Алтайдағы алтын «безгегі»
«Жүз жылдан» бері жұмсақ креслоға жамбасы жабысып қалған кәрі әкім Даниал Ахметовтің төмендегі шырылдаған шарасыздың дауысына қашаннан құлағы тосаң, тек өзінен жоғарыдағының ғана дауысын естігіш.
«Бұл халық неге ұлардай шулап жүр, не боп қалды?» деп, ең болмаса, екі жылдың ішінде Маралдының жағдайын бір рет барып өз көзімен көрген жоқ».
Жеріміз кең-байтақ, көлемі жағынан әлемдегі 9-орындамыз деп, кеудемізді қайқайтқанда, көйлегіміздің түймесі бырт-бырт үзіліп кете жаздағанмен, шөбі шүйгін, суы бал, қойнауы сабат жанға сая, тіршілік үшін ризығы ұшан-теңіз шұрайлы мекендер некен-саяқ. Сол аздың бірі ғана емес, бірегейі жаннат бағының пұшпағындай біздің Алтай екені бағзыдан белгілі. Берісі түрік нәсілінің, арысы күллі адамзаттың алтын бесігі болған асыл Алтайдың қойын-қонышында не жоқ дейсіз, бәтір-ау? Тұрған бойы тұнған сұлулық, өлшеусіз мол байлық: ұшар басын бұлт емген сеңгір тауларды бойлай бір-бірімен таласа өріп бара жатқан қалың қарағай мен самырсын; бір беткейде тұтас қаптап ақ қайың желегі желбіресе, қарсы қияда қызыл қайың қып-қызыл өрттей алаулайды. Жылға-жылға сылдырап аққан бұлақ-бастау. Сайраған құс, жыртылып-айрылған аң. Күреңшелі беткейде жұпары аңқыған бүлдіргеннен ат тұяғы боялады. Етектегі шоқ-шоқ өскен қарақат пен қызылқатқа байқап бармасаң, түбінде мас боп қылжиып жатқан қонжықтың үстінен түсуің бек кәдік. Түнде тұп-тұнық ауаны күмбірлетіп аю ақырады, елік әупілдейді… Мұның бәрі, әрине, балалық қиялда өшпестей боп қашалып қалған қимас сурет. Қазір сол сағынышты ескі жұртты араласаң, тозған шапанын бүркеніп, күрк-күрк жөтеліп, бүктүсіп жатқан кәрі әкеңді көргендей көңілің құлазиды.
Совет Одағы тұсындағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы орманды алқаптың көлемі 4 процентке де жетер-жетпес болатын. Қазір соның жұрнағы да қалмай, жылдан-жылға құрып бара жатқаны бәрімізге аян. Тоталитарлық отыз жыл ішінде өз елімізді өзіміз жаудай шаптық. Жеріміздің асты-үсті бірдей тонауға ұшырады. Табиғатқа аяусыз қиянат жасаудың жойдасыз жарысынан біздің Шығыстағы Күршім өңірі де құр қалған жоқ. Барлыбай, Қайрақты, Құзғынды-Жалтаң, Сартаулардағы ну орман талай рет арам пиғыл, ашкөздердің қолынан өртке оранды. Бүрі мен қабығын от шалып, шала күйген ағашты баудай отап, іргедегі аузын арандай ашқан Қытайға асырды, Алматы мен Астананың ханбазарына саудалады. Баяғы сыңсып тұратын қарағай, самырсын, балқарағайдың қарасы бұл күнде таздың төбесіндегі бес тал қылдай селдірейді.
Алтайдың үсті ғана емес, жеті қабат қойыны да тұнған байлық. Алтыннан бастап асыл металдың бәрі бар. Алтай деп бабаларымыз тегін атамаған. Алтай деген көне түрік тілінде «алтын тау» деген сөз. Кезінде Кенді Алтайды «Отанымның алтын алқасы» деп жырладық. «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай… Ағызған сары алтынды тастан Алтай!» деген асыл әнді білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Өкінішке қарай, сол сары алтын Алтайдың өзіне сор болып жабысты бұл күнде. Бұл өңірде баба қазақ кәрі тарихтың сонау балаң кезінен бастап-ақ алтын өндірумен айналысқан. Оған Берел мен Шіліктідегі табылған «Алтын адам» мен көптеген зергерлік алтын жәдігерлер куә. Ал алтын өндіру еліміз орысқа бағынған патша заманында өнеркәсіптік жолға қойылып, Совет тұсында ары қарай жалғасын тапты. Ол кезде алтын тек «шахталық», яғни жабық тәсілмен өндірілетін. Айналаны жөн-жосықсыз қопарып-қиратпай, алтын жүлгесін қуалай қолмен қазып, шыққан кенішті ағын сумен шайып тазартатын.
Тәуелсіздік кезеңінде жердің жыртығын жамаған ысқаяқ пысықайлар мен ұры-қарылар шексіз баюға шектеусіз еркіндік алды. Олардың кісілік бар ұстанымы – не істесең де өзің біл, мал тап та мұртыңды майла екені бесенеден белгілі ғой. Отыз жыл бойы жердің үстін үптегені аздай, енді астын үңгуге көшті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері, заң солқылдақ, әділет адыра қалған жерде көрсоқыр қорқау көңіл неден тартынсын, бәрі тез байысақ, қайтсем «батпан құйрықтан» қарпып қалам деп жанталасуда.
Бүгінде ерінбегеннің бәрі қолына бір-бір металл тартқыш таяқ ұстап, Алтайдың төсінде қарашегірткедей қаптап жүр. Шетелдік жемсауы салбыраған алпауыттың жалдамалы өкілі де, жеке кәсіпшілік ашып алған пысықай да сонда. Таяқшасы шиқ ете түскен жерді сол сәтінде эксковатормен қазып, не жарылғышпен қопарып, тас-талқан қиратып жатқаны. Мейлі орман, бұлақ көзі, елдің мал жаятын өрісі болсын, оған бәрібір, қыңқ деуге хақың жоқ. Қырық жерден мөр басылған «заңды» қағазы бар. Алтын «безгегіне» ұшырап аласұрған осындай суық, сұғанақ қолдардың әр қырқасы алтын сандықтай көз арбаған Алтайдың қойны-қоншын тіміскілеп, сумаңдап жүргелі қашан.
Күршімнің сонау шың-шатқалдардан бастау алатын жоғарғы саласындағы Маралды ауылынан, міне, екі жылдан бері маза кетті. Аспаннан топ ете түскен «ВСАМ «Продакшн» дейтін белгісіз ЖШС ауылдың шетінен бес жүз-ақ метр жердегі тау-тасты жарылғышпен атқылап, эксковатормен қопарып-қиратып, елді ұлардай шулатып жатыр. Ауыл Маралды өзенін жиектей орналасқан. Қос аңғардағы Жанты мен Текен жотасы – бұрын совхоздың егістігі болған шүйгінді алқап. Қазір ауыл тұрғындарының жеке телімі, мал жаятын өрісі, картоп, сәбіз егіп, күнкөрісін айыратын бақшалығы да осында. Алтын мен асыл металдың небір атасы қойынында бұғып жатқан қос жотаға көзқұрты түскен «ВСАМ «Продакшн» неше түрлі айла-шарғымен қақ іргедегі төрт жүз гектардай алқапты бауырына басып алып, қыларыңды қылып ал дегендей, аядай ауылды қан-қақсатып отыр. Дүмі мықты компанияның шіренетіндей жөні бар, заңның үтір-нүктесін қадағалауға тиісті мекемелердің мөрі басылған табақтай қағазы қолында тұрса, неден айыл жисын. Өзі тізгінін ұстап отырған жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды дейтін кейбір ел ағасы азаматтардың көлденең көк атты байшыкештерге аяқасты емешектері үзіле қалатынына қайран қаласың. Күршім ауданының бұрынғы әкімі Д.Қажанов мырза Маралды ауылының территориясына қарасты жердің бір бөлігін өзінің жеке үкімімен компанияға «мә, қоңқай» деп ұстата салғаны қай жомарттық екенін ұқпадық. Ауыл халқының пікірімен санаспаған, аудандық мәслихаттың талқысына салынбаған, ол аздай, Қазақстан Республикасының 2017 ж. 27 желтоқсанда қабылданған «Қазба байлық және оны пайдалану туралы» Кодексін өзім білемдікпен белден бір-ақ басқан. (Бұл заң бойынша, елді-мекенге іргелес жерде қазба жұмыстарын ашық түрде жүргізуге һәм оған аса қатерлі цианид уын қолдануға қатаң тиым салынған). Әкім мырзаның қол астындағы ел-жұртын ұлардай шулатып, айдаладағы «ВСАМ «Продакшнға» осыншалық ет жүрегі елжіреп, құрақ ұша қалғаны мүлдем түсініксіз.
Ең сұмдығы – «Продакшн» алтынды ашық өндіруге рұхсат алған. Одан да сорақысы – қазылған руданы аса улы натрий цианиді ерітіндісімен араластырып, алтынды қоспадан бөліп алады екен. Компания қазірдің өзінде жұмысқа қарқынды кірісіп кеткен. Жоспары ұшан-теңіз: жылына 250 мың тонна кеніш қазып, 900 кг шамасында алтын өндірмек. Ауыл аумағына кіретін алқаптың дәл ортасынан алтын өндіру фабрикасын салмақ ниетте. Тас шайнап, ертелі-кеш арылдаған эксковатор мен арлы-берлі жосыған КрАЗ, БелАЗдардың дауысынан құлақ тұнғандай. Жартастың қуысына ондаған тонна қопарғыш салып атқанда, бүтін бір төбе бір-ақ төңкеріліп, жер-дүние шайқалады. Атом бомбасы жарылғандай, шаң-тозаң, қара түтіннің «саңырауқұлағы» бүкіл аспанды тұтады. Айналадағы шабындық пен жайылымдық өріс тарылып, мал мен жаннан күйіс кетті. Көз аштырмай тыныс қапқан көк тұман шаң, қираған терезе, шытынаған қабырғалар өз алдына, ауыл халқы бәрінен бұрын ертең фабрика іске қосылып, мына тау-тау үйіліп жатқан рудаларды улы цианидпен өңдегенде, күніміз не болады деп уайымдайды. «Біреуге мал – қайғы, біреуге жан – қайғы» демекші, сол жерде тіршілік кешіп, ұрпақ өсіріп отырған қаймана жұрттың өз өмірі үшін алаңдауы әбден орынды. «Продакшн» қатар-қатар қазылған қазаншұңқырларға руданы тоғытып, цианид арқылы алтынды қоспадан айырып алмақшы. Сонда шұңқырдағы шөккен улы ерітінді қайда кетеді? Таулы жердің қыста қары қалың, жазда нөсерлетіп жаңбыр жауады. Шұңқырға құйылған су тасып, айналасына жайылмай ма? Көсіліп барып, Ертіске құятын Күршім мен Маралдының сағасындағы Қараөткел, Құлмырза өзендері мен ондаған бұлақ-бастау жарты-ақ шақырым (нақтырақ айтсақ, 520 м) еңісте ағып жатыр. Күні ертең улы цианид жер астынан жік тауып, не жазғы селмен тасып барып, сай табанындағы суға қосылса, не болады? Тек Алтай суларында ғана тіршілік ететін сирек балықтар мен жәндіктер, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер қырғын тауып, мал-жан дертке ұшырамақ. Экологиялық апат деген осы емес пе? Бірақ оған бола қабырғасы қайысып жатқан «Продакшн» жоқ, көк қағазды сытырлатып тезірек қалтасына басса болды, ертең-ақ «өлмесең, өмірем қап» деп тайып тұрары сөзсіз.
Не істерін білмей теңселген жұрт екі жылдан бері әділет іздеп, әр босағаны тоздырып жүр. Есті сөзге құлақ асар әкімқара жоқ. Бірі-біріне сілтейді. Бұра тартуға сылтауы көп қиыр-шиыр бұлыңғыр заңның қопсыған қағазынан «Қытай қорғанын» жасап ап, әрқайсысы өз басын қорғап әлек. Ауданның бүгінгі әкімі мәселеге білек сыбанып кірісудің орнына, бәрі бұрынғы әкімнің тұсында шешіліп қойған, мен қайтейін дегендей дәрменсіз жалтаңдап, ат-тонын ала қашады. Ауданнан қайыр болмаған соң, сабылған халық облыс әкімінің есігін қаққан. «Жүз жылдан» бері жұмсақ креслоға жамбасы жабысып қалған кәрі әкім Д.Ахметовтің төмендегі шырылдаған шарасыздың дауысына қашаннан құлағы тосаң, тек өзінен жоғарыдағының ғана дауысын естігіш. «Бұл халық неге ұлардай шулап жүр, не боп қалды?» деп, ең болмаса, екі жылдың ішінде Маралдының жағдайын бір рет барып, өз көзімен көрген жоқ. Беті қайтқан қараша араша сұрап, президент Қ.Тоқаевқа арызданып еді, сол жақтан жеткен хаттың дүмпуінен кейін ғана сірескен емен есік ашылып, әкімнің беті жылығандай болды. Жауапты мемлекеттік мекемелерге хат жолдап, халықтың әлеуметтік наразылығын ушықтырмау үшін, «Продакшн» компаниясының алтын өндіру әрекеті қаншалықты заңды екенін тексеріп, заң бұзушылық анықталған жағдайда, лицензиясын қайтарып алу жөнінде мәселе қойды. Істің мән-жайы шешілгенше, «Продакшн» компаниясына жұмысын тоқтата тұруға өз тарапынан пәрмен берген болатын. Бірақ құлағына қыстырған «Продакшн» жоқ. «Васька слушает да кушает» дегендей, өз жұмысын ары қарай дүрілдетуде. Қия беткейдің қара құйқасын қопарып, ағаштарды тамырымен отап, тау-тасты атқылап, астан-кестеңін шығарып жатыр. Күні ертең жаңбыр мен қар суы шайып, желегі желкілдеген көк-жасыл жоталардың орнында арса-арса сорайып, жалаңаш жартастар қалатыны айдан-анық.
Бұл «Продакшннің» не сиқыры барын түсінбейсің. Іс-әрекетінің күллісі заңға қайшы: ҚР «Жер» Кодексін өрескел бұзып, аудандық мәслихаттың шешіміне жүгінбей, жалпы тұрғындардың келісімінсіз, Маралды ауылы территориясына қарасты аумақтың қақ ортасынан өндіріс алаңына жер бөліп алған. Екіншіден, қазба жұмысын ауыл шетінен 520 м. жерде ашық түрде жүргізбекші, оған қоса, алтынды кеніштен улы цианид ертіндісі арқылы айырып алады екен. Мұндай жабайы тәсілге ҚР «Қазба байлық және оны пайдалану туралы» Кодексте қатаң түрде тыйым салынғаны белгілі. Сондай-ақ компания 2021 жылы ғана құрылған, мұндай технологиясы күрделі өндірісте тәжірибесі жоқ. Ең ғажабы: құрылтайшы боп отырған «Maralicha Gold» ЖШС мен «WSAM Group LTD» жеке компаниясының жарғылық капиталы: біріншісінікі – 50 мың (!) теңге, екіншісінікі – 100 (!) доллар. Лицензиясының өзі де күмәнді. Кеше ғана Геология министрінің орынбасары қазба байлықтарға байланысты мемлекеттік лицензияларды бей-берекет саудаға салғаны үшін 8 жылға сотталып кетпеп пе еді. Сонда да «Продакшнға» тиым-тоқтау жоқ. Не заңның үкімі өтпейді, не әділеттің құрығы жетпейді.
Алтынды улы цианид арқылы айыру тәсілінің қаншалықты қатерлі екеніне дәлел болатын әлемдік тәжірибеде талай қорқынышты мысалдар бар. Мәселен, 2000 жылы Румынияның Бая-Мар қаласының маңындағы алтын өндіретін фабрикада авария болып, цианид ертіндісі Дунай өзеніне барып құйылған. Еуроодақ бұл аварияны Чернобыль АЭС-дағы авариядан кейінгі Еуропадағы ең сұрапыл экологиялық апат деп танып отыр. Дунайдың суы ішуге жарамсыз болып, Еуропаның 2.5 миллионнан астам тұрғыны сусыз қалды. Тиса өзенінің у жайылған бөлігіндегі балықтан бастап бүкіл жанды тіршілік қырғын тапты. Сондай-ақ 1998 жылы Қырғызстанның Құмтөр кенішіндегі болған қайғылы оқиға да әлі есімізде. Алтын өндіруші компанияның кеніш тиеген көлігі көпірден құлап, 1740 кг цианид Барыскоон өзеніне төгіледі. Нәтижесінде, 17 мың адам зардап шегіп, біразы ажал құшқан болатын. Өзіміздің Шығыс Қазақстандағы Секисовка ауылының іргесінде 2011 жылы алтын өндіретін фабрикадағы бөгет бұзылып, цианид ертіндісі Волчанка өзеніне құйылғаны жөніндегі хабар жұртшылық арасында зор резонанс тудырғаны мәлім. Өкінішке қарай, бұл апаттың табиғатқа келтірген алапат зардабын әлі күнге дейін ешкім тиісті дәрежеде бағалаған жоқ. Күні ертең «Продакшн» де жергілікті халықтың басына осындай сұрапылдың кебін кигізбесіне кім кепіл?
Қалай шырылдаса да, күршімдіктердің айқайлаған дауысын «тыңдайтын Үкімет» бәрібір еститін емес. Құлағын тарс жұмып алғандай селт етпейді. Бүкіл ауыл мен аудан халқының дені қол қойып, петиция да жолдады, итарқасы-қияннан сабылып барып, қалың жұрт үкімет үйінің алдында пикет те жасады. Жауапты министрліктің үлкенді-кішілі басшыларымен кездесті де. «Егемен Қазақстан» газеті ушыққан мәселенің мән-жайын зерделеп, бір емес, екі дүркін материал жариялады. «Қазақстан» мен «31» телеарналар Маралды тұрғындарының әділ талабына араша түсіп дабыл қақты… Амал нешік, соның бәрі «жартасқа бардым, күнде айғай салдымның» кебі болды да шықты.
Қазір Күршім өңірінде әлеуметтік ахуал ушығып тұр. Әділет іздеп шырылдаған халық соңғы қадамдарға барудан бас тартатын емес. Маралдыға үн қосқан аудан көлеміндегі тұрғындар дүркін-дүркін қарсылық жиындарын өткізіп, жақында тіпті билік назарын өздеріне аударту үшін, Өскемен – Самар тасжолындағы Шешек асуында жол қатынасын бірнеше сағатқа тоқтатып тастады. Ашынған кейбір азаматтар «ертең уланып өлгенше, бүгін-ақ машинаның астына түсіп өлейік, жерімізді «Продакшнға» қазғызбаймыз!» деп тас-түйін бекініп отыр. Халықтың шыдамы ширығып, әбден шегіне жеткен. Әлеуметтік желіні қарасаң, небір ышқынған жан ашуының куәсі боласың. «Төрімнен көрім жақын қалғанда, енді қай жаққа тентіреймін?» деп кемсеңдеген қарт ананы көргенде, қосыла өксігің келеді. Шіренген шенеуніктер қарашаның мұң-зарымен санасып, жанашырлық танытудың орнына, «артымен диірмен тартқан» «Продакшнның» сойылын соғып, жалпақ қағуда. Елге естияр боп жүрген жекелеген азаматтарды қудалап, қоқан-лоққы жасаумен әуре. Жағдай бұлай өрши берсе, түптің-түбінде әлеуметтік жарылыс бұрқ ете қалуы әбден ықтимал. Халықтың үніне құлағы тарс керең жергілікті билік «Екінші Жаңаөзенді» қолдан жасап жатқандай жүрегімізді үрей билейді кейде.
Алтайдың табиғатын жыртқыштықпен пайдаланудың мысалы, бір бұл ғана емес, осыдан екі-үш жыл ілгері Қалжыр өзеніндегі алтын лаңы көпшіліктің есінде шығар. Ким деген дөкейдің жеке кәсіпшілігі алтын шайып, өзеннің суын қара батпаққа айналдырған. Балық қырылып, мал-жан ауырып, республика көлеміндегі ұлы айқайдан соң, әзер айылын жиғаны мәлім. Егер «Продакшн» бел алып, дегеніне жетсе, Үшбұлақ, Ұранхай тарапында орыстың бірнеше компаниясы қызыл көрген құзғындай жемсауы салбырап, білегін сыбанып отыр. Сонда біздің пейіш бағындай көркем, көзайым Алтайымыздың болашағы не болмақ?
Бір қанаты «Қатон-Қарағай» Ұлттық қорығымен шекаралас, бір шеті сұлу Марқамен ұласқан біздің Күршім өңірі өзінің қайталанбас көркемдігімен ерекшеленеді. Тұнжыр орман, тұнық су, әлі адамның лас, жабайы табаны таптай қоймаған тұмса табиғат. Тәңірдің сыйындай осынау қасиетті қазынамызды қиратып-талқандамай, әлемнің шартарабынан саяхатшылар тартып, туризмнің қайнаған ошағына айналдыра білсек, көл-көсір табыстың көзі емес пе? Бұл, әрине, мемлекеттік тұрғыда кең ойланып шешілетін ауқымды мәселе. Президентіміз өз жолдауында шекаралық аудандарды дамытудың маңыздылығын қадап айтты. Мұның біздің Күршім ауданына тікелей қатысы бар. Бұрынғы авторитарлық «мен білем» биліктің солақай пәрменімен Марқакөл, Күршім аудандары бірігіп кеткен болатын. Орталық Күршімге көшіп, мектеп, ауруханалар жабылған соң, шекара бойындағы Марқа аумағы түгелдей қаңырап бос қалды. Енді сол алаң-ашық аумаққа елді қоныстандырып, өндіріс кешендерін ашу үшін Марқакөл ауданын қайтадан қалпына келтіру әлеуметтік һәм саяси-стратегиялық тұрғыдан аса дәлгір мәселе екені даусыз.
Айта берсек, Шығыстағы шешімін таппай шиеленіскен түйінді жағдайлар жетіп-артылады. Әсіресе «ВСАМ «Продакшнның» заң мен жөнге пысқырмайтын өзім білем озбырлығы Маралды ауылының арқасына аяздай батып тұр. Әділдік іздеп шырылдаған жұрттың енді жаңадан сайланған мәжіліс депутаттарынан араша сұраудан басқа амалы қалмады. Халық қалаулылары, оның ішінде Шығыс өңірден сайланған, мұндағы елдің тұрмыс-тіршілігімен етене таныс Е.Сайыров, Е.Бапи, М.Толықбаев, Н.Сәбилянов, Д.Тұрлыханов, Р.Зайытов секілді азаматтар өздеріне аманатталған ауыл тұрғындарының мұң-зарын биік мінберден байыппен зерделеп, мәселенің оң шешім табуына ықпал етеді деп сенеміз.