Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:35

«Альпинизм мен тау туризмі – көшбасшыларды қалыптастыратын өмір мектебі» — Президент

Тоқаев пен Ильинский
Фото: Ақорда

Ақордада аты аңызға айналған альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі атағын табыстау рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің адамгершілік қасиеттерін және адамдарға, әсіресе альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады.

Президент өз сөзінде:

— Альпинизм мен тау туризмі — көшбасшыларды қалыптастыратын, қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін тәрбиелейтін өмір мектебі, — деді.

Сондай-ақ ол альпинистер арасында кең тараған Ильинскийдің сөздерін атап өтті:

— «Ең биік спорттық жетістік адамның өміріне тұрмайды» деген қағидаңыз көпке үлгі болды. Сонымен қатар «альпинизм — адам табиғатпен шахмат ойнайтын спорт» деген сөзіңіз де терең мағынаға ие. К2 (Чогори) шыңына көтерілу кезінде командаңыз қатты дауылға тап болып, мақсатқа бірнеше жүз метр ғана қалғанда кері қайту туралы шешім қабылдағаныңыз — үлкен даналықтың белгісі. Сіз ешқашан жеңістен масайрап, қауіпсіздікті екінші орынға қойған жоқсыз. Бұл — сіздің кәсібилігіңіздің басты ерекшелігі, — деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Ерванд Ильинскийдің Қазақстанда альпинизмді дамытуға қосқан зор үлесін де ерекше атап өтті.

— Тауға деген сүйіспеншілік, шыңға шығу — тек хобби емес, табиғатты құрметтеуге негізделген ерекше өмір салтына айналды. Жаңа Конституцияда табиғатты сүю, экологиялық мәдениет пен тазалық қағидалары маңызды орын алады. Таулар адамды төзімділікке, тәртіпке және өзара көмекке үйретеді. Шыңға ұмтылған адам рухын шыңдайды. Сондықтан альпинизм мен тау туризмі — жастарды тәрбиелеудің маңызды құралы, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке және салалық министрлікке альпинизм мен тау туризмін дамыту бойынша нақты бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл бағыт мемлекеттік қаржыландыру мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуы тиіс.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Ерванд Ильинскийдің өмір жолын жасампаз патриотизмнің, жанқиярлықтың және жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі ретінде бағалады.