Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:53, 12 Қазан 2023

«Алтын орда» «майданында» өзгеріс жоқ

алтын орда
Фото: informburo.kz

...Базар әкімшілігінің ғимаратына қайта келдік. «Охрана» жігіт анадайдан:

 

– Басшылық жаңа кетіп қалды, мұнда ешкім жоқ, – деп айғай салды.

«Алтын орда» базарында өткен жылдан бері ауыс-түйіс, өзгеріс көп. Басшылық ауысып жатыр. Ресми ақпараттарда базардың тәртіпке келгені, реттелгені айтылады. Шынымен солай ма? Жалпы «Алтын орда» базарында соңғы уақыттарда не өзгерді. Осы сұрақтардың анық-қанығын білу үшін арнайы базарға бардық, саудагерлермен, ондағы жұмысшылармен тілдестік.

Алматы-Бішкек тасжолындағы аспалы көпірден базарға қарай түскенде ең алдымен көзіңізге «құрылысы аяқсыз қалған» жаңа павильоны шалынады. Құрылыстың жер төлесі құйылған, бұрыш-бұрышының арматурасы сорайып тұр. Алайда ешқандай тіршілік белгісі білінбейді. Құрылыстың арғы жақ шетінде ауыр техникалар қаңтарулы тұр.

Базардағы көлік тұрағының кіреберісіне күзет қойылған, көлік иелері ақша төлеп, ішке кіріп жатыр. Онда арнайы тақтайшаға көліктің кіру құны жазылған («фура 1000 теңге, камаз 500 теңге, газель 200 теңге, жеңіл көлік 200 теңге»). Төлем қолма-қол да, Kaspi QR қосымшасы арқылы да жасалады. Тұрақты бақылаушылар «Big city market контроль» деген кеудеше киген. Демек, базарды қазір осы компания басқарып тұрған болуы мүмкін деген ойға бекідік. Сөйтіп алдымен базар әкімшілігі отырған ғимаратқа келдік.

Бізді компания сыртынан қара көзілдірік таққан, «күзет» деген киім киген азамат күтіп алды. Өзімізді таныстырып, басшылыққа сұрағымыз бар екенін айттық. Әлгі жігіт сөзімізді естіген соң-ақ қашқақтады. «Бүгін демалыс, мұнда ешім жоқ» деді. Біз «компанияның бірде-бір өкілі жоқ па, демалыс болса да базар жұмыс істеп тұр ғой?» деп едік, күзетші «мен білмедім, жауап бере алмаймын» деді. Сосын «сіздің атыңыз кім, мұнда қызметіңіз қалай?» деп сұрап едік, «охранамын», деді. Біз сұрағымызды дұрыс түсінбей қалған болар деп қайыра атын сұрадық, бірақ жігіт «охранамын» дегеннен танбады. Біз де сұрағымызды жиілетіп қоя бастадық, ақыры әлгі «охрана» ішке хабар берді.

Сәлден соң ғимараттан бір жігіт шықты. Ол өзін «Big city market компаниясының заңгерімін, есімім Ізбасар», деп таныстырды. Тегін сұрап едік «оны қайтесің?» – деп дік ете қалды (кейін анықтадық, бұл азамат Ізбасар Өтеулин екен, кейбір ақпараттарда оны Big city market компаниясының өкілі деп таныстырыпты). Ізбасар «охранадан» сәл басқаша сөйледі. Біздің сұрағымызға «жаңа осында журналистер келген, компанияның баспасөз өкілі солармен бірге базар аралауға кетті», деді. Біз ол кісілердің базардың қай жағында жүргенін сұрап едік «оны білмеймін», деді. «Қашан келеді?» деген сұрағымызға да дәл осылай жауап беріп, ішке кіріп кетті.

Енді базардың ескі бөлігін араладық. Саудагерлермен сөйлестік. Сонда азық-түлік сататын Арман есімді жігітпен таныстық. Ол сөзін: «базар басшылығына біреулер келді, біреулер кетті деп естіп жатамыз, бірақ біздің жұмысымызда көп ештеңе өзгерген жоқ», деп бастады. Оның айтуынша, базардағы бір контейнер үшін айына 33 мың теңге төлейді екен. «Кесімді ақшасын берсеңіз болды, ешкім шаруаңызға араласпайды» дейді. Арманнан жаңадан салынып жатқан павильон туралы да сұрадық, жауабын: «мен ол жаққа ақша салмадым, әуресі көп. Басшылық жиі ауысады, кімге сенесің, бізге мұнда (ескі базарда) келер жылға дейін тұра бересіңдер деген, егер бұл жер сүріліп жатса базардағы сауданы да қоятын шығармын», деді.

Бұдан соң базарда арба сүйреп, зат таситын жігіттерді іздедік. Тоқтарбай деген азаматпен тілдестік. Оның айтуынша, әр арба базарға кіргені үшін әкімшілікке 1400 теңге төлейді екен.

«Бәрі де баяғыша, ештеңе өзгерген жоқ, бұрын мың теңге төлейтінбіз, онан соң 1100 теңге төледік, ал қазір 1400 теңге, өзгеріс осы ғана, бастықтар да өзгерген жоқ («бастық» деп өзінен ақша алатын кісілерді айтып отырса керек, – авт.). Бастапқыда төлем жасағанымыз үшін түбіртек беретін, қазір бермейді», – деді.

Бір байқағанымыз – сатушылар самбырлап, проблемаларын айта бастағанмен, журналист екеніңді айтып, диктафон қоса қалсаң сөзін доғара қояды. Дәл осылай істеген, атын сұрасақ «оны қайтесің» деп жауап берген бір сатушы: «базарда 6 жылдан бері жұмыс істеп келем, екі контейнер үшін айына 75 мың теңге төлеймін. Ескі базар бұзылады деп жылда айтады, бірақ бұзылмайды, бұзылып жатса көреміз. Жаңа павильонға ашқа салған жоқпын, кімге сенесің, басшылық жиі ауысады», деді.

Бұдан соң таксишілермен сөйлестік. «Әр кіргеніміз үшін 200 теңге төлейміз» дейді. Олар бір күнге лайықталған кесімді баға болса дейді. Себебі «табысымыздың біраз бөлігі есіктен кіргенге кетеді» деп мұңын шақты.

...Базар әкімшілігінің ғимаратына қайта келдік. «Охрана» жігіт анадайдан:

– Басшылық жаңа кетіп қалды, мұнда ешкім жоқ, – деп айғай салды.

*****

Атышулы «Алтын орда» базары жұртшылыққа етене таныс. Онда 5 мыңнан астам сауда орны бар. Күнделікті сауда жасаушылардың саны 50 мыңға жуықтайды. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ет, көкөніс өнімдерінің көтерме саудасының 40 пайызын, ал бөлшек сауданың 70 пайызын құрайды. Негізі бұл базардың құрылу тарихы, нақты иесі туралы ресми ақпарат аз. Ашық дереккөздерінде «Алтын орданы» 2000 жылдары Алтынбек Әлпиев есімді қырғыз кәсіпкері құрған дейді. Алайда 2007 жылы қазан айында А.Әлпиевке қастандық жасалып, өлтіріледі. Осыдан соң оның серіктестері базарды басқа біреулерге сатып жібереді. Бір қызығы А.Әлпиевке кімдердің қастандық жасағаны да белгісіз күйде қалды. Оның ақыры «қылмыскерлер ізін жасырып үлгерді, қашып кетті» болды.

Осы оқиғадан соң «Алтын орданы» Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаевтың туған інісі Б.Назарбаев басқаратыны туралы ел ішінде сөз тарады. Б.Назарбаев бастапқы кезде базарға Kurylys LTD ЖШС арқылы иелік етіп отырған. Кейін, 2013 жылы BN ALTYN ORDA LTD кәсіпорнын құрып, базарды тұтас меншігіне алған делінеді.

2022 жылы, Қаңтар оқиғасынан кейін базарға қатысты біраз шындықтың беті ашылды. 2022 жылы сауда және интеграция министрлігі «Алтын орда» базарының Kurylys LTD ЖШС-на тиеселі екенін айтты. Әрі базар әкімшілігінің 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде заң бұзушылыққа жол бергені анықталды. Ең қызығы осы мәлімдемеден соң базардың иесі ретінде Данияр Әлпиев есімді азаматтың аты аталды. Ол қастандықпен өлтірілген Алтынбек Әлпиевтің ұлы еді. 2022 жылы сәуір айында Д.Әлпиев президентке үндеу жариялады. Мұнда ол өзіне және отбасына қауіп төніп тұрғанын айтты, сондай-ақ ол «Алтын орда» базарын басып алу жайын және әкесінің қастандықпен өлтірілуін баян етті.

Осыдан соң «Алтын орданың» тағы бір иесі бар екен» деген сөз тарады. Тіпті Еркебұлан Хамзин есімді азамат базардың 95 пайызын еншілегені туралы айтылды. Сөйтсек, «Алтын орда» базары Е.Хамзинге тиесілі Number One ЖШС компаниясына 2022 жылдың ақпан айында сатылған көрінеді. Қазір базардың екі құрылтайшысы бар делінеді. Number One ЖШС компаниясына базардың 80 пайызы, ал қалған 20 пайызы Д.Әлпиевке тиесілі.

Дегенмен «Алтын орданың» дауы мұнымен біте қоймады. Бірде базарға әлдебір күштердің қысым көрсетіп жатқаны айтылды, енді бірде көтерме саудагерлер «ақы төлеген жерімізде сауда жасатпайды» деп шағымданды және бірде саудагерлер тауарларының заңсыз тартылып алынғаны жайында арыз айтты. Ал жақында «келер жылдың басында салынып бітуі тиіс» жаңа павильонның құрылысы тоқтатылғаны туралы ақпарат тарады. Сөйтсек, Altyn Orda new company компаниясы саудагерлерден жабық базар салып беру үшін ақша жинаған, жоспар бойынша биыл 9 маусымда басталған базар құрылысы келер жылдың 9 қаңтарында аяқталуы тиіс еді. Алайда орта жолдан құрылыс тоқтап қалған.

«Алтын орда» базары төңірегінде жауабы жоқ сұрақ көп. Кейбір ақпараттарда: «базар үшін әлі талас жүріп жатыр» делінеді. Әрине, ол жағы анық емес, бірақ бір анығы қарапайым сатушылар мен жұмысшылар үшін базарда бұрынғымен салыстырғанда көп ештеңе өзгермегені.

Жақсылық Қазымұратұлы