“Әлтайыр ісі”: Перизат Қайраттың ізімен кеткен жаңа алаяқтар ұсталды

Астанада қайырымдылық желеуімен ақша жымқырды деп айыпталған Тотақановтар жұбының соты басталды.
Астанада ерлі-зайыпты Тотақановтарға қатысты сот процесі басталды. Олар Instagram желісінде ұлдарының еміне деп қаражат жинап, шын мәнінде 1,3 миллиард теңгеден астам ақшаны жеке қажеттіліктерге жұмсады деген күдікке ілінген.
2020 жылдан 2024 жылға дейін Тотақановтар @altair_tota атты Instagram парақшасын жүргізіп, ондағы жазбаларда баласының ауыр дертке шалдыққанын айтып, елден көмек сұраған. Бірақ сот мәліметінше, жарияланған ақпарат жалған болған.
«Түскен қаражаттың едәуір бөлігі азартты ойындарға, бренд киімдерге, саяхаттарға және басқа да жеке мақсаттарға жұмсалған», - дейді Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Ақша аударымдарын жасыру үшін айыпталушылар қаражатты әйелінің атына, оның анасының атына, тіпті 2021 жылы қайтыс болған әжесінің шоттарына да аударып отырған.

Бастапқыда бәрі шынайы көрінді: Түркиялық дәрігерлер операцияны 50 миллион теңгеге жасауға келіскен. Бірақ бұл сома жиналған кезде, қайырымдылық қоры жабылған жоқ. Керісінше, жиналған қаражаттың ауқымы ұлғайып, 300–400 миллион теңге жарнамаға жұмсалып, бұл іске кәсіп көзімен қарау басталған.
Қайырымды жандар 4 жыл ішінде 1,3 миллиард теңге жинап берген. Алайда бұл ақша баланың еміне емес, жеке қажеттіліктерге – жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер, шетелге саяхат пен құмар ойындарға жұмсалғаны белгілі болды.
Айыптар: алаяқтық пен заңсыз жолмен келген ақшаны заңдастыру. Прокуратура ерлі-зайыптыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айыптап отыр:
- 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ – аса ірі көлемде жасалған алаяқтық;
- 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру.
Сонымен қатар Астанада тағы бір ұқсас іс қаралуда: әйел адам мен оның анасы онлайн платформалар арқылы жиналған қайырымдылық қаражатын жеке мақсатта жұмсады деген күдікке ілінген.
Қоғамда мұндай істерге қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Себебі олар шынайы мұқтаж жандарға деген сенімді шайқалтып, қайырымдылық мәдениетіне сызат түсіруі мүмкін.