Альтруизм қазақтың болмысында бар
Қазір біздің қоғамда қайырымдылықтың түр-түрі бар. Онлайн қайырымдылық жасау, міндетті қайырымдылық, ерікті қайырымдылық дейсіз бе, жалпы, қоғам қайырымдылық жасаудың не екенін ұғынған, түсінген, түйсінген сәт. «Аяла» қоғамдық қорының өкілі Назгүл Кәріпбаева волонтерлікпен айналысып жүрген жастардың бірі. Бүгін «Жас Алаш» арқылы қайырымдылыққа деген көзқарасын білдіргісі келді.
– Назгүл ханым, қазір «ауқаттылардың беті бұқараға бұрыла бастады. Кәсіпкерлеріміз халықтың ауыртпалығын көтеруге дайын. Кәсіпкерлерден көмек сұрасақ үйіп-төгіп көмек беріп тастамаса да, қол ұшын созуға дайын» деген пікірлерді жиі естиміз. Бұл шынымен солай ма? Осы салада бірнеше жыл жүрген маман ретінде не айтасыз?
– Негізінде, біз кәсіпкерлердің, ауқатты бизнес өкілдерінің алдына жиі барамыз. Әсіресе баласы ауырған аналарды жиі жолықтырамыз. Ол баланың ауырғанын дәлелдейтін құжаттарын қоса апарамыз. Қайырымдылық концерттер ұйымдастырамыз. Сондай сәттерде расымен де қолұшын созып, қаражатын беріп жататын кәсіпкерлер болады. Бұрынғыдан қарағанда қазір кәсіпте жүрген бизнес иелері «кең болсаң кем болмайсың» деген қағиданы ұстана алады. Бірақ араларында қайырымдылық жасап, атақтарын шығарғысы келетіндердің де барын жасырмауымыз керек. Мысалы, өз тәжірибемде сондай бірді-екілі азаматтар кездесті. «Менің атым міндетті түрде аталсын. Концертте логотипіміз тұрсын» дейтін кәсіпкерлер де бар. Кейде, керісінше, «атымды мүлде атамаңыздар, мені білмесін» деп жасырын қайырымдылық жасап жататындар да бар. Жалпы, қайырымдылық шынайы, жүректен шығуы керек деп есептеймін. Қайырымды істі «қайтарымы болады-ау немесе ұпай жинаймын ғой» деген оймен жасау дұрыс емес. Мұндайда сізге кірер кіріс теріс айналады деп жатады. Біз тәрізді еріктілер мұны өте жақсы түсінеді.
– Сіз «қайырымдылықтың да «ақылды-ақылсызы» болады дегенмен келісесіз бе?!
– Келісуге болады. Мысалы, көшеден көлікпен өтіп бара жатсаң қайыр сұраған азаматтарды көресің. Әлгіге тоқтап, кейбір көлік иелері садақа беріп жатады. Ойларынша, «қайырымды іс жасадық» деп ойлауы да мүмкін. Бірақ мен мұны «ақылды» қайырымдылыққа жатқызбаймын. Өз басым ол жерде тоқтап, уақыт бөліп, әлгі адамның шынымен неге мұқтаж екеніне құлақ асып, «шын мәнінде көмек қажет пе» деген сауалға жауап іздер едім. Содан кейін барып ол адамды барар жер, басар тауы болмаса бейімдеу орталықтарына апаруға қолұшын созып және басқа мәселелері болса соны шешуге тырысса бұл «ақылды» қайырымдылық болар еді.Сол тәріздіқайырымдылықты жоспарлауды ұсынар едім. Мұнымды оқыған адам «қайырымдылықты, мейірім көрсетуді де жоспарлау керек пе?» деп таңғалуы мүмкін. Бірақ қайырымдылық жасарда «Қайда? Қалай? Не үшін?» деген сауалдарды қоя білгеніңіз жөн. Сол кезде сіз бен біз жасайтын қайырымдылықтың ақылсызы болмайды деп ойлаймын.
–Жалпы, қайырымдылықты қазақтың генінде бар дейтін пікірлер бар. Бұған қалай қарайсыз?
–Қайырымдылықтың негізгі формуласын француздар альтруизм дейді. Альтруизм дегеніңіз – басқаларға риясыз қызмет етуге тырысу. Негізінде марапат пен мадақтау күтпейтін альтруизм түрі қазақтың генінде басым. Бұған мен сенемін. Өйткені қазір елге көмектесуге даяр тұратын жастар басым. Көптеген іскерлік ортада байқағаным – осы.
Қ. Сайлау