.

Дәрі-дәрмектің кешігуі

Енді өткен аптада сенаторлар да елде дәрі-дәрмек тапшылығы туындап жатқанын, бұлай жалғаса берсе қажетті дәрісін дер кезінде ала алмаған сырқаттар өле бастауы мүмкін екенін айтып дабыл қақты. Себебі былтырғымен салыстырғанда биыл елді дәрі-дәрмекпен қамтуға аз қаражат бөлінген. Былтыр «СҚ-Фармация» 1 200 аурухананы және 700 емхананы дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету үшін 479,9 миллиард теңге жұмсапты. Ал биыл бұл мақсатқа үкімет небәрі 263 миллиард теңге бөліп отыр. Оның ішінде 227 миллиард теңгесі бюджеттен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) аясында бөлінді. Бар-жоғы 36,4 млрд теңгесі медсақтандыру (МӘМС) жүйесінен берілген. Яғни МӘМС арқылы емделетіндерге биыл көп қайыр болмайды деген сөз.

Салаға аз қаражат бөлінгеніне қынжылған фармацевтика нарығын зерттеп жүрген сарапшылар енді ауруханаға жатқызылған науқастар тоқсаныншы жылдардағыдай шприцтен бастап, дәрі-дәрмекке дейін өзімен бірге ала баруы мүмкін деседі.

Сенат депутаты Айнұр Арғынбекованың сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау министрлігінің қабылдап жатқан шараларына қарамастан медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмек уақытылы жетпейді. Мұндай жайттар жылдың басында, сосын жылдың соңында туындайды. «Қаражат аз бөлінген соң мемлекет енді халықты қажетті медикаменттермен жете қамти алмайтын жағдайға жетті», – дейді ол.

Сенатордың пайымдауынша, жергілікті жерлердегі ауруханалар мен емханалар өздеріне қажетті дәрі-дәрмектердің көлемін дұрыс айқындай алады. Алайда «СҚ-Фармацияның» дәрілерді сатып алу рәсімдерін қашан және қалай жүргізетіні, ақыр соңында не бере алатыны туралы жедел ақпараты қолында жоқ. Сондықтан да жергілікті ауруханалар жоспар құруда қиналады.

«Ауруханалар «СҚ-Фармация» мына дәріні биыл сатып ала ма екен, әлде жоқ па? Алса, қанша көлемде бере алады? Бізге ол дәрі қашан жетеді» деген сияқты жауабы жоқ қаптаған сұрақтардың күрмеуінде қалады. Мысалы, биыл жұртшылық инсулиннің, тырысуға қарсы және ісікке қарсы препараттардың жоқтығына шағымданып жатыр. Дәл осы дәрі-дәрмекті қабылдаудың уақытын өткізуге, бір күн кешіктіруге болмайды. Мұндайда науқас өліп кетуі де мүмкін», – дейді сенатор.

Мемлекеттен берілетін тегін дәрінің неліктен науқастарға уақытында жетпей қалатынын, жыл сайын қарапайым халық неге осы мәселемен бетпе-бет келетінін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерінен біз де сұрадық. Министрліктің берген түсіндірмесіне сүйенсек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қиындықтар туындауының бірнеше себебі болуы мүмкін. Оның басты себебі – тапсырыстың кешіктірілуі немесе дистрибьюторлардың кешігуі. Сөйте тұра қазір СҚ «Фармация» ұжымы конкурстық процедураларды мүмкіндігінше ертерек өткізу үшін шаралар қабылдаған дейді. Сондай-ақ министрлік тарапынан дәрі-дәрмек бағасын төмендету шаралары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар бойынша дәрі бағасын 19 пайызға дейін және дәріхана желісінде 30 пайызға дейін төмендету жоспарда бар. Бұған қоса министрлік нарыққа жаңа препараттардың шығуын да қарастырып жатқан көрінеді.

Арзанның жілігі татымайды

Ал сала мамандары бұл салада тағы бір өзекті мәселе бар деп жүр. Үкімет халықты тегін дәрімен қамтуда тізімге халық қалап отырған заманауи, сапасы жоғары дәрілерді енгізіп отырған жоқ. Керісінше, арзан дәрілерді тегін беруге әбден машықтанып алған, тіпті кейбір қажетті дәрілер тізімнен сызылып кеткен. Медицина ғылымының кандидаты Қайырғали Көнеевтің сөзінше, биыл денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға тегін немесе жеңілдетілген медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемінің тізбесіне өзгеріс енгізді. Өзгерісті енгізу барысында халықаралық тәжірибе мен медициналық ұсыныстарды негізге ала отырып, 32 нозология мен 52 дәрі тізімнен алынып тасталған.

«Карбамазепин дәрісі балалар мен ересектер арасында қолданыстан шығарылды. Бұған дейін эпилепсиямен ауыратындардың жартысынан көбі осы дәріні қабылдайтын. Олар сондай-ақ кең спектрлі антибиотиктерді алып тастады. Тегін берілетін дәрілердің тізімінде қымбат заманауи дәрілердің болмайтыны рас. Жалпы, Қазақстан дәрі-дәрмек шығару ісін мықтап қолға алған мемлекет емес. Бізде Германия, АҚШ, Жапониядағыдай потенциал жоқ. Бізде дәрі-дәрмек шығарушылар кейде Ресейде шығарылған өнімді «отандық» деп сатып жүр. Ресейдің өзі көп өнімдерін Кипрден алып отыр. Қазақстан дәрі-дәрмек бойынша ішкі сұраныстың 20 пайызын өтеп жүрсе сол да жетістік. Шындығында қазір оған да жетпейміз. Соған қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі «дәрі-дәрмек шығарудағы отандық үлесті 50 пайызға жеткіземіз» деп уәде береді. Бұған сену қиын. Бұған қоса министрлік «фармацевтика нарығында бағаны төмендетеміз» дейді. Былтыр Түркия халыққа қолайлы болу үшін дәрі-дәрмек бағасын қолдан арзандатып отыруға тырысты. Нәтижесінде әлемдік нарықтағы кейбір алпауыт фармкомпаниялар Түркияға өнімдерін жеткізуге келіспеген кезеңдер болды. Бұдан науқастар қажетті дәріге қол жеткізе алмай қиналды. Сондықтан дәрі бағасын қолдан реттеуді тиімді жол деп айта алмаймын», – дейді ол.

Ал «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы Сандуғаш Слямханқызы болса, тегін дәрілерден бөлек, жалпы тегін медицинаның сапасы төмен екенін, министрлік осы мәселеге де назар аударуы керегін айтады.

«Менің немерем ІІ топтағы мүгедек. Кепілдендірілген медициналық көмек аясында оларға тіс емдету тегін. Жуырда ғана сол немеремді алып 5 тісін жөндеттік, «пломба» салдырдық. Бір аптадан кейін-ақ әлгі «пломбалар» кертіліп, түсе бастады. Жылда жөндетеміз, алты айға жетпей түсіп қалады. Сосын жаз шыға қайтадан жөндетеміз. Содан биыл бір тісін болсын ақылы жөндетейік дедік. Ақылы стоматологқа барсақ, тегін емдейтін емхана немереме өте арзан «пломба» салып беріпті. «Өзі жарымжан адам. Соны дұрыстап емдеуге болмады ма» деп мен тегін емдеген емханаға барып шағымдандым. Сөйтсем, «бізге берілетін өнімдер түрі осы» деген жауап алдым. Сонда тегін медициналық көмекке ақшасы аз, мардымсыз жәрдемақыға телмірген әлеуметтік көмекке зәру адамдар жүгінетінін үкімет біледі. Былайша айтқанда, жағдайың жоқ па, сапасыз медициналық қызмет бұйырып тұр ғой. Сол министрдің өзі сондай арзан өніммен тісін жөндетпейді ғой. Дәрілердің бағасы удай. Қан қысымы жоғары адамдарға да арзан дәрілер ғана тегін беріледі. Бағасы қымбат дәрілерді өзіміз сатып аламыз. Әлгі арзан дәрілер мен екпелер тіпті ауруымызды басып, әсер де етпейді. Үкімет ол арзан дәрілерге ақша құртқанша неге сапалы дәрілерді алмайды?! Мысалы, бізде тырысқақ ауруын басатын «Кепра» деген дәрі бар. Бағасы 39 мың теңгедей тұрады. Немерем мүмкіндігі шектеулі болса да ол дәріні тегін ала алмайды. Өйткені ол тегін берілетін дәрілердің тізімінде жоқ. Оның орнына бағасы 2 000 теңге тұратын Депакинді тегін береді. Ол тырысқақ ұстағанда әсер де етпейді. Сондықтан 39 мың теңге тұратын «Кепраны» ай сайын өзіміз сатып алып отырмыз», – дейді кейіпкеріміз.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ