Алтын жауған Азия чемпионаты

Шри-Ланканың Коломбо қаласында 11–23 мамыр аралығында бокстан екі жас тобы бойынша – жастар (19 жасқа дейін) және 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа 23 елден 400-ден астам жас боксшы қатысты. Қазақстан құрамасы турнирге 50 спортшы апарып, 48 жүлде жеңіп алды.
Азия бокс конфедерациясы (ASBC) туы астында өткен құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы 41 алтын, 6 күміс және 1 қола, жалпы 48 медальге қол жеткізді. Турнирде барлығы 50 медаль жиынтығы сарапқа салынған: ерлер арасында 26, әйелдер арасында 24 медаль.
Ең мінсіз көрсеткішті Жанкелді Ахметов баптайтын жастар санаты бойынша (U19) Қазақстан қыздар құрамасы көрсетті. 12 салмақтың бәрінде біздің бұрымды боксшылар финалға шығып, бәрі чемпион атанды. Бұл бәсекеге 21 елдің спортшылары қатысқан.
Дәл осы санатта (2007-2008 жылы туған боксшылар) Қазақстан ерлер құрамасы 10 алтын медаль алды. Финалға шыққан 11 спортшымыздың біреуі ғана күміс жүлдегер атанды. Тағы бір боксшы қола медальге қол жеткізді. Бұл команданың аға жаттықтырушысы – Мақсат Бақтыбазар. 25 салмақ бойынша (ұлдар – 13, қыздар – 12) өткен бәсекеде Қазақстан құрамасы 22 алтын медаль алды. Қалған 3 алтын жүлде Тәжікстан (2 салмақ) мен Қырғызстан (1 салмақ) спортшыларына бұйырды.
22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы бәсекеде де Қазақстан қыздар құрамасының 12 мүшесі толық финалға шыққан. Бірақ ақтық сында үшеуі жеңіліске ұшырады. Осылайша, бұл санаттағы бұрымды боксшыларымыз 9 алтын, 3 күміс жүлде алды. Ал Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын Қазақстан ерлер құрамасының (U22) 12 өкілі финалға жолдама алып, оны чемпион атанды, екеуі күміс жүлде алды. Бір боксшы ғана жарысты ерте аяқтады. Бұл бәсекеде 19 елден 74 боксшы сынға түсті. Қазақстан құрамасы ғана толық құрамда өнер көрсетті. Ал Өзбекстаннан 3 боксшы ғана келген. Оның біреуі күміс, екеуі қола жүлдегер атанды.
2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Сәрсекбаев қазақстандық боксшыларды қатты сынаған. Содан кейін Олимпиада чемпионы қосалқы құрамды жаттықтыру мүмкіндігіне ие болған еді. Өзі шәкірт апарған алғашқы ірі турнирінде жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Халықаралық бокс федерациясының (IBA) ережесіне сәйкес, жастар мен 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының жүлдегерлері ақшалай сыйақыға ие болады. Алтын медаль үшін – 1000, күміс үшін – 500 және қола үшін – 250 доллар алды.
U19 және U22 Азия чемпионатының медальдер кестесі:
Қазақстан – 41 алтын, 6 күміс, 1 қола;
Тәжікстан – 3 алтын, 4 күміс, 6 қола;
Қырғызстан – 3 алтын, 10 күміс, 10 қола.