Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Әлназарованың дәруі жоқ дәрілері көп сатылады

Ақмарал Әлназарова
Ақмарал Әлназарова. Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

Былтырдан бері Қазақстандағы барлық дәрілік заттар міндетті цифрлық таңбалауға көшкен.

 Денсаулық сақтау министрлігі дәрілерді таңбалау арқылы әр дәрілік қаптаманың өндірістен сатуға дейінгі кезеңін нақты бақылауға болатынын және қазақстандықтардың қашан, қандай препараттарды сатып алатыны туралы деректерді талдауға мүмкіндік берілетінін мәлімдеген. Айтқандай-ақ, жуырда министрлік халықтың ең көп сатып алатын дәрілерінің тізімін жариялады.

Бұл дерек қайсыбір сарапшыларды ойлантты, енді бірі біздегі фармацевтика компаниялары мен Қазақстандағы дәрілік заттардың бірыңғай жеткізушісі «СҚ-Фармацияның» және денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазір Қазақстанда ең көп сатылатын препарат парацетомол екен. Бұл дәріден жылына 3 миллионға жуық пакет сатылады. Әрі қарай сату саны бойынша натрий хлориді, этил спирті, ацетилсалицил қышқылы және цитрамон П дәрілері сұранысқа ие. Дәрілерді таңбалау жұмысына келсек, бір жылдың ішінде барлығы 417 млн дәрілік заттың қаптамасы таңбаланған, бұл нарықтың 60 пайыздан астамын құрайды. Олардың ішінде 252 млн – импорттық препараттар, 165 млн қаптама Қазақстанда өндірілген.

Міне, осы деректерді талдаған сарапшылар халықтың басым бөлігі арзан дәрілермен емделіп жүргенін алға тартады. Сала мамандарының пікірінше, қазір қазақстандықтардың 80 пайызы қолданатын парацетомол, цитромон, ацетилсалицил қышқылы (аспирин) тәрізді дәрілерді бірқатар елдер қолданыстан шығарған. Ал біз әлі сол арзан дәрілермен халықты емдеп, қымбатқа сатып отырмыз.

Мәселен, зауыттан шыққанда 59 теңгеге бағаланатын парацетомол біздің дәріханаларға түскенде 144–250 теңгеге дейін сатылады екен. Мұны жуырда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те қозғаған. Депутаттың ұсынған деректеріне сүйенсек, Қазақстанда дәрі бағасы бүгінде 172 пайызға қымбатқа сатылып жатыр. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит қорытындыларына көз жүгіртсек, Аймағамбетов сөзінің жаны бар екенін пайымдаймыз. Аудит бойынша шекті бағаларды қалыптастыру кезіндегі өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Препараттар тіпті түпнұсқасынан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған.

«Қазақстанда дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жеткен. Ал Еуропада және әлемде – 30 пайыздан аспайды. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3–5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің (ОТӨ) қойған бағасы 1 273 теңгені құраған. Бұл 4 есеге дейін қымбат. Отандық зауыт, елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, соған байланыстырып, өз шығындары мен бағасын есептеп, солай дәрінің бағасы көтеріледі», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Бұл ретте Қазақстандағы бағаның көршілес елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін де айта кету керек. Жоғары аудит палатасының деректеріне жүгінсек, «халық жапатармағай тұтынады» деп санайтын парацетамолдың өзі басқа елдерде арзан екенін байқаймыз. Парацетомолдың 0,5 г Ресейде 59,4 теңге екен. Қазақстанда 144,5 теңге, Қырғызстанда 90 теңге. Ацетилсалицил қышқылы 0,5 г Қазақстанда 75,9 теңге, Ресейде 52 теңге, Қырғызстанда 49 теңге. Терафлю Қазақстанда 3 325,5 теңге, Ресейде 2 285 теңге, Қырғызстанда 2 548 теңге.

Осылайша аудиттік есептерде бағаны жасанды түрде көтеру анықталып отыр. Өткен жылы денсаулық сақтау министрлігі жалпы препараттардың құнына қойылатын шектеу талабын алып тастаған. Қымбатшылықтың басты себебі сол.

Жұрттың қаңсығы – біздің таңсығымыз

Мамандар дәрінің қымбаттығы өз алдына, ол дәрілердің сапасына да күмән көп дейді. Қазақстанның фармацевтика нарығында жүрген дәрілердің біразы Еуропада қолданыста жоқ. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның пікіріне сүйенсек, қазір дамыған елдердің дені аспирин ішіп емделуді қолдамайды. Бұл препараттың ағзаға зиянын ұққан елдердің дені одан бас тартып жатыр. Сол тәрізді парацетомолдың орнына да сапалы препараттар қолдануды жөн көретіндер бар.

«Таяуда Эстонияның астанасы Таллинде болдым. Ем алдым. Басымыз ауырып, ыстығымыз көтерілсе парацетомол ішетінімізді көріп, ондағы дәрігерлер таңғалды. Бұл елде халыққа барынша сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Сосын бізде «мидың тамырын ашады» деп неврологияда көбіне актовегин, церебролезин дәрілері беріледі. Қан айналымды жақсарту үшін аспирин береді. Байқағаным, қазір бірқатар елдер мұндай дәрілерді қолданбақ түгілі, олардың атауын білмейді. Мысалы, біз қолданатын винпоцетин, циннаризин препараттарына АҚШ-та шектеу қойылған. Мені емдеген профессорлар актовегин деген дәрінің аналогын интернеттен қарап барып түсінді.

Эстонияда дәрілердің көтерме саудасымен, яғни ауруханалар, дәріханалар мен басқа да клиенттерге жеткізумен айналысатын Medical OÜ деген ірі компания бар. Атқаратын міндеті мен мақсаты біздің «СҚ-Фармация» компаниясына ұқсайды. Білесіз, «СҚ-Фармация» компаниясы өз жұмысын толыққанды сапалы атқарып жатыр дей алмаймыз. Егер бұл компания жұмысын сапалы істеп жатса елге сапалы, өнімді дәрілер кіретін еді. Дәрінің бағасы нақ қазіргідей, 170 пайыздан аса өспейтін еді. Меніңше, болашақта халыққа пайдасы кем осы компания жұмысын тоқтатса да ештеңеміз кетпейді. Басқасын айтпағанда, пандемия кезінде «СҚ-Фармация» халықты тіпті осы қарапайым ғана парацетомолмен қамти алмады. Маска таба алмай, қолдан тігіп кидік. Сол кезде-ақ осы компанияны біржақты ету керек еді», – дейді сарапшы.

Маманның ойынша, «СҚ-Фармацияның» өз логистикалық инфрақұрылымы да жоқ. Логистиканың 90 пайызы басқа компаниялардың қолында. Мұндай логистикалық шығындардың өзі дәрі-дәрмек бағасының 1,5 есе өсуіне ықпал етеді.

Қаржыгер Арман Мусиннің сөзіне сүйенсек, биыл аталмыш дистрибьютор 491,0 млрд теңгеге сатып алу жүргізген. Алайда оның басым бөлігі тікелей зауыттан емес, жергілікті дистрибьюторлар арқылы сатып алынған.

«Жергілікті жеткізушілерден сатып алынатын болса бұл ұйымды не үшін құрдық? «СҚ-Фармация» препараттарды неліктен зауыттардан тікелей сатып алмайды? Сұрақ көп. Бізде кейбір дәрілер қолжетімсіз. Биыл 45 мың пациент дәрісіз қалған деген деректерді де көрдім. «СҚ-Фармацияны» реформалау керек. Логистиканы дамытып, бәсекелестік, есеп беру мен ашық ережелерін енгізу керек. Бұл компания дәрілерді делдалдардан емес, тікелей зауыттардан сатып алуы керек», – дейді қаржыгер.

Ал антикордың таратқан деректеріне жүгінсек, былтыр «СҚ-Фармация» 315 млрд теңгеге 92 заңсыз шарт жасаған. Сонымен қатар 8 отандық өндірушінің қызметінде нақты өндірістің орнына шетелдік өнімдерді (қолғап, шприц, йод, т.б.) әкелу белгілері бар.

Тегін деп бергені топырақ татиды

«СҚ-Фармация» мен денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы өнбейтінін айтып жүргендердің бірі алматылық Зәуре Болысбаева. Баласы аутодоминатты-дискинезия деп аталатын өте сирек кездесетін дертпен ауыратын кейіпкеріміз мемлекеттен берілетін тегін дәрілерді алуға келгенде жүйкесі тозатынын айтады. Оның айтуынша, дәріханаларда өз қаражатыңмен сатып алуға дәрілер қаптап тұрады. Ал жергілікті емханаларда мемлекет беруге тиіс тегін дәрі уақытылы түспейді.

«Үнемі еститін сөзіміз – «тегін дәріні СҚ-Фармация әлі алмады, қашан алатыны белгісіз, күтіңіздер» дегенді айтады. Ал біздің жағдайда дәрісін уақытында ішпесе баланың аузы-басы жыбырлап, иығы қозғалып, агрессиясы көбейіп кетеді. Соңғы үш жылда тіпті тегін дәрінің жоқ болатынын біліп отыратын болдық. Әсіресе жылдың аяқталуына үш ай қалғанда дәрі жоқ болып шығады. Міндетті түрде қазан айынан желтоқсан айына дейін дәріні өзіміз сатып аламыз. Сосын біздегі дәрілердің сапасына расымен де күмәнім бар. Мысалы, біз қимыл-қозғалысты ретке келтіреді деп қолданатын Кепра дәрісі Түркияда шығады. Бірақ соны түріктер қолданбайды екен. Дәрінің аналогында дұрыс қолданбаса адамның «комаға» кетіп қалатыны анық жазылған. Осыдан болар, көп елдер мұндай дәрілерді ішпейді екен. Ал біз амал жоқ, емхана тегін берген соң осы дәріні ішуге мәжбүрміз. Кейде ол тегінге де қолымыз жетпей қалады. Сосын амалсыз, жалақымыз азық-түлікке жетпесе де дәрі аламыз», – дейді Зәуре Болысбаева.

Өзі медицина саласында қызмет ететін кейіпкеріміз денсаулық сақтау министрлігінің ұстанып отырған саясатын да түсіну қиын дейді.

«Биыл денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруларды емдеуге арналған бюджетті 20 пайызға қысқартуға шешім қабылдады. Онкологиялық науқастарды емдеуге, гемодиализге, паллиативті көмекке бөлінетін бюджет қаражатын қысқарту қисынсыз. Оның орнына, басқа шараларды қысқарту арқылы миллиардтарды үнемдеуге болады ғой».

Ал медицина ғылымының кандидаты Қайырғали Көнеев «СҚ-Фармация» құрылғалы түпнұсқа, яғни сапалы препарат шығаратын еуропалық фармкомпаниялар Қазақстанның фармацевтикалық нарығынан кетіп қалған. Өйткені оларға «СҚ-Фармациямен» жұмыс істеу тиімсіз. Денсаулық министрлігінің де талаптары ақылға қонымсыз.

«Жалпы, медицинада түпнұсқа және дженерик деген ұғым бар. Дженерик дегеніміз – бұл түпнұсқаның дәлелденген баламасы бар дәрілік препарат. Былайша айтқанда, түпнұсқаның екінші нұсқасы. Дженерик түпнұсқа шыққаннан кейін 5–7 жылдан соң ғана пайда болады. Қазақстанда Пәкістан, Үндістан, Түркияның дженериктері сатылады. Олардың бағасы Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейге қарағанда бірнеше есе қымбат. Яғни біз дженерик (баламалы) препараттарды түпнұсқадағы бағамен сатып алып жатырмыз», – дейді Қайырғали Көнеев.

Мамандардың ойынша, болашақта елге сапалы дәрілер келсін десек, бірінші – «СҚ-Фармацияны» реформалау керек. Екінші – денсаулық сақтау министрлігі фармкомпанияларға сөзін өткізе алуы қажет. Министр Ақмарал Әлназарова елдегі фармацевтикалық компаниялармен тығыз байланыс орнатып, оларға дәрі-дәрмек бағасын өсірмеуге қатысты талап қоя білу керек.

Алайда министр Әлназарова өткенде ғана осы фармкомпания басшыларын министрлікке шақырып, жиын өткізген. Ол жиында министр компанияларды дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге, «әлеуметтік жауапкершілік танытуға» шақырған. Бірақ фармкомпаниялардың дені министрліктің қазіргі ұстанып отырған саясаты дұрыс еместігін алға тартады. Әсіресе айналымдағы барлық дәріні цифрлық таңбалаудың өзіне қосымша шығын кетеді. Сондай-ақ болашақта дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді өндіруде қолданылатын этил спиртіне жоғары акциз салығы салынады. Бұдан құрамында этил спирті қосылатын басқа да дәрі-дәрмектердің бағасы қымбаттайды. Осындай уәждерді алға тартқан фармкомпаниялардың бағаны төмендетуге қатысты министрдің идеясын қолдай қоюы екіталай.

Ескеретін бір нәрсе, науқастың бәрі аспирин мен парацетомол тәрізді арзан дәрілерді ішіп сауыға бермейді ғой. Мұндайда, әрине, ұлт денсаулығына қатысты проблема басты планға шығады. Ал оны біздің «түйені де көрмейтін» шенеуніктер көзге ілмейді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ