Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:50

Алтын мұра һәм моңғолдың құпия шежіресі

1
Фото: ашық дерекөз

«Моңғолдың құпия шежіресі» – жалпы саны 282 бөліктерден құралатын құдым замандық құнды көнежазба.

Шыңғыс қағанның ғұмырлық құжағұры һәм құрама құжат. Түпнұсқасы беймағлұм құпия бітік. Әуелгі кезекте Иран тарихшысы Рашид әд-Дин Абағай ханның құзырындағы 1265–1282 жылдар арасында немесе 17 жыл қызметте ұлықталған тұсында МҚШ-ні көп аударып, төңкерген тәуіп ғұлама.

Бұдан кейін де теңдессіз құндылықтың аясында қисапсыз жазбалар таңбаланған бұ ғаламда. Әрине, мыңдаған жылдар өтсе де, ешқашан ескірмейтін жадтағы самал ол:

Қадырғали Қосымұлы жазған «Жылнамалар жинағы» (1602) және де Шыңғыс қағанның жиені Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» «Шежіре-и Түрк» (1665) сықылды жазбалар қалды. Бұл шежірені әйгілі сөзқуар, дуалы ауыз, лингвист Бодаухан Тоқанұлы моңғошылаған-ды (2010 ж.). Тәржіма туралы әдейі жұмылған ауыз көп ашыла қоймады.

Бұ жерде ең тағылымды осындай құндылықтардан егер жарымес болмаса, туада санаңыз зағип болмаса, жарты әлемді жаулаған жаңалықтан жалқыланып, ақиқаттан жарты айналып өту мүлдемге мүмкін де емес.

Мұнда бір ерекше жазбалардың ақиесі Қазан ғаламатының қаспағын қырған қырағы православие теологі ортодокс ғұламасы Архимандрит Палладийдің 1866 жылы МҚШ-ні қытайшадан тәржімалаған жақсы сипатта транскрипциялаған нұсқалары бүгінге шейін үнемі ізденімпаздар мен үміткер, білімгерлердің жадында жүр. Паллади пәлсафасы жарты әлемде пәрменді болғаны әмбеге аян: әмбе тауыриһат дәуірінде тындырымды бір іс болғаны да хақ. Қап, бәлкім, бір өкініш өткен құсайды!?

Бірегей саналы саналатын Кафаров тәуір «қытайшы» болғанымен «моңғолшы» емес еді. Сол тұрғыда өзінің сапарлас інісі әрі әріптесі қара қалмақтың тілін зерттеп жүрген Позднеев Алексей Матвеевич деген жігітке береді. Позднеевтің пышақтың қырындай тәржімасы соңынан таптырмас ірі құндылық болады деп ешкім нақты сәуелеп, долбарламады.

Ең күшті дерекші, екшеуіштігі күшті тағы бір еңбектенген тақуа қытайдың Хунань өлкесінің тумасы қара кидан нәсілінің Ей Дэхуй деген бей зейінді хакімі.

Чин империясының соңғы ширегі — Мәнжу Чин династиясы түбімен күйреген дәуірдің алмағайып оқиғалар тұсындағы саналы шайыры, ұқыпты жазбагері, таңғажайып шежіреге әбден берілген бітікшісі. Ей Дэхуй сықпыты мен сырты жағынан тым әлжуаз, көтерем жүдеулеу данышпан болатын дейді. Бірақ адам сенгісіз қомақты рухты іс тындырған қарапайым қара қытай. Мүмкін сол әлетте осыдан өзге тақуа көп болды ма екен?! Оның тасқа бастырған өңге де шығармаларының саны 350 000 томға жетіп жығылады дейді...

Ол өзі МҚШ-нің тұңғышқы тұсамысын шорт кесіп, құндылықтың тура жолын 1907 жылы ашты да ғаламдық жұмбақ шешетін ой сайыста орасан-орасан тартыстарда (көбінде өзіндік) ірі шешен пікірталастарды кеуелетіп, қайталап-қайталап жайып салғаны бар-ды. Бұнысы біреулерге тіреу бақан, біреулерге жақсы таған болғаны бар. «Жазса қара қытай жазсын...» деді кезеуілде.

Ал Ресейдің Моңғол танушылардың көшбасындағылардың бірі XV ғ. жауһары «Жаңһр» эпосын аударған ғалым Б.Я.Владимирцовтың «Чингис хаан» ғұмырнамалық (небәрі 176 бет) шағын сараптамасы 1922 жылы Петербург, Мәскеу, Берлинде жарық көрген-ді.

Осылайша Шыңғыс қағанның қалың тауыриһаты сол дәуірде Еуразия құрлықтарында енді ғана бой көтеріп келе жатқан... Мүлдемге мүдірді бір сорақы дәуір, соқыр заман, содырлы кезеңде.

Тура еуроцентрлік батыстың таптық көзқарастарға біріге бастағаны белгілі еді әуелгі мезетте. ХІІІ ғасыр ауқымындағы тауыриһат таласы осымен ойранға түсті.

Содан соң сан ғасырларда ерекше тұңғиықтанған тұманды тауыриһи ұғымдар империализм, интернационализм деп екіге жарылған ғаламның шытынаған терезесіне қарай жөңкілді, біршама көтерілді, тауыриһаттық қайнар бұлақтар бұлаңға түсті де ақ, қызыл деп екіге жарылды, кейбірі көпіріп тасыды, кейбірі көбіктеніп барып шым-шытырық интригалар басылды.

Осы сәттен бастап ескі кеңестік МХР-да — «Чингис хааны цэдэг» (1925), ХVII ғ. жазбасы — «Лу Алтан тобчи» (1926) атты қос шежіре қолға алынып, қайта жаңғыртылды. Құпия ашылар осы тұста: феодалдық, таптық утопиялық ұсақ-түйек мазақы себептермен бір кезеңде керемет көмескіленді әрі біржола жойыла жаздады. Ғұннан бергі біткен тауыриһаттың басталуы ма, әлде түб төркінімен аяқталуы ма деген сауалдарға келгенде ғалымдардың танауы қатты тасқа тірелген.

Батыс пен Шығыста Шыңғыс қаған дүрегей дүркірей жөнелген. Әуелі Эрик Хаениш есімді неміс ғалымы 1937 жылы Хаениш «Manghol un niuca tobca'an» мәтінін тереңірек өңдеді, ол үшін 1939 жылы сөздікті басып шығарды және 1940 жылы алғашқы аудармасын жадты жұртқа ұсынды. Солай 1943 жылы неміс тілінде оп-оңай тасқа бастырылғанымен бүткілі жіміле әлемге таласқан саяси зорлықтарда бұл сараптама да саяси кесапат, кедергіге тап болды. Дүниежүзілік қанды жаугершілікте әлгі сақалды гүржі Сталин мен адуын Гитлер екеуінің қырғын майданы кезінде еңбектің бір парасы отқа өртелген. Мүлде күйіп те кеткен жоқ. Әйтеуір жарты жұрнағы қалды есен-сау.

Бұдан кейін Богда ханның ақылманы Бавуугийн Цэнд гүн деген кісінің өсиеті бойынша: белгілі моңғол-буряд абызы, академик Цэндийн Дамдинсүрэн орыста оқып жүргенінде бағына жарай бабасының рухына көңіл бөліпті. Мүмкін тағылым, тапсырыс... Қалай болса да 1940 жылдары МҚШ-ні орыс тілінен моңғолшаға өте-мөте жаттықтап, әрі барынша көркемдеп аударды. Әрине, бұған қатысты екіұдай пікірлер бары рас. Алайда шежіре түсінікті әрі өте тегеурінді еді.

Құпия шежіренің дәл осы нұсқасын қазақшалаған Моңғолияның Халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлы төрт, бес дүркін бастырды. Сонымен қатар ол кісі қосалқы көне эпостар моңғол-түбіттің «Гэсэр», ойрат-қалмақтың «Жанһр» қатарлы құнды туындыларын да қазақшалап, құпиямен бірге жария етті. Тақияға тар келмейтін еңбек еді. Марқұмның еңбегін әдейі қомсынған Құдай ұрғандардың іштері қатты ашыған болуы керек, әрқилы өсектерді қоңырсытып та жүрді.

Орыстар МҚШ-ні ертерек қолға алғаны белгілі. Мысалы, 1914–1916 жылдары Моңғолдың дінбасы Богда ханның есеп-қисап жөніндегі кеңесшісі болған «қожың» лақапты пысық мұжық Сергей Андреевич Козин деген есімді алғыр да ойы есепке тым жүйрік әрі сергек ғалым әлдебір тапсырыспен 1941 жылы МҚШ-іні орыс тіліне тәржімалап, біршама пікірталастар туындатып бақты.

Шығыстанушы француз ғалымы, аса зерделі тіл маманы қытай, араб, парсы, тибет, моңғол, санскритше еркін сөйлейтін Поль Эжен Пеллио Пелльо Шығыс Түркістандағы (бүгінгі ШҰАР) экспедициялық топты басқарған еді. Экспедиция деген аты болмаса, құрамындағылардың түгелі барлаушылар болды.

Осы оңтайлы сыбағалы, ұрымтал тұста Сырдарияны көбелеп, өзбектің Ташкент, Әндижан, қырғыздың Ош, Алатау өңірі, қазақтың Талдық пен Өркештау өңірлерін кезіп, елді мекендерін аралай жүріп, ақыр аяғында қытайдың Өрімші-Дихуа кентіне дейін барғанда көшпенді бұқаралардың қыр-сырынан көп ізденгені байқалады.

Ол – 1905–1909 жылдар аралығындағы тұтас 4 жыл бойы сапар шеккенінде көшпенділердің тарихи ерекшеліктерінен ерекше ой түйген. Ұлы ғалым майдан аяқталып, мағыналы сапарының баяғы баянын мөрлеп бітірген сәтте аяқастынан асқынған дерт тиді. Байғұстың ажалы екен, қатерлі ісікке шалдығып, қайтыс болған.

Оның мұрасы ретінде МҚШ-нің 1948 жылы тәуір тәпсірленген нұсқамалар жинағы Парижде қайтадан басылды.

Бұдан кейін ерекше МҚШ-сі бойынша өте тұшымды ғылыми жаңалықтар ашқан ғалым Шанжмятавын Гаадамба болды. Ғалымның 1958 жылы қорғаған еңбегі ақыры 1979 жылы «Құпия шежіренің жұмбағы» деген атпен жеке кітап болып басылған-ды. Гаадамба ғалымның осынау дүрегей тағылымды еңбегінде МҚШ-дегі: «Татаар өгүүлэлдрүүн: Хүмүүн тутам ханцуйдаа хитугай ханцуйлж, дэр аван үхье» деген бір ғана құпия сөздің кілтін ерекшелеп ашып көрсетеді.

Ал осы бір «жастығымды алып өлейін» деген ұғымды бүткіл исі қазақтар, әсіресе Алтай, Қобда бетіндегілері күнделікті ауызекі мақамдарында қолданады. Осы «жастығымды алып кетейін» деген өзін қайраған бұйрық райлы сөз үздіксіз ойға қалдырады. Осыған ұқсас шежіредегі «Аға, Аға! Кісі ағалы, тон жағалы...», моңғолша: « Агаа, агаа! Хүн ахтай, дээл захтай...» деген атау да қадаулы тұрса бұ да кімдікі деген сауал туары сөзсіз... Шыңғыс қағанның тегі мейлі қият, мүмкін шивэй, тағы кімдерге телуге жақын екенін де шаруамыз жоқ. Тек қана бұл сөздердің тегі қайдан деген наз, аз ғана бұйымтай!?

Шыңғыс қаған тауыриһатында тағанды танымдық еңбектерімен түрен көтерген ғалым Зардыхан Қинаятұлы «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» (2010) қос томдық 728 беттік монографиялық еңбегінде біздің тәлтіректеп әйтеуір жете алмай долбарлап жүрген «қиялымыздағы қыңыр қисындарды» тезге салды.

Ал екінші мәрте екінші басылымға ұсынған ұласпалы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» 368 беттік еңбегінде қыпшақ даласындағы өткен таңғайып оқиғаларды талдайды. Алтын зерлі, атақты Ақ Орданың ғаламмен байланысындағы өрбіген шыңырау қиян шындықтарға сапар шегеді. Бірақ оны әлгі күлкілі прикол Гүлжан Қарағұсова айтқандай: «... мынау біздікі... өзінікі...» деп ешкім елемеді және «...ол менікім, кінәлім емес...» дегендер де керісінше табылмай жүрді!?

Тұлғаның ғұмырының ақырғы сәтіне таяу тұсында таңбалаған «Найман хандығы және мәдениеті» (2017) еңбегі өткен сегіз ғасырдағы (ХІІ–ХІХ) наймандар тауыриһатын түгендейді.

Моңғолияда әлденеше мәрте болған мәнжу тілінің маманы Борис Иванович Панкратов МҚШ-нің бірқанша бөлігін латын тіліне негіздеп, едәуір жақсы транскрипциялады. Бірақ бұл ғалымдардың бәрінің жете алмаған тұстары да көп деуге болады.

Үшінші елдерде қарап жатқан жоқ. Игорь де Рачевильц – моңғолтану бойынша маманданған италияндық тарихшы және филолог. Тегі жағынан сәл жақындығы болуы мүмкін осы Шыңғыс қағанға. Оның әжесі Алтын Ордадан шыққан қазандық татар еді.

Рачевильц – Ұрым университетін бітірген заңгер. Демек Шыңғыс қаған тауыриһатын қолға алған бөгде маман. Ол – Қытай тарихы бойынша ғылым дәрежесін алған синолог. Диссертациясы: Шыңғыс қағанның уәзірі, XIII ғасырдағы қытай ғалымы Ел Чуцайға арналған жінтікті тақырып.

Осы заманның ұлы тұлғалы, ғұламасы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс қаған» 4 томдық еңбегі қазақ тілінде жазылған ең үздік туынды ретінде әлемдік деңгейде қалары сөзсіз.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, зәудіғаламға танымал түрколог, ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы осы тақырыптан арыға жол тартты. Ежелгі сақтар (скиф) мен байырғы түрік этномәдениетінің сабақтастығы түрік мәтіндерін оқудың қолданбалық және теориялық мәселелері, түріктердің ел басқару жүйелерін, алтай танудың кешенді мәселелерін тынбай талдады. Ғалымның осыдан бірнеше жыл алдындағы Бұрқан Қалдуындағы сараптамалары, Шыңғыс қағанды жерлеу рәсімдеріне қатысты салмақты ойлары, тұжырымдары да қызықты. Бұл кісі Жошы-Қыпшақ империясының өзекті тұстарын да өте тартымды саралап келді. Әсіресе Х–ХІІІ ғ. Керей хандығы, ХІІ ғ. басындағы қидандардың Ляо патшалығы тұсындағы оқиғалар тоғысы, Тоғырыл Оң хан тағылымдары оның күйреуіне дейінгі тарихи ғажайып талдауларды жазып қалдырды.

Оның классикалық қытай жазба тілі курсы ұзақ уақыт бойы немістілді елдердегі беделді оқулық болды. Оның «Моңғолдардың құпия тарихын» аудармасы мен түсіндірмесі алдыңғы қатарлы жұмыс: 1240 жылы Керулен өзеніндегі Кодээ аралынан алынған моңғол стенограммасынан. 1937 жылы Хаениш «Manghol un niuca tobca'an» түпнұсқа мәтінін өңдеді, ол үшін 1939 жылы сөздікті басып шығарды және 1940 жылы алғашқы аудармасын ұсынды.

Сұраған Рахметұлы