Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 23 Шілде 2024

Алты айда МӘМС-ке 10,6 млрд теңге аударылды

МӘМС

Осы жылдың алты айында Жетісу облысының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасына 10,6 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Әсіресе маусым айында көрсеткіш бұрынғымен салыстырғанда артып, 1,8 млрд теңгеге жетіпті. Бұл туралы қор филиалының директоры Иван Самойленко хабарлады.

Негізінен МӘМС экономикалық қызмет түрі деуге де болады. Аударым жасаушылардың қаражаты Ұлттық банкте сақталады және арнайы белгіленген медициналық көмек пен қызмет түрлеріне қарай өңір-өңірге, ауруханаларға бөлінеді. Осылайша, МӘМС аударымдар мен жарналарды жинап, реттеуді басты міндет етеді. Бұл процесті жүзеге асыратын жергілікті билік пен ондағы арнайы штат мамандары. Қазірше айтқанда – филиал. Жетісу облыстық МӘМС филиалы жалпы процесс пен қол жеткізген нәтижелері туралы пікір білдіріп, жергілікті қызметтің маңызы туралы айтып берді.

«Қор – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізіп, денсаулық сақтау субъектілерінің халыққа көрсететін медициналық қызметін сатып алады, рәсімдейді, төлейді. Осы процестерді жүзеге асыру барысында коммерциялық емес ұйым сапа мен мониторинг мәселелеріне де көңіл бөледі. Атап өтерлік жайт, халықтың барлық жарналары мен аударымдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің арнайы шотына түседі. Кейін қор арқылы халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі. Бұл орайда алдымен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемі жоспарланады, содан кейін қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдардан қызметтерді сатып алу процесі басталады. Сатып алу 2020 жылдан бастап «Электрондық қаржы орталығы» АҚ веб-порталында электрондық форматта өткізіледі. Биылдан бастап онда «Сақтандыру» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр, төлемдер аталған жаңа жүйе арқылы жасалуда. Бұл адами фактор есебінен кететін қателіктерді азайтуға, процестің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған қадам» делінген Жетісу облыстық филиалының ресми жауабында.

Ал қор филиалының директоры Иван Самойленко былай дейді:

«Қазіргі таңда МӘМС-пен Жетісу облысы бойынша 60 медициналық мекеме шарт жасасқан, оның ішінде 28-і мемлекеттік мекеме, 32-сі жекеменшік мекеме. Біз әрбір медициналық ұйымның сапалы, уақытылы қызмет көрсетуін қадағалаймыз. Сапаны бақылауда ұстаймыз. Одан бөлек, цифрландыру, медициналық ұйымдарға төлем жасау процесін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру, МӘМС-ке халықты тарту, медициналық қызметтерді қолжетімдірек ету мақсатында Жетісу облысында арнайы өңірлік штаб құрылған. Оның құрамында Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, мемлекеттік кірістер департаменті, білім басқармасы, полиция департаменті, аудан, қала әкімдіктері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар бар.

Ал қазіргі нақты нәтижелер мен статистика туралы баяндар болсақ, Жетісу облысында 696 мың тұрғын бар, олардың 567 мыңнан астамы МӘМС арқылы сақтандырылған. Демек, сақтандырылмағандардың саны – 129 мыңдай. Оның ішінде Талдықорған қаласы бойынша 33 мыңнан астам тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Алайда бүгінде қорға сенім білдірушілер саны артып жатыр. Осы жылдағы алты айдың өзінде 20 мың адам тіркеліп үлгерген. Сәйкесінше, қызметті тұтыну қарқыны да артуда. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда өткен жылы стационарлық қызмет көлемі – 21 пайызға артып, шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін жағдайлар 3 пайызға төмендеген. Жоспарлы ауруханаға жатқызу 12 пайызға, консультациялық-диагностикалық қызметтерді тұтыну 26 пайызға өсті. Жалпы консультациялық-диагностикалық көмек бойынша 3,8 млн қызмет көрсетілген. Барлық бейіндер бойынша қалпына келтіру, яғни реабилитация ем-шарлары және оңалту қызметтері 22 пайыз көбейген».

Балауса Ділдәбек

Жетісу облысы

Тегтер: