Әлназарованың қасында тісің ауырмасын

Енді зейнетақы қорының қаражатын тіс емдеу үшін пайдалануға болмайтын болды. Денсаулық сақтау министрлігі бұған қатысты нақты шешім шыққанын, бұйрық жариялағанын айтты. Содан бері Мәжіліс бір жақ, министрлік бір жақ, қарапайым халық бір жақ болып, зейнетақы жинағына қатысты пікірталас қызып тұр.
Өткен аптада қаржы мониторинг агенттігі зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу тетігі бойынша бес ұйымдасқан топты әшкерелеген. Оларға «жалған стоматологиялық клиникалар» арқылы халықтың ақшасын иемденді деген айып таққан. Агенттік дерегінше, қылмыстық топтар Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа өңірлерде 30-дан астам стоматологиялық клиниканы қағаз жүзінде ғана тіркеген. Олар шын мәнінде ешқашан жұмыс істемеген; ғимараттары, құрал-жабдықтары, мамандары болмаған; құрылтайшылары медициналық білімі жоқ адамдар болып шыққан. Осы ұйымдар арқылы азаматтарға жалған медициналық құжаттар рәсімделіп, зейнетақы қорынан қаражат мерзімінен бұрын шешіліп отырған. Тергеу материалдарында анықталғандай, делдалдар әр клиенттен 10–20 пайыз қаражат алып отырған. Ал қаражатты қолма-қол айналдыру үшін 226 дроппер (өз атына немесе өз картасынабасқа адамдардың қаражатын қабылдап, оны әрі қарай аударып беретін адам) пайдаланылған. Нәтижесінде зейнетақы қорынан 200 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз шығарылған.
Ұсталған топ мүшелері иемденген қаражатқа 15 элиталық көлік (Mercedes-Benz G-class, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade және т.б.); құны 600 млн теңгеден асатын зергерлік бұйымдар; пәтерлер, жер учаскелері мен коммерциялық нысандар сатып алған. Қазіргі таңда 59 тінту жүргізілген, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған. Агенттік атап өткендей, тергеу тек ұйымдастырушыларға бағытталған, ал өз жинақтарын заңды түрде алған азаматтар қылмыстық қудалауға тартылмайды.
Қаржы мониторинг агенттігінің деректерінен кейін-ақ денсаулық сақтау министрлігі шапшаң іске кірісіпті. Өткен аптада Мәжіліске барған денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов та зейнетақы қорынан заңсыз қаражатты шығаруға қатысы бар субъектілерге қатысты тергеу жүргізілетінін, тиісті жұмыстар жүріп жатқанын, енді қордың қаражатын азаматтар тіс емдеуге жұмсай алмайтынын мәлімдеді.
Алайда бұл мәселеге қатысты депутаттар мен халықтың пікірі екіге жарылды. Мәселен, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «бұл – халықтың өз ақшасы. Ол тіс емдей ме, той жасай ма, ит ала ма – өзі біледі. Өйткені бұл қор азаматтардың жалақысынан ұсталған 10 пайыз есебінен жиналады» десе, депутат Ермұрат Бапи зейнетақы есебінен тіс емдетуге тыйым салғаны дұрыс болмағанын айтады. Депутаттың ойынша, артылған зейнетақы қаражатымен халықтың тісін емдеуге мүмкіншілігі болуы керек еді.
«Тіс емдеу қызметі халыққа өте қымбат. Сондықтан бұл арада түрлі алаяқтық әрекеттер болып жатқан күннің өзінде халықтың мүддесіне зиян келтірмей шешімін табуға тырысу керек еді», – дейді Бапи.
Ал депутат Ринат Зайытовтың пайымдауынша, бір адамдар алаяқтық жасамаса, үкімет мұндай әрекетке бармас еді. Демек үкіметтің қолында ақшаны өтірік алғаны жөнінде жоқ дегенде 10 факт бар.
«Енді бұдан кейін ешкімге ренжуге болмайды. Ренжитін болсақ, бірінші, сол қылмысты істеген адамдарға ренжу керек. Әрине, мұны басқа жағынан да қарауға, халықтың өзінің жинаған ақшасы, қайда жұмсаса да өзі біледі деп те ойлауға болады. Онда зейнетақы қоры керек пе, жоқ па деген шешімдер қабылдау керек болар», – дейді Зайытов.
МӘМС күнде сыналады, тіс бір күнде сынады
Осы саланы зерттеп жүрген сарапшылар да денсаулық сақтау министрлігінің бұл жолғы шапшаңдығына таңғалуда. Бұл ретте «Аналитик» талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушысы Меруерт Молдабаеваны сөзге тартқанбыз. Маманның айтуынша, тіс жөндетуге қатысты осы уақытқа дейін де бірнеше алаяқтық фактілер тіркелді. Ол фактілер де Мәжілісте қозғалды. Сонда селт етпеген денсаулық сақтау министрлігі халықтың зейнетақы жинағына келгенде шапшаң қимылдай қалған.
«Денсаулық сақтау министрлігіне осы уақытқа дейін МӘМС-ке қатысты талай сын айтылды. Былтыр МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін емдеп, мемлекеттен қаражат алған ауруханалар болғаны көтерілді. Бұдан да сорақысы, бір адамның 82 тісін емдеген жайттар да кездесті. Одан бөлек бір адамға бір күннің ішінде аурухана 32 түрлі қызмет көрсеткен деген фактілер де айтылды. Біздің денсаулық министрлігі МӘМС-ке шаң жуытпайды. ДамуМед платформасына қатысты сындарды құлағына ілмейді. Ондағы жалған жазбалар, дәрігерлердің қабылдауға келмеген пациенттерді келді деп жазуы қанша мәрте айтылды. Медицина саласындағы қол жеткізбейтін талон. Қат мамандарға жазылудағы олқылық. Барлығын айта-айта аузымыз талды. Осыған қатысты жедел шешімдер қабылдау керек, нақты әрекеттер жасалуы керек деп қанша айттық. Айтылғанмен, сауатты жұмыстар істелген жоқ. Ал зейнетақы жинағындағы артық қаражатты шешіп, онымен тіс жөндетуге келгенде шешім өте тез қабылданады екен. Бұл арада бірден ала алмайтындай жасап тастаумен өз басым келіспеймін. Алаяқтық жасағандар жазалансын, заң алдында жауап берсін. Бірақ шынымен де ол қаражатты орнымен жұмсап, тісін емдетіп жүрген адамдарға бұл үлкен көмек еді. Қазір Қазақстанда бір тісті емдеу 20–25 мың теңге. Имплант орнату тіпті қымбат. Сондықтан қарапайым халықтың жағдайын ескеру керек еді», – дейді әлеуметтанушы.
Айтқандай, маман сөз еткен мәселелерді биыл жыл басында Парламентте депутат Асхат Аймағамбетов те көтерген. Сол кезде бес айлық тісі жоқ нәрестенің тісін жөндеп беретін дәрігерлердің шеберлігіне таңғалғанымыз рас. Бір адамның тісін 82 рет жөндеген дәрігердің де «төзімділігі» біразымызды «тамсантқан». Аймағамбетов сол кезде МӘМС жүйесінде болып жатқан бұл құбылыстарды түбі тесілген қайыққа ұқсатқан. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала бергенде, балықшы қайықты жамаудың орнына, керісінше, қолына шелек алып, суды сыртқа төгумен әлек болады ғой. Міне, біз қолданып жүрген МӘМС жүйесін қазір осындай әрекетке телитіндер көп. Алайда қанша сынаса да, мінесе де, денсаулық сақтау министрлігі МӘМС-ке келгенде осы жолғыдай шұғыл шешімдер шығарған жоқ. Тіпті кезінде сенатор болған Ақмарал Әлназарова осы саланы басқаруға келгенде жұрттың бірінші айтқан назы да МӘМС-тің төңірегінде болған. Қарапайым бұқара жаңа министрдің МӘМС-ті қолданыстан аламыз деген сөзін де күткен. Бірақ Әлназарова «Жүйені тоқтату жоспарда жоқ, керісінше, оны дамытамыз» деген. Одан бері өзгерген ештеңе жоқ.
Алаяқтарға қор болған қор
Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің сөзіне сүйенсек, АҚШ-та IRA сияқты жеке зейнетақы шоттары бар. Ол елде азамат қай қорды, қай инвестицияны таңдайтынын өзі шешеді. Чили, Польша, Австралияда бәсекелі зейнетақы қорлары жұмыс істейді, адам қалаған қорына ақша аударады, қалаған сәтінде шектен асқан соманы ала алады. Норвегиядамемлекет мұнай табысын ұлттық зейнетақы қорына жинайды да, оны әлемдік нарықта (акциялар, облигациялар, жылжымайтын мүлік) инвестициялайды. Ал Қазақстанда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бар. Азаматтар негізінен таңдау жасай алмайды. Ондағы қаражаттар мемлекеттік облигацияларға салынады. Мемлекет кепілдік бергенмен, қордың табысы төмен. Инвестициялық стратегия шектеулі.
Ғалымның ойынша, бізде зейнетақы жинағын пайдалануды оп-оңай реттеуге болады. Ондағы шектен асқан қаражатты адамдардың өзіне беру керек. Одан мемлекет ұтпаса, ұтылмайды.
«Менің бір түсінбейтінім, бізде шағын бизнеске түрлі тегін мемлекеттік гранттар беріліп жатады. Оны беру үшін арнайы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры құрылды. Мемлекет екінші деңгейлі банктерге кәсіпкерлерге арзан несие беру үшін бюджеттен қаражат бөледі. Егер де зейнетақы қорындағы жинағы шегінен асып тұрған азаматтарға қаражатын алуды жеңілдетіп, сол қаражатты кәсіп істеуге жұмсай ма, жер ала ма, егіншілікпен айналыса ма, техника ала ма, осы жағына еркіндік берілгенде, біз әлгіндей қорларды ұстап отыруға бюджеттен миллиардтаған қыруар қаражат жұмсамайтын едік. Мемлекеттен тегін грантты үлестіре бергенше, зейнетақы жинағын халыққа ұсынса, ол да мемлекетке тиімді болар еді. Үкіметтің қолынан зейнетақы қорының қаражатын ұқсату келмей жатса, ол қордағы қаражатты алаяқтар алып алатын болса, демек схема дұрыс емес. Шектен ассын немесе аспасын, қорында 7–8 млн теңге қаражат жиналды ма, оны неге қарапайым азаматтардың қолына бермеске?! Ол азаматтың қолына ұстағаны өз қаражаты болғаннан кейін де жауапкершілікпен қарап, шағын бизнесін жолға қойып алуға мақсат қояр еді. Осы арқылы экономикаға да пайда келетін еді. Ал қазір келіп «тіс емдеуге шектеу қоямыз» дейді. Өз басым, зейнетақы қаражатын тек қана Отбасы банк арқылы қарызға кіріп, баспана алуға жұмсау бағытын қолдамаймын. Отбасы банктің қарапайым халыққа тиімді, арзан бағдарламалары жоқ», – дейді экономист.
Зейнетақы жинағын Отбасы банк арқылы ғана ипотекаға жұмсауға рұқсат ету функциясының өзі дұрыс ойластырылмаған. Халық неліктен тірнектеп жинаған қаражатын банкке аударып, оған бірнеше есе пайыз қосып, қарызға баспана алуы керек?!
«Ол арзан баспана болса бір сәрі. 7 пайыздық несиені алған күннің өзінде бір бөлмелі 35 шаршы метрлік үйге 6–7 жыл 270 мың теңге төлеу керек. Мысалы, менің қазір шектен асып тұрған 6 млн теңгем бар делік, оны Отбасы банкке аударып, банктің ұсынған ең арзан бағдарламаларының бірі арқылы 7 пайызбен үй алдым делік. Алғашқы жарнаға 30 пайыз ретінде зейнетақы жинағымдағы шектен асқан қаражат 6 млн теңгені құямын. Ол менің 30 жыл бойы жұмыс істеп жинаған қаражатым. Енді сол қаражатты әкелемін де өз қолыммен банкке салып, 7 пайыздық үстемемен үй аламын. 20 млн теңгеге үй алсам, банк маған сен зейнетақы шегінен 6 млн қосып тұрсың ғой деп 14 млн теңгенің ғана пайызын есептеуі керек қой. Жоқ, пайыз тұтас 20 млн теңгеге есептеледі. Бұл дұрыс емес. Үкімет шапшаң әрі тез шешім шығарса, Отбасы банкке қатысты «халық зейнетақы шегіне үй алған жағдайда қордан алынған қаражатқа пайыз есептелмесін, тек банк беретін қаражатқа ғана пайыз қосылсын» деген талап қойсын. Халықтың маңдай терімен жиналған ақшасына банктер пайыз есептеуді доғару керек. Үкімет пен Ұлттық банк жедел осыған қатысты шешімдер шығаруы керек», – дейді маман.
Алайда арнайы ведомстволар мұны ойлана қояр ма екен?! Халықтың жинағын емге қимай отырғандардың ондай шешімді демде шығара қоюы екіталай.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ