Алқабилерге сенім артып келеді
Елімізде сот отырыстарына алқабилерді тарту үрдісі енгізілгеніне 16 жылдан асты.
Сот жүйесіне енгізілген бұл өзгеріс осы уақыт ішінде толығымен өзін ақтап шықты. Сондықтан алқабилердің қатысуымен өткізілетін сот отырыстарының санын арттыруға барынша көңіл бөлінуде. Соның айғағы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қатысатын соттың құрамдар саны 14-тен 31-ге көбейген. Бұл қарапайым халықты араластыра отырып, барынша әділ шешім шығару мақсатында қолға алынып отырған шаралар.
Атап өтер жайт, бұл бірінші рет емес. Осыған дейін де алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу жүйесі іске қосылғалы бері жылдан жылға алқабилердің қатысуымен өткізілетін сот істері көбею үстінде. Өйткені алқабилердің қатысуымен өтетін сот істеріне халықтың да сенімі артып келеді. Өйткені мұндай сот отырыстарында барлық мәселені құқықтық тұрғыдан шешуге құқылы, заң аясында шешім шығаратын кәсіпқой маман судьямен қатар жаза тағайындауға немесе үкімнің күшіне ықпал етуге құқық берілген алқабилер де бірлесе отырып барынша әділ шешім шығаруға тырысады. Үкім бір адамның ғана емес, соған қатысты көптеген адамның тағдырына әсер ететін болғандықтан, еліміз алқабилерді сот отырысына қатыстыруға барынша көңіл бөліп, сондай сот отырыстарының санын арттыруға барынша тырысуда. Негізінен аса ауыр қылмыстарға жататын істерді алқабилердің қатысуымен қарау бұл еліміздің әрбір мүшесіне тіпті мейлі ол қылмыс жасаса да оның құқығына аса зор жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Судья үкім шығару кезінде тек заңға бағынса, халық өкілі алқа би ол іске басқа қырынан қарауға мүмкіндік алған тұлға деуге болады. Яғни «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей жан-жақты қаралып, кесілген үкімнің де өте әділ болары анық.
Сондықтан еліміздің сот жүйесіне күмәнмен қараған кез келген адам сотқа алқа би ретінде қатысып, әділдіктің орнауына ықпал етуге болады. Егер алқа би болғыңыз келсе оның талаптарымен де таныса отырыңыз. Елімізде жасы 25-ке толған, бұрын істі болмаған, психо-неврологиялық немесе наркологиялық диспансерлердің есебінде жоқ кез келген азамат адам тағдырын шешу үшін алқа би бола алады. Тек мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен дін саласының мамандары, жасы зейнетке толған адамдар алқа би бола алмайды. Алғашқы кездері алқабилер тек өлім жазасына кесілген істерді немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделетін аса ауыр қылмыстық істерді ғана қарайтын болса, соңғы жылдары аса ауыр, ауыр және ауырлығы орташа істерге де алқабилер қатыстырыла бастады. Бұл оларға артылған үміттің ақталғанын көрсетсе керек. Негізі шешім шығарар кезде ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын, алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам алуға барынша көңіл бөлінеді. Бүгінгі күні бұл талаптарға сай адамдар біршама іріктеліп, өз қызметтерін барынша атқаруда. Еліміздің сот жүйесінің осындай заманға сай өзгерістерге бейімделуінің арқасында бүгінде сот шешіміне қарсылық білдірушілер де айтарлықтай азайған көрінеді.
Жалпы еліміздің сот жүйесі соңғы жылдары халық сеніміне лайық болуға тырысып, сот төрелігінің сапасын жақсартуға көңіл бөліп жатқандықтан, сотқа қарапайым халық өкілін де қатыстыруға ұйытқы болуы көңіл қуантады. Соның арқасында сот жүйесінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, демократиялық қоғам қалыптасуда.