Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:14, 01 Ақпан 2024

Алтыннан 3 мың есе қымбат. Тек Қазақстанда өндірілетін осмий-187-нің белгісіз тағдыры

Төлеген Бүкіров

Қазақстан – бұл металды өндіретін және экспорттайтын жалғыз мемлекет. Анығы экспорттауға болатын металл деген дұрыс шығар. Себебі ресми түрде бұл металды шетелге сату жобасы бірнеше рет сәтсіз аяқталған. Ал қазіргі жағдайы құпия.

 Осмий-187 изотобы туралы мәлімет өте аз. Оның нақты бағасы да белгісіз. Ашық саудада сатылмайды. Қара базарда өте қымбат тұрады. Мысалы, осмий-187-ден қымбат металл – калифорний. Бірақ ол табиғатта табиғи түрде кездеспейді. Оны тек түрлі атомдық реакциялар арқылы өндіруге болады. 1 грамы – 25-27 млн доллар. Ал одан кейінгі қымбат металл – осмий-187. Ол тек біздің елімізде табиғи түрде табылған металл.

Осмийді алғаш өндірген металлург-ғалым – Төлеген Бүкіров. Ол осы металды өндіру кезінде министрліктен қысым көріп, сирек металдар кәсіпорнынан кетуге мәжбүр болған маман. Кейін кәсіпорын талан-таражға түскен. Мен бұл металл туралы бұрыннан қызығып оқушы едім. Сондықтан Жезқазғанға сапар барысында бірден Төлеген Бүкіровке хабарластым. Қарт металлург сұхбат беруге келісіп, өзінің кеңсесіне шақырды. Төлеген аға ашық жүзді, көңілді кісі екен, біздің осмийге деген қызығушылығымызды қолдады. «Мұндай аса қымбат металдың сыртқа шығып кетуіне әр азаматымыз бейжай қарамауы керек» деп әңгімесін әріден бастады.

Төлеген Бүкіров
Төлеген Бүкіров. Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Әлкей Марғұландардың әңгімесін тыңдап өстім

Жезқазған қаласында 1952 жылы өмірге келдім. Қарапайым жұмыскер отбасында өстім. Қаныш Сәтбаев біздің жерге келіп, елді аралаған. Сол кезде «Мына өзенді тоғандаймыз, қала болады. Үлкен шахта, зауыт-фабрикалар саламыз» деп айтады екен. Ата-әжелерімнің айтуынша, бұл жақтағы адамдар Қанышты пір тұтыпты. «Айналайын, Қаныш айтса, бәрі болады» дейді екен. Айтпағым, ата-бабамның үйлері, қора-қопсысы суды бөгеген кезде тоған астында қалыпты. Кейіннен басқа жерден үй салып, сол жерге көшкен екен. Әкем де кенші болған. 1937 жылы халық жауы деп 10 жылға сотталған. Бізге ол туралы көп айтпайтын. «Аман-есен келдім» деп қана отыратын. Әкемнің інісі Сүтемген Бүкіров тарихқа қатты қызығатын. Өлкетанушы еді. Облыстағы тарихи-археологиялық мұражайдың іргетасын қалап, басқарған кісі. Жезқазғанға қаламгерлер, тарихшылар келсе, сол кісі үйге ертіп келетін. Баламыз, сол кісілердің қолына су құйып, қызмет жасайтынмын. Әлкей Марғұланды көрдім, одан бөлек те көптеген тарихшы мен ақын-жазушының әңгімелерін тыңдап өстім. Соның әсері ме, жас кезімнен тарихи кітаптарды оқып өстім. Тарихқа құштар болдым. Бірақ әкемнің жұмыс орнына барып жүріп, өндірісті көзіммен көріп өскеннен болар, есейе келе металлург мамандығын таңдадым. Мен 6-7 оқып жүргенде Жезқазған мыс зауытының негізі қалана бастады. Әскерден келген соң ойланбастан сол зауытқа жұмысқа тұрдым. Алғашқы еңбек жолым солай басталды.

Төлеген Бүкіров
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Осмий-187 әлем бойынша тек Жезқазған қойнауында бар

1980 жылдардың аяғында елімізде тоқырау басталды. Жалақы беру қиындап кетті. Қызметкерлер 2-3 ай жалақы алмайтын. Қазақстан бойынша солай еді. Айлықтың орнына азық-түлік беретін. Сондай қиын-қыстау заманда 1991 жылы мамыр айында зауыт директоры мені сирек металдар цехына басшы етіп жіберді. Алғашында барғым келмеді. Себебі бұл цехтың жұмысы жүрмей тұрған. Өзіме артық бас ауру тілеп алудан аулақ болайын дедім. Бірақ бәрібір тағайындалған орынға бардым. Цехқа алғаш басшы болып келгенде қарасам, ғылыми орталықтармен 13 келісімшарт бар екен. Олардың 12-сі Мәскеу және Ленинград институттарымен жасалған. Оның біреуі ғана Алматыдағы металлургия және байыту ғылыми институтымен жасалған келісімшарт. 12 жұмыстың ешқайсысынан нәтиже шықпады. Тек сол Алматыдан ғана нәтиже шығардық. Жоба бойынша сирек металдар цехы қалдықтардан рений тұзын алады. Оның құрамында рений – 69 пайыз. Содан Алматымен келісімшарт жасап, сол жылдың аяғында алғаш рет рений қышқылын алдық. Сол жылы күзде Қаныш Сәтбаев атындағы геологиялық ғылыми-зерттеу институтынан, Қарағандыдан мамандар келді. Ғалымдар арасында 83 жастағы Сергей Калинин бар екен. Ол Қаныш Сәтбаевтың жары Таисия Алексеевна Кошкинамен бірге жұмыс істеген. Калинин маған осмий туралы кітабын сыйлады. Қанекеңнің шәкірті екен. Кітабын бере тұрып: «Балам, Жезқазған кенін Қаныш екеуміз әбден зерттедік. Бұл жерде әлемде кездеспейтін Осмий-187 деген металл бар. Осмий-187 99,9 пайыз тек Жезқазған қойнауында кездеседі. Сен шамаң келсе өндіріс қалдығын жина, металл күйінде алуға тырыс» деген еді.

Төлеген Бүкіров
Фото: Jash Alash/Аслан Қажиев

Осмий-рений қандай металл?

Енді осы жерде кейінгілер біле жүрсін деп, рений-осмий туралы аз-кем мәлімет айта кетейін: Рений (Rhenivm) Re – Менделеев таблицасындағы элементтердің периодтық жүйесінің VII тобындағы химиялық элемент. Атомдық нөмірі 75, атомдық массасы 186,207, ақшыл сұр түсті, иілгіш металл. Ренийдің табиғатта бар екендігін 1871 жылы Д.И.Менделеев болжаса, 1925 жылы колумбит минералын зерттеу кезінде ағайынды неміс ғалымдары және Ида мен Вальтер Ноддоктар мен О.Берг ашты. Рений атауы Германиядағы Рейн өзенінің латынша (Rhenus) аталуынан шыққан. Табиғатта молибденитпен бірге кездеседі. Қазақстан ғалымдары ренийдің жалғыз минералын (Re3Mo3Pb4S16) ашып, оны «Жезқазғанит» деп атады. Ренийдің вольфраммен қорытпасы электр шамы мен электр вакуумдық аспаптардың қыздырғыш сымдарын, баяу балқитын қорытпасы ұшақ пен зымыран тетіктерін жасауда және катализатор ретінде қолданылады. Нарықтағы бағасы сапасына байланысты 1кг 2000 доллардан 10 000 долларға дейін тұрады. Біздің елде өндірілетіні, әсіресе мен ұсынған жолмен өндірілетіні – 99,9% таза рений. Ал, енді, қаншалықты құнды екенін ойлай беріңіз... Осмийге келетін болсақ, элементтердің периодтық жүйесінің VIII тобындағы химиялық элемент. Атомдық нөмірі 76, атомдық массасы 190,2 болып келетін элемент платина металдар санатына жататын, күлгін түсті металл.

Төлеген Бүкіров
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Алғаш рет таза осмий-187 металын алдық

Осмий – аса қымбат металл. Ол кезде бізде жоғарыдан келген оны өндіру туралы жоспар жоқ. Әлгі кісінің айтқаны көкейімде қалып қойды. Содан институт ғалымдарымен сөйлесе келіп, оны зерттеуге кірістік. 1992 жылдың басында келісімшарт жасап, осмий алуды бастадық. 1993-94 жылдары тәжірибе алып, үйрену үшін институтпен тығыз байланыс орнаттық, цех жұмысшыларын сол жаққа жіберіп отырдым. Сөйтіп не керек, 1995 жылы 15 мамыр күні Жезқазған мыс зауытында осмийдің таза металын алдық. Алынған металды үш рет Германияның Таунштайн деген қаласындағы Фрезениюс институтына апарып, сол жерде анализ жасаттық. Изотоптық тазалығы – 99,4 пайыз, химиялық тазалығы – 99,9 пайыз болды. Біз оны әрқашан мақтан тұтамыз. Өзім де мақтанамын. Сөйтіп зерттеуімізді жалғастырып, 1997 жылы өндіріс қалдығынан таза рений металын алдық. Ол да таза 99,99 пайыз шықты. Мұның бәрінің сертификаты бар.

Осмийдің 1 грамы 120 мың доллар тұрады

Өткен ғасырдың 90-жылдары ортасында осмий аламын деп жүріп Алматыға бардым. Сол кезде бұл үлкен оқиға болды. Қонақ үйде болғанда бірнеше компания өкілдері хабарласатын. Бір күні Алматыда 15-16 компания өкілімен кездестік. Келіссөз барысында бір грамын 50 мың доллар, екіншісі – 60 мың долларға аламыз деді. Бірақ мен олардың баға айтуынан сезіктене бастадым да, алдымен ақшаны шотқа түсіріңдер деген ұсыныс айттым. Сол оларға тосқауыл болып, көбі бас тартты. Кейін премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен кездестім. Германияның бір компаниясымен осмий сатуды талқыладық. Ол жерде қаржы министрі, әділет министрі, т.б. болды. Жобаны талқылап, үш адам болып Германияға кеттік. Висбаден деген қаласына бардық. Ол жерде де анализ жасадық. Металымыз 99,9 пайыз таза шықты. Бірақ олар ақшаны әне-міне аударамыз деп созып, 20 күндей тосылып қалдық. Аяғында «кешіріңдер, ала алмаймыз» деп бізді шығарып салды. Содан кейін де үш рет шетелге осмий шығардық. Үшеуінде де сата алмадық. Ренийдің қай салада қолданылатыны белгілі. Ал осмийдің қай салада қолданатыны туралы нақты мәлімет аз. Бір кездері 1 грамм осмий-187 изотобын 120 мың долларға сатып алатындар шықты. Сұрастыра келсек, осмийдің жалпы 25 изотобы бар, ал 187 изотоп тек Жезқазған қойнауында кездеседі екен. Әлемде осмий-186 изотобынан осмий-187 изотобын тек 70 пайыз ғана таза ала алған. Ал біздікі табиғи 99,9 пайыз. Осмий-187 металын ақшаны және құнды қағаздарды қорғау үшін пайдаланады екен деген ақпарат шықты. Бір деректерде қатерлі ісік ауруларына қарсы препаратқа қосады деп жазылған. Ғарыш саласында технологияда қолданады. Калинин ұстазым «Төлеген, бұл металл әлемде 1960 жылдардан бастап ғылымда қолданыла бастады. Менің ғұмырым оның қай салада нақты қолданылатынын көруге жетпейтін шығар, саған осы металды таза күйінде алып, қолданысқа айналғанын көруді тілеймін» деген еді. Менің жасым да қазір 70-ке келді. Бірақ осмий-187 металы ертелі-кеш өз орнын табады деп сенемін. Мұны шашыратпай, жинай беру керек.

Төлеген Бүкіров
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Министр Школьник «Пайданы есепте, көрсетпей әкеп бер» деді

Тағдыр мені осы салаға айдап келді. Ғылыммен айналыса бастадым. Кандидаттық диссертация қорғадым. 10 жыл ғұмырымды арнаған ғылым саласынан 2001 жылы кетуге мәжбүр болдым. Нақтысын айтқанда, кетірді. Содан кейін докторлық диссертациям дайын тұрса да ғылымға қолымды бір сілтедім. Мекеменің кімнің қолына өткені, талан-таражға түсетіні көңілімді қалдырды.

Бәрін басынан бастап айтып берейін. Алғашқыда жағдайымыз мәз емес еді. «Жезқазғантүстіметалл» акционерлік қоғамын «Самсунгке» беріп жіберді. Сирек металдар бөлек қалды. Содан біз қарызға батып қалдық. 1998 жылы қарыздан құтылдық. Сол жылдың аяғында пайда шамалы ғана болды. 1999 жылы пайдамыз 200 млн теңгеге дейін өсті. Ол кезде теңгенің құны да жоғары болатын. Біз мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан тікелей министрлікке қараймыз. Соларға әр тоқсан сайын есеп береміз. «Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығы» РМК деген Алматыда орталық бар. Құрамында 4-5 ғылыми-зерттеу институты бар. Соған «осмийді бер» деді. «Берейін, зерттеу үшін аз мөлшері керек қой» дедім. Олар барлығын сұрады. Бас директоры А.Жәрменов еді. Оған хабарластым. «Шикізатты өндіретін құрылғыларың, цех бар ма?» деп сұрадым. Жоқ екенін біліп тұрмын. «Жоқ» деді. Содан бермеген едім, қыспаққа ала бастады. Менен алып кетіп, өздері сатпақ болды ма деп ойлаймын. Енді ол жағын анық білмеймін. Министрлікке: «Тапсырма беріңіздер, заңды түрде. Қанша кело керек болса, сонша осмий өндіріп береміз» дедім. Бірақ тапсырма бермейді. Сирек металл кәсіпорны айлығымызды бере алмай жүргенде, керек құралдарымыз болмағанда министрлік тарапынан ешқандай көмек болмаған еді.

Енді біз пайдаға шыққанда министрлік ақшамызға ауыз сала бастады. Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник және оның орынбасары П.П Нефедев бір күні бухгалтерлік есепті алдыма қойып: «Сен неге мына пайданы көрсетесің?» деп сұрайды. «Көрсетем» дедім. «Сен жұмыс істеуді білмейсің» деді. Мен жұмысты жақсы істейтінімді айттым. Басшы кезімде ешқандай келеңсіз оқиға болған жоқ, шикізаттан ренийді өндіру жоспардағы 45 пайыздан, 67 пайызға көтердім. Олар менен ана ақшаны есептеп, көрсетпей әкеліп беруді сұрады. Әрине, есепті көрсетпей, ақшаны жасыруға болады. Ол менің қолымнан келетін еді. Шындығын айтқанда, оған пәлендей ақылдың да қажеті жоқ. Аздап үлес менде де қалатын еді. Бірақ ондай лас тірлікке бара алмадым. Бас тарттым. Содан кейін қысым басталды. Тексермеген мемлекеттік мекемелер қалмады. Қаржы орталығы, салық комитеті, бәрі келді. Тексеріп ештеңе таппады. Сосын құпия түрде біздің кәсіпорынды еншілес мемлекеттік кәсіпорынға айналдырып, Жәрменовке қосты. Мен бұл саясаттың қайда кетіп бара жатқанын түсіндім де, келген комиссияға актімен өткізіп, жұмыстан кеттім. Ұлттық орталықтың құрамында біздің кәсіпорын бір жыл ғана болды. Сол уақыт ішінде пайданың бәрін жоқ қылды. Мен он жыл жинаған, құрамында рений мен осмийі бар шикізатты Алматыға алып кетті. Соның тағдыры әлі күнге дейін мені алаңдатады. Не істегені белгісіз. Бұл жұмыстың басында министр Владимир Школьник тұрды.

Төлеген Бүкіров
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

P.S. 2011 жылы Ресейдің Волгоград облысында Қазақстан азаматы осмий-187 металының 2,5 грамын сатуға тырысқанда ұсталған. Кейіннен оның 7 жылға сотталуы мүмкін екені мәлім болды. Ғалыммен сөйлесе отырып, сол ақпарат есіме түсті. Сол кезде Қазақстан Республикасы Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығының бас директоры Әбдірәсіл Жәрменов: «Ресейдегі осмий-187 Қазақстанда өндірілмеген болуы мүмкін. КСРО кезінде көптеген қалдықты Ресейге алып кеткен. Олардың килограмдап осмий өндіруге мүмкіндігі бар» деп мәлімдеді. Бірақ ұсталған азаматтың елімізден болуы, Төлеген Бүкіровпен осындай жағдайдан кейін қара базарда сирек металдың саудалануы ішімізде бәрібір бір күдіктің қалуына себеп болып отыр. Төлеген аға бізбен жылы қоштаса тұрып бұл металдың тағдырына әлі де алаңдайтынын жеткізді. Қазба байлықтарымыз тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті деп дабыл қағамыз. Біз жазып отырған қымбат металдың тағдыры да осыған ұқсап кеткені өте өкінішті.

Айтпақшы, біз қарт металлургқа қайыра хабарласып, сол кезде осмий-187 металы қанша грамм өндірілгенін сұрадық. «Шамамен таза 250 грамм».

Осмий-187 металының бір грамын 1990 жылдары 120 мың долларға сұрағандар болыпты. 30 жылдан бері доллар 104 пайызға құнсызданған. Бүгінгі бағамен осмий-187-нің бір грамы шамамен 240 мың доллар тұрады деуге де болады. Біз ол жағына барыспай-ақ, қазіргі ашық дереккөздерге сүйенейік: интернетте бұл металдың бағасы 200 мың доллардың айналасы екені айтылады. Теңгеге шақсақ – 89 млн 800 мың теңге. Ал Ұлттық банк қазір алтынның бір грамын 29 365 теңгеге бағалап отыр. Демек, осмий-187 изотопы алтыннан 3 000 еседей қымбат. Бір кездері министр Школьник 250 грамм Осмий-187-ге не үшін қызыққанын түсіне беріңіз. Ал біздің кейіпкеріміз бұл металды қанша келі болса да өндіре алар едік дейді...

Жазып алған – Тұрсынбек БАШАР