Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 27 Қыркүйек 2024

«Алтынын тастап кеткен ат басындай...». «Абай жолындағы» Құнанбайды танымауымыз қалай?

Құнанбай

Ғұлама Әуезов: «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек.

 Ал мен оның бетін ғана қалқыдым» деп жазатынын білеміз. Демек, Абай жайында айтатын да, жазатын да, жайлардың өрісі – ұлан-ғайыр. Бірақ қаламгер қауым «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай тұлғасына неге соншалықты құмар? Тіпті кейбіреудің әйгілі тарихи қайраткерді әдеби туындыда «танымай қалып» жататыны қалай? Осы орайда, бірден айтайын, «көркем образ тарихи шындықтан алшақ... Әуезов айта алмай кеткен... заманы айтқызбады...» деген сөздерді өз басым мүлде түсінбеймін.

«Абай жолында» даңқты романның бір «шыңы» – Құнанбайға «советтік жаңа адамның» қасаң ой-көзімен қарамай немесе «әкенің ғана ұлдарының» ата намысын жыртқан жалған намысы мен бос дабырасын құлаққа ілмей, дала данышпанымен шын серіктес боп, сұхбат құрсаңыз, ондай алыпқашпа сөздердің ескі сананың сарқыншағы екеніне күмәніңіз қалмайды. Мұхтар Әуезовтің өз кейіпкеріне қатысты әділ әрі әдеби суреткерлік «құпиясы» туралы біз ертеректе де жазғанбыз. Онда «Құнанбай және қаламгер құпиясы» атты мақаламыз «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген еді («Қ.Ә», 30.03.2018 ж.). Аталған тақырыпқа қайта оралуымның себебі – «Құнанбай образы тарихи шындықтан алшақ» деп, «ащы ішектей» созылып, үзілмей келе жатқан дақпырт. Осы орайда «ағат басқан» әріптестерімнің әрқайсысы өзді-өзін жазбай танып жатса, оған біздің жазығымыз жоқ: «оңы мен солын» оқырман өзі-ақ ажыратып алады.

Жалпы, көркем шындық пен тарихи шындықты бөліп-жарып, қарама-қайшылықта қарастыру, біздіңше, әбес әрекет. Жалпақ тілмен айтсақ, көркем шындық өткеннің болғаны мен бүгіннің барын әдеби тәсілдерді қолдана отырып, әсте бұрмаламай, әдіптеуге келіп саяды. Мұның әсіресе тарихи тұлғаға қатысты айнымас қағида екені де даусыз. Олай болса, «көркем шығармада Құнанбай бейнесінің «зардап шеккенін» жалаулату, жұмсартып айтқанда, шындықпен жағаласқандай қисынсыз. Әйгілі романда Құнанбай қажыны, әсілі былайғы жұрт «танымай» қалып жатса, оған кінә жоқ. Осы «қыңыр» әңгімеге «тамыздық» тастайтындардың арасында ғалымдардың бары өкінішті. Еріксіз таңғаласың... әлде, олар ертеректе жазылған дүниесін мұрағатынан алып, «ұстата» салады ма екен? Басқа-басқа, роман-эпопеяның қыры мен сырына абайтанушылардың жақсы қанық екеніне сөз бар ма?!

1

Сондықтан Әуезов сомдаған Құнанбай атамыз туралы қайтара жазуға құштар емес едім. Алайда тарихи шындыққа «көлеңке түсірген» көркем шындық жайында айтпау қалуға көңіл шіркін тағы көнбейді. Былайғы жұрттың «сыңар езу» сөздері, әлбетте желге ұшқанмен бірдей! Ал ғалымның «хаты» қауымды адастырса ше!? Кезіндегі содыр саясат онсыз да «тап жауы» деп көзге шұқып, Құнанбайды да, оның ұрпақтарын да аяған жоқ. Біздің ғана білетініміз, қажы әулетінен 14 ұрпағы саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Осыны айтқанда, «ұлы Абай кәрілікке жеткен күнде, тағдыры қалай болар еді...» деген ойдан жанымыз түршігеді. Сонымен Құнанбай бейнесіне қайта оралсақ, тарихи тұлғаға қатысты тарихи шындық пен көркем шындықтың өзгешелігі дегенге мені ешкім де иландыра алмайды. Көркем шығармада, әрине, кейіпкер бейнесін жан-жақты ашып көрсету үшін ойдан қосу арқылы оқиғаларды қоюлатып, тұлға келбетін шиеленіс үстінде ширата түсу заңдылық.

Олай болса, жазушының көркемдік тәсілдер мен шешімдерді, жаңа айтқанымыздай, өз кейіпкерін мейлінше сан қырынан әрі терең таныта түсу мақсатында қолданатыны және мұның тарихи шындыққа сайма-сай болуы қажет екені даусыз. Ал қолдағы деректермен салыстыра келгенде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» Құнанбай бейнесінің тарихи тұлғаның табиғи болмыс-бітіміне әбден лайық сомдалғанына еш күмәніңіз қалмайды. Рас, суреткер төл шығармасын жазуға кіріскен кезде, қажының замандастарының көпшілігі дүниеден өтіп кеткен немесе көзі тірісі қартайыңқырап қалған еді. Кейінгі ұрпақтың, яки Абайдың қатарластарының, Құнанбайды былай қойғанда, ақынның жастық шағына да куәлік ете алмайтыны түсінікті. Ендеше, Көкбай мен Кәкітай, Шәкәрім мен Ақылбай заманынан әлдеқайда қалыс өзгеміздің «тарихи шындықтың» куәгеріндей, жар салуымыздың жөні қайсы?

Әуезовке, әлбетте адвокаттың қажеттігі жоқ, оның Құнанбайы да ешқандай қорғаушыға кіріптар емес. Романда, айталық, кезінде зұлымдық пен залымдықтың дәлеліндей дабырайтқан Қодар мен Қамқаға қатысты байлау жалғыз Құнанбайдың емес, тобықтының игі жақсысының қатал, бірақ әділетті шешімі болатын. Сондай-ақ шығармада асып-тасқан әулекі әрекетімен ел арасына жік салатын «мәжнүн» немересі Әмірді қажының алқымынан алған адуын «мінезін» де түсінуге болады. Бірақ «қып-қызыл» диктатураның қолжаулықтары «жұмбақ» кітаптан өздеріне керек «қатыгездік» деректерін сүзіп алып, мұны «тап күресінің» мысалы ретінде желпілдете жөнелді. Сөйтіп, Құнанбайдың «қатыгездігі мен айлакерлігінің» мысалы ретінде Қодар мен Қамқа жайы да көлденең тартылды. Эпопеядағы бір немесе бірнеше эпизодты тұрпайы социологизм – «таптық көзқарас» елегінде сүзудің салдарынан Құнанбай келбеті кейбіреуге әлі де болса тарихи шындықтан «алшақ-мыс».

Әуезов «шындықты айта алмай кетті...» деген сыңаржақ пікір де соның салдары. Шындығында, мұрағат материалдары табиғи дарыны мен табандылығының арқасында М.Әуезовтің ұлы ақын мен әкесі, олардың айналасы туралы қажетті дәл-дәлді деректерді жеткілікті жинай алғанына куәлік етеді. Тіпті Хәкімнің бірінші «Өмірбаяны-ақ» қаламгердің Құнанбай тұлғасын естіп білгендері мен көріп түйгендерінің, сондай-ақ қажы туралы Абай өлеңдерінің, Кәкітай мен Тұрағұл секілді ұрпақтарының естеліктерінің негізінде сомдағанын көрсетеді («Абайтану», таңдамалы еңбектер, «Абайдың туысы мен өмірі». Абай Өмірбаянының алғашқы нұсқасы (1927-1933), «Абай» ғылыми-зерттеу институты, 2015 ж.). Соған орай ел ағасы Құнанбай эпопеяда қатыгез емес, бір айтқанынан қайтпас қатал, жалтақ емес – әділ, жалаң жанашыр емес, шапағаты бір басына жетерлік тұлға.

Жазушы «Өмірбаянда» Құнанбайдың «әке-шеше мінезінен гөрі басқарақ», кесек мінезді қатты адам болғанына назар аудара отырып, кейін өзінің көркем шығармасында осы ұстанымынан айнымайды: «Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес. Әке, шеше, жанашыр жақынға да бірқалыпты... ағайынның да, әкенің де дәме қылса қылатыны – жалғыз сол...» (сонда, «Абайтану», 37-б.). Бұған қоса романда қажының «жас күнінде ат үстіндегі қайраттылық ерліктен басқа, ақылға да, сөзге де орамды кісінің белгісін бергені» де «Өмірбаян» нұсқасымен егіз өріледі: «...сол кезде үлкен кәрілікке жеткен Нысан абыз деген ел сыншысы Өскембайға: «Өзіңнің бағың Қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады» деп сын айтыпты дейді» (сонда, «Абайтану», 37-б.). Бұған Абайдың перзенті Әбдірахманды жоқтап, өзін сабырға шақырған «Арғы атасы қажы еді...» атты өлеңі де нақты дәлел.

Олай болса, Әуезовтің Құнанбайы туралы сөз болғанда, «көркем шындықтың құрбаны» емес, «таптық күрес» көз байлаған дұрыс түсінбеу мен теріс түсіндірудің, яки зобалаң заманның зардабы туралы айтқан абзал.

Ал Абайдың әкесіне деген перзенттік сүйіспеншілігінен, айналасының Құнанбайға деген құрмет-қошеметінен Мұхтар Омарханұлы жастайынан-ақ хабардар. Көркем шығармада ақынның қажылыққа аттанатын әкесіне жасаған қолғабысы мен уәделі сөзі және Бөжей ауылынан ширығып оралғанда, оның өзгелерден артықшылығын аңғарып, «қатпар-қатпар шыңға» теңеуінің өзі неге тұрады?! Әкесіне деген сүйіспеншілігі Абайдың жоғарыда аталған өлеңінен де айқын танылады. Ол қажының «жастайынан адал да ақылды» қасиеттерін «Мал түгіл жанға мырза еді, Әр қиынға сермепті. Мұңды, шерлі, жоқ-жітік / Аңсап алдын кернепті...», – деп ерекше ардақ тұтады.

Дегенмен ғалымдар мен жазушылардың «Абай жолындағы» Құнанбайдың заманының тарихи заңғар тұлғасы екенін мықтап есте ұстағандары құба-құп. Тегінде, қажыны романда «танымай қалып, табанынан тоза іздеу» ешкімге абырой әпермейді. Бүгінгі азат ақыл, еркін сана үшін, тағы да қайталаймыз, Құнанбай қорғауға да мұқтаж емес. Сондықтан Әуезов әлемінің бір «шыңы» да – Құнанбай бейнесі. Бірақ жалаң ұран жалаңдаған кеңестік кезеңде, жоғарыда айтқанымыздай, қаламгер «құпиясын» көрмеу мен бұрмалаудың салдарынан аға сұлтанға қатысты қайшылықты пікірлер қалыптасты. Тіпті баяғыда өткен оқиғаға, тап бір өздері басы-қасында болғандай, куәлік ететіндер табылды. Турасына көшсек, Құнанбай туралы білетініміз – Абайдың бірнеше өлеңі, «ескі көздердің» естеліктері немесе А.Янушкевич секілді ғалымдардың жазбалары ғана болатын.

Поляк саяхатшысы «Құнанбай би... Барақ сұлтаннан аз-ақ үлкен, бұл да қыр еліне әйгілі адам. ...Жаратылысынан ақыл дарыған, зерек, қара сөзге шешен, ойлы, тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды, қыр елінің әдет-ғұрып заңына, шариғат жолына жүйрік... Орыс елінің қырғыздар (қазақтар) туралы заң ережелерін де жақсы біледі...» параға сатылмайтын әділ би, үлгілі мұсылман. Оған ақыл сұрауға алыс ауылдардан жас пен кәрі де, кедей мен бай да ағылып кеп жатады» деп, қажының романдағы тұлғасына куәлік етеді (А. Янушкевич «Дневники и письма из путешествия по казахским степям», А.,1966., 59,63-б). Құнанбайға деген ел-жұрттың жаңағыдай ерекше ізеті мен ілтипатын, әлбетте Мұхтар Әуезов жақсы біледі.

Ендеше, Құнанбай туралы пікірлерге жазушының көз жұма алмасы да кәміл. Тарихтан мәлім, 1824 жылы бекініс ретінде іргетасы қаланған Қарқаралыда «...Құнекең аға сұлтандыққа кіріскен кезінде орыс шіркеуі тұрғызыла бастайды. Уәли, Бөкей хан иеліктері Көкшетау, Қарқаралы өңірлерінде патша өкіметінің бекініс, округтерінің ашылуы оны қатты ойландырады. Ұлт дәстүрін, рухын бөтен пиғылдан сақтау мақсатын көздеп және өзі тікелей мұрындық болып салғызған мешіттің тарихы Құнанбайдың Сібір қырғыздарының шекара бастығы полковник Клейст мырзаға арнайы хат жазуынан басталады»(Б. Ерсәлімов «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары», 14-б., 2005 ж,). Ұлт санасы жаңғырған заманда Құнанбай бейнесі тектілікке тән табиғатымен танылуда... бостандыққа «Абай жолы» да бізбен бірге зарыққандай. Бодан заманда Құнанбайға «теріс айналған» көпшілік егемен ел болғанда дала данышпанымен қайта қауышты.

1

«Айтуға тілді тербетті»

Жауһар шығармасына даярлықпен жазу кезеңінде Әуезов төрт мәрте толықтырған «Абайдың туысы мен өмірі» еңбегінде, яки «Өмірбаянда» ол ақынның өсіп, ержеткен ортасын мұқият барлап, Құнанбай тұлғасына жіті зер салады: «...Сыбан Кеңесбай деген кісі өлерде өсиет айтқанда: «Төремен ел болса, екінші ел арасында сөз болса, Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбаймен ақылдаспай істеме» депті. Қаламгердің аға сұлтанмен жақынырақ «танысуына» бір топ кісімен намаз оқыған Кенесары әскерін Құнанбайдың орыстарға шапқызбауы, қазақтың соңғы ханын ұстап бермеуге серіктерімен уәделесуі немесе оның бір батырын найзаламақшы болған Жуантаяқ Төбет деген өз батырын сабауы себеп болғаны да даусыз.

Олай болса, Әуезовтің кейіпкері – Құнанбай дала дәстүрін берік ұстанып, ел қамын «қалт етпей күзеткен» біртуар тұлға. Мына бір дерек те соның айғағы: «...1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып ас бергенде, Балта ақын айтыпты деген сөз бар: «Атың шыққан Үрімнің қақпасындай, Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай. Кешегі өтіп кеткен би Өсекем, Алтынын тастап кеткен ат басындай. Үш жүзді жиып ас бердің, Келістіріп сәйкесін, Арғынның өзін биледің, Алшысы мен тәйкесін...» (сонда, «Абайтану», 39-б.). Ел аузындағы осы екі ауыз пікір ғана Әуезовтің Құнанбай бейнесіне келгенде «жаза басуы» мүмкін емесін көрсетеді. Ендеше, «Абай жолына» тағы бір зер салып, зердені бұлдыратқан бодандық бұлтын серпіп тастап көрелік. Сонда жазушының ел мақтаған Құнанбай тұлғасын сан қырынан әрі айқын бейнелейтінін көреміз.

Романнан, айталық, әкелі-балалы екеудің өзара шынайы разылығын байқамау тарихи шындыққа, міне, осы қиянат. Мәселен, балаларын мақтау арқылы айналасыныңҚұнанбайға жасайтын қошеметі естеріңізде болар. Демек, қажының «көп шіміркенбей», Абайға қарап: «Оданда, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші!» дейтінін де білсеңіздер керек (М. Әуезов «Абай жолы», «Жазушы», 2013 ж.,1-кітап,15-б.). Жазушы сондай-ақ қасиетті Меккеге аттанар алдындағы Құнанбайдың, оның туғандары мен жақын-жуығының көңіл күйін кейіпкерінің табиғи болмысына тән айшықтайды. Абайдың шешесі Ұлжан мен апайы Мәкішке «ауыр мехнат жолына» баратынын әкесінің білетінін, «тәуекелі таудай жан, Арқаның қазағында осы сапарға ең алғаш қадам қойып отырған кісі» екенін айтып, сабырға шақыратыны белгілі (сонда, «Абай жолы», 2-кітап, 6-б.).

Қоштасар алдындағы Құнанбайдың біртуар тұлғасы, оның отбасымен әңгімесі барысында одан әрі шоқтықтана түседі. Бала-шағасының қимастық сезімін түсіне отырып та өзінің көп арызбен тергеліп, айдалып кету қатері төнген шақты да олардың естеріне салып, тәубаға «жығып», терең ой түйеді: «...Тірлік табыспен ғана тәтті ме? Табысқа жетпей тұрғандағы талап пен мұрат одан да тәтті деп білем...». Әкелерінің сөзін бата ретінде қабылдаған Абайдың «...аталық еңбегіңізді ақтай өсу біздің де мұратымыз» дейтінін білеміз. Сол секілді Құнанбайдың перзенті Абайдан бір үлкен жұбаныш тапқандай ырза болып, әйелі Ұлжанға «жолы өзінің жолынан басқа ұлын шаушайламауды» тапсыратыны да жадымызда. Оның, әсіресе қоштасар сәтте ұлын «ұзақ құшып... Абайдың бетінен иіскеп, демін ұзақ тартып алғандай болуы» көңіл тебірентерлік (сонда, 2-кітап,9,10, 11, 26-б.).

Алыс жолға бір жыл бұрын бекінген Әуезовтің кейіпкері – Құнанбай қаншалық пұл керегін білсе де, бұл сапарға мөлшерден төрт-бес еседей артық қаржы қамдайды. Ондағысы – «тәуір ниетпен татымды боп бару. Өмір бойы сараңдықтың құлы болмағанымен, ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін. Мына сапарда да сондай бір нәрсеге бекінген сияқты. Бірақ не істемегін, тіпті қатын-балаға да айтқан жоқ. Барып орындап қайтса, сонда білдіреді» (сонда, 2-кітап, 8-б). Қажының «құпиясын», яки «қай істе болса да кесек» мінезін автор оның Меккеде қазақ қажылары түсіп жүретін «Тәкие» деген үй салғызуымен үлгі етеді. Ал «Өмірбаянда» оның мырзалығы «намаз оқушы кедейлерге ат беру, киім беру сияқты әдеттерімен, Орта жүздің басты билерінің алдыңғы қатарындағы кісі саналуымен» сипатталады (сонда, «Абайтану», 44,45-б.).

Ақынның Жігітек Байдалыға жолығып, жаңа айтқандай, тағы сол рудың маңдай қасқасы Бөжейдің қолындағы қарындасы Кәмшаттың күтімсіз, сырқат халын көріп қайтқандағы әкесінің «ат қинайсың, шаруа күйзелтесің» деп ұсақ мазасыздық жасамайтын», адамның «ішіндегі көңіл күйін дәл табатын» ерекшелігі де мойындатады. Абай әкесіне «Байдалыдан есіткен сөздерді бұлжытпастан түгел» жеткізеді. Байдалы Қаратай, Бөжей, Байсал бас қосқан әңгіме үстінде Көкше Қаратайдың «мырзаның да, шешеннің де, жақсының да Құнанбай» екенін атап көрсететінін білеміз. Сонда Байсалдың «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзі?.. Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен?» дегеніне де ол іле жауап қайтарады: «Уай, тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ, «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» (сонда, 1-кітап, 158, 159 б.).

Осы әңгіме үстінде өзінен жауап күткен ұлына Құнанбай былай дейді: «Қаратай жүйрік қой... Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірімде ұстанған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар... Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жітігі толған ба?». Ойландыратын сөз естіген Абайға «...әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен гөрі, басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты...»(сонда, 1-кітап, 161). Оләкесінің өзі де «қасиеті әрі міні» ретінде мойындайтын «табандылығына» Қаратайдың «не қылайыны жоқ қой» деп берген бағасының салмағын да түсінген еді.

Құнанбай

Өзінің айтқан «сәлеміне» Бөжейдің қысас жауабын естігендегі Құнанбайдың «сұрғылт жүзі түнеріп, қатты ашумен қарайып, бетіндегі түк атаулысы бозғылданған» ұстамдылығы қайран қалдырады. Ол «жасынан түсін билеп сыр бермейтін» қалпымен «барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалады». Осы сәтте қажының «бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбайдың «Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» деген таңданысына оқырман да қосылады. Бидің Құнанбайды «өзі көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі де», оның осындай ұстамдылығынан болатын (сонда,1-кітап,103-б.). Қазақстанның Халық жазушысы Қ. Мұхаметжановтың төртінші атасы Күдері қожа да ел иесі – Құнанбайды жоғары бағалаған көрінеді.

Күдері қожа «Құнекеңнің аға сұлтандыққа сайлану рәсімінде екіұдай дау туғанда мына сөздерді айтуға мәжбүр болыпты: «Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе?! Келеден арнасы бір із емес пе? Қарадан хан болса да реті бар, Салмаңдар қу кеңірдек, қыл өңешке... Кімің бар Құнанбайдан озып туған, Айырма елді нағыз иесінен...» (сонда, Б. Ерсәлімов, 55-б). Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы әкесі Өскембайға ас бергенде Құнанбайдың Үш жүзді түгел шақырған жомарттығын баса көрсетеді: «Қазанға ішек-қарын салдырмаған... қалған аттарға да бәйге берген... жаназашыға арнап жетпіс үй тіктірген... бір үй бір үйден керек қылып көмір де сұрап алмаған... жаназаға жиылған жан басына «жайнамаз қылып алсын» деп бір-бір кез жыртыс бердірген, өзге малдан бөлек «жаназақы» деп төрт түйе бөлген». Бұған қоса Мәшһүр «Жидебай батыр» атты жазбасында Арғын Жанғұтты Ботантайұғлының «Тобықты Құнанбай – шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ...» деген сөзін де еске салады (М.Ж.Көпейұлы, 10 томдық жинақ, Павлодар, 2023 ж., 8-том, 167,168-б., 9-том, 170-б ).

Рас, «қып-қызыл» қанқұйлы қоғамның ызғарын Әуезовтің романынан да сезінеміз. Бірақ автордың асқан талғаммен жапқан «таптық шекпенінің» Құнанбайдың сом тұлғасына қонбай тұрғанын көрмеу мүмкін емес. «Абай жолымен» қайта жүріп өтіп, жазушының заман қыспағына жасаған амал-тәсілдерін түсінгенде «қапаста» тірлік кеше жүріп те ғажайып шығарма жазған қаламгер «құпиясына» бас иеміз. Олай болса, қажыны романда «танымай қалу» әділетке қайшы. «Абай жолы» Құнанбайдың өмірдегі және өнердегі, яки тарихи және көркем тұлғасын егіздің сыңарындай паш етеді. Ал сол «ат басындай алтыннан» жеткен асыл – Абай Құнанбайұлы еді.

Болат Жүнісбеков,

жазушы

Тегтер: