Алтайда VIII ғасырда өмір сүрген түркі жауынгерінің моласы табылды
Ресейлік және қазақстандық археологтар 1935 жылғы қазба жұмыстарынан кейін жоғалып кеткен VIII ғасырда Алтайда өмір сүрген түркі жауынгері Ақ-Кюннің жерленген жерін анықтады. Каzinform бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымдар қабірдің нақты орнын Қурай мен Шу даласындағы түркі дәуірі ескерткіштерінің картасына енгізді, деп хабарлады Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру орталығының баспасөз қызметінен.
«Үлкен Алтай» алтайтану және түркітану ғылыми-білім беру орталығының халықаралық археологиялық экспедициясы барысында Ресей мен Қазақстан ғалымдары Қурай мен Шу даласындағы түркі дәуіріндегі ескерткіштердің нақты орнын анықтап, картаға түсірді. Олардың арасында 1935 жылы алғаш рет табылған атақты түркі жауынгері Ақ-Кюннің моласы бар», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Жауынгер бейітінің орналасқан жері 1935 жылы жүргізілген қазба жұмыстарынан кейін жоғалған. Бұған қола дәуірі мен орта ғасырлардағы қорғандардың бір қорым кешенінде жақын орналасуы, сонымен қатар 20 ғасыр құжаттамасы мен ландшафттың өзгеруі әсер етті. Бейіттің қай жерде орналасқанын халықаралық археологиялық экспедиция құрамындағы «Үлкен Алтай – түркі мұрасы» циклының аясында анықталды.
Оған Алтай және Кемерово мемлекеттік университеттері, Ресей ғылым академиясы Сібір филиалының Археология және этнография институты, Ә.Марғұлан атындағы археология институты және ҚР Торайғыров атындағы университетінің ғалымдары қатысты.
1935 жылы қазба жұмыстары кезінде қабірден түрлі заттар табылды, олардың арасында күміс айылбастары және «Бұл Ақ-Кюн мырзаныкі» деген жазуы бар белдік болған. Кейіннен жерленген адамның бас сүйегіне антропологиялық реконструкция жасалып, қазір ол Алтай мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.