Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:31, 20 Мамыр 2021

Алты алашқа аңшының әнін айтқан

None
None

        Дәнеш Рақышевтің дүниеге келгеніне 95 жыл толды

  Ол туралы талай айтылды. Оның шәкірттері көп. Бір қарағанда бақытты жан. Қалдырған мұрасы ел игілігіне айналды.  Кейде өзімізді іздейтін кезіміз болады. Тауып алу оңай соқпайды. Сол кезде Дәнешке жүгінеміз. Дәлірек айтқанда өзімізді оның әнінен іздейміз. Өйткені бәрімізде сағыныш көрініс береді. Тіпті мұңаятын кезіміз болады. Сонда Рақышевтің репертуарын ақтарамыз. Керегімізді табамыз. Дәнеш бақытты адам. Шырақшысы бар. Шәкірті Нұржан Жәнпейісов. Нұржан былай дейді: " Дәкең жеткізген халық әндерін санасыңыз, сан жетпейді. Санауға болады.  Дегенмен әлі де түгендеп жатырмыз. Дәкең бірнеше туындысын өзгенің қанжығасына байлап берді. Халық әніне айналдырып жіберді. Жомарт қой".

  Анығында шығармашылық адамдарында жомарттық сирек кездеседі. Өзегін жарып шыққан дүниесін өзгеге ұстата салу қайдан оңай болсын. Дәнеш Рақышевті алғаш тыңдағанда Мұхтар Әуезовтің өзі таң қалыпты. «Аңшының әнін» шырқағанда әбден сүйсініп, кейін қайыра өтініп, қайта тыңдапты. Сосын, " Дәнеш сенімен бірге біздің ән өнерімізге ен байлық келіпті", — депті. Әуезов солай деген. Көрдіңіз бе, ен байлық келіпті дейді. Сонда Әсеттің бүкіл ән мұрасын жеткізіп отыр.  Анау Таңжарықтың бүкіл өлеңдерін ән жазып, Таңжарықтың бүкіл өлеңдерін жеткізіп отыр. Халық әндерін жеткізіп отыр қанашама...қазір де сирек орындалады ол әндер, ал оның сыртында оөзі 100-ге тарта ән жазды. Дәнешті Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков секілді өнер саңлақтарының орындаушылық дәстүрін жалғастырушы десек те, оның Әсет шәкірттерінің бірі екендігі де даусыз. Әсет Найманбайұлының көзін көріп, нақ өзінен үйренбесе де Кәдрихан, Мәмет секілді өнерпаздардың қасында жүріп, Әсет мұрасын әбден меңгереді. Дәл Әсетше ән айтуға дағдыланады. Іле мен Тарбағатай арасындағы талай жақсыдан әнші туралы әңгімеге әбден қанып, шығармаларын жинады. Нұржанды тыңдап отырмыз. Ол да әңгімені сары майдан қыл суырғандай айтады ғой.

  —  Дәкең айтады тағы да: менің 4 ұстазым бар дейді. Қазір біздің оқу орындарда оқып жүрген немесе өнердегі жастар бір ұстазмен  шектеліп қалады. Жүсекеңдер де қаншама  ұстаздар болды. Ғарекеңдерде қаншама ұстаздары болды,  сол сияқты Дәкеңде қаншама ұстаздар өзі  санайды 4 ұстазым болды дейді, біреуі  жаңа Кәдриханды айтады,  енді қасында көп жүрмесе де о кісінің өнеріне тәнті болыпғ жаңасы со кісі арқылы Әсет әндерінің соңына түскені, одан кейінгі ұстазым Мәмет Қошқарбайұлы, о кісінің қасына бірталай еріп жүріп, біраз әндер үйренді, Әсет әндерін үйрендім, халық әндерін үйрендім дейді. Одан кейін өзінің мектепте сабақ берген Байбазар Үстемірұлы о кісі де өнерлі болған кісі.Бірнеше аспата ойнайды екен, скрипка, домбыра, сырнай дене сияқты… тағы бір ұстазы деп осы кісіні атайды. Одан кейін Манарбек Ержановты атайды ұстазым деп.Енді Манарбектің алдында отырып ән үйренбеген., кездеспеген де бірақ өзіме сондай сырттай ұстаз тұттым дейді. Яғни пластинкадан сол кісінің бұкіл әндерін естіп, ұқсап бағып деген сияқты, сөйтіп ұстаз тұттым дейді.

 -  Дегенмен Әсеттің шәкірті екені қисынға көп келеді. Тіке үйренбесе де Әсетті көргендердің, соған ергендердің ырғыған, мақамын, ерекшелігін бойына сіңірген ғой.

— Дәкеңді  Әсет әнінің мұрагері деп санайды негізі. Өйткені Дәнеш аға өзінің естеліктерінде айтады: мен Әсет әндерінің соңына 14-15 жасымнан баста түстім дейді. Мен ең алғаш Кәдреханнан естідім, тыңдадым әнді дейді. Әсеттің әндерін со кісінде тыңдағанда таң қалдым да сол Әсеттің әндеріне құмартып, сол кезден бастап Әсеттің  әнін біледі екен десе, немесе Әсетті көрген екен десе мен со кісін іздеп тауып алып, соны сұрап үйренуші едім дейді. Одан кейін ел аралап жүріп Мәмет Қошқарбайұлы деген кісімен жолықтым. Со кісімен таныстым, міне ос кісі өзім ұстаз, яғни шәкірт болып со кісінің қасында біраз жыл еріп жүрдім дейді.

  «Аргынмын, атым Әсет арындаған» деп ән салған  Әсет Найманбайұлының жігіттік шағы Найман елінде өтті. Бәйжігіт, оның іщінде Мәмбет ауылында жүрді. Мәмет Қошқарбайұлының Әсеттің мұрасынан мол хабардар болатын жөні осы. Сол Мәметті іздеп келіп, ән үйренген Дәнеш «Ардақ», «Мақпал», «Қысмет» секілді ең тынысты қажет ететін туындыларды туын жықпай тыңдаушыға жеткізді. Дәнеш Рақышев талай тұлғаны өзіне ұстаз тұтты. Тіпті көзін көрмесе де әнін естіп, тәлім-тәрбие алдым деп есептеді. Тумысынан өнерге жақын, әнге ғашық жанның өзгені мойындауы да ерекше мінез еді.

Асылы, Дәнештің алғашқы ұстаздары өзінің әке-шешесі. Рақыш әнші, домбырашы, сырнайшы болған.  Өнерлі отбасы шаңырағында дүниеге келген Дәнеш те домбыраны ерте үйренеді. Әртістік қабылеті де ерекше еді. Құлжадағы ұйғыр-қазақ театрында Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісінде» Әбдірахманның, Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Жапалдың рөлін сомдайды. Өзге пьеса, спектакльдерді өз шеберлігін паш етеді.Дегенмен көңілі әнге ауып, әсіресе Әсет Найманбаев шығармашылығына қатты құмартып, Тарбағатай жақты аралап. Шәушек, Шағантоғайдан да әнші шәкірттерін іздеп, Әсетті тануға ұмтылады. Тек қана Әсет емес, сол жақтағы ақын-термешілердің де мұрасымен танысады. Кейін өзі де ән шығарып, Таңжарық Жолдыұлының «Амандасуын» жалпақ жұртқа ұсынады. Таңжарық тағдырын бейнелейтін сол бір ән күні бүгінге дейін Қазақ даласында шырқалып жүр. Нұржан былай дейді: «Енді Дәкеңнің аты бұл жаққа бұрын жеткен. Өнері де, бұ кісінің атақ-абыройы да. Содан ар жақтан Дәкең өтеді дегенде хабарды алдын ала естіп, Жаркенттен Дәкеңді ел-жұрт алақанына сап күтіп алады. Сонда қызықыты қараңыз, халық батыры Рақымжан Қошқарбаев со кісі со кезде қызмет бабымен сол шекарадағы көшті реттеп отыратын аранйы құзырлы орган сол жерді басқарады екен. Сонда Дәкең арғыы жақтан бері өтеді. Содан елдің қошеметі құрметі, Дәнеш келді Дәнеш келді деп сонда ойлаңызшы,, ар жақтағы қиыншылық, қуғын-сұргін, ал мына жаққа келгенде,,, содан дейді барған ауылға жаздың уақыты дейді алма бақтың ішіне дастархан жайып күткен. Содан енді көңіл орнына түсіп, ел кішкене неткеннен кейін Дәкең  ән тыңдаймыз деп, даусын естиміз деп ел жиналады ғой. Сонда көңілде жүрген әуен сонда со жерде дейді  ең алғаш елге келгеннен кейін атамекен, туған жерге табан тірегеннен кейін ең алғаш шығарған әнім «Саясында алманың» деген әнім дейді. Жаңағы алма ағашының саясында отырып, шығарған әнім деп айтады, сонда алма ағашының саясы, атамекеннің, ел  жұрттың, отанымның саясы боп сезілді дейді».

 «Саясында алманың» әнін алғаш естігенде жазушы Мұқтар Әуезов әуелі терең ойға беріліпті. Сосын орындаушыны шақыртып, «Шырағым, Дәнеш, мынау мен естімеген тың туынды екен. Тағы бір айтшы», — деп қолқа салыпты. Сосын зор зейінмен тыңдап, ән аяқталғанда қайта сөз алып, «Бұл бір есті ән екен. Соңғы шумағын алып таста. Оның керегі шамалы, ал «Алмаң» әлі сенің атыңды шығарады», — деп батасын беріпті.  «Сасында Алманың» Дәнеш шәкірттерінің репертуарына енетіні заңдылық. Сағыныш сарыны сезілетін, кезінде тағдыр тәлкегімен шекараның арғы бетіне ауып, кейін туған елге қайта оралған қазақтың атамекенге аяқ басқандағы шаттанғаны, тәубеге келгені, керемет көңіл күйі сезілетін осы бір әнді Дәнеш Рақышевтің төл шәкірті Нұржан Жанпейісов те ерекше шабытпен орындайды. Дәнештің шоқтығы биік туындысының бірі «Аңшының зары». Осы ән төңірегінде аздаған пікір қайшылығы да бар. Бірақ ән авторлығына Дәнештің өзі таласпаған көрінеді. Тіпті халық әні ретінде таныстырып, орындап жүрді. Композитор Рақышевтің жомарттығы жайында шәкірттері жақсы айтады. Әлі исі қазаққа кең тараған Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әні де негізі Дәнешке тиесілі екен. Оны әнші Нұржан Жәнпейісовтен естідік.

— Бұл кісіде тазалық, жомарттық, деген...әй білмеймін ондай. Жомарттық танытса да, ондай тазалық немесе ондай тазалық танытса, жомарттық танытпайтындар кездеседі. Бірақ Дәкең шіркін, тазалық десе тазалық, жомарттық жесе жомарттық...қыл аяғы сол, Дәкеңді ең жақын білетін, барлық сырын бөлісетін  жазушы Құрманбай Толыбаев  «Үш құпиясы»-сының бір құпиясында жазады. Мысалы,Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» деген әні.Бұл негізі Дәкеңнің әні. Дәкең Қасымның әндерін соншалықты жақсы көріп, құлай сүйгені соншалық, бір ән болса да Қасымның әні болып айтылсыншы деп… сонда мынау арнайы студияда әндерін жаздырып жатырған кезінде осы «Өзім туралы» ән Қасымның әні деп жаздырған. Қасымның аруағына тарту еттім деп айтады. Сондықтан бұл Қасымның әні болып айтылады. Бұл жомарттық емес пе?

  Жігіттік деп те айтар едік. Дәнеш Рақышевтің тағы бір қыры. Ол тұтас Жетісу әуендерінің жоқтаушысы еді. Әсеттің ғана емес, Кетпеннің етегінде өскен Сәдіқожаның да жұртқа танылуына көп еңбек сіңірді. Бір ғана «Сарыбидайының» өзі қандай! Тыңдаушы құлағының құрышын қандыратын, ғашықтың зарын жеткізген «Сарыбидай» сандықта қалғанда ше,  өнерде бір өкініштің орын алатыны анық еді ғой. Тағы бір шәкірті Абылайхан Қармысов былай дейді:

-  Дәнеш аға тек өзінің әнінің насихатшысы емес, қазаққа 100-ден астам әнді тірілтіп алып келген өзіндік бір мектеп. Дәнеш дегенде Жетісуда Дәнештің әнді орындаушылық мектебі еске түседі. Бар-жоғы  32 жас қана өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырып кеткен, былтыр ғана  100-жылдығы  аталып өткен Жетісудан шыққан к әйгілі композитор Сәдіғожа Мошанұлының әндерінің барлығына дерлік насизаттап, Сәдіқожадай композитор бар екенін танытып кеткен де Дәнеш аға. Мысалы, Сәдіқожаның өздеріңізге белгілі «Сарыбидай» әнін осы Дәнеш аға арқылы ел таныды. Садықожаның әні екенін ел білді. Қазақ радиосының алтын қорына жазғызып, қазаққа танытып кеткен осы Дәнеш аға.

  Мынадай да бір дерек бар. Дәнеш Рақышевтің орындауындағы «Ой Бұлбұлды» тыңдаған қырғыз халқы орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетіпті. Өйткені өлгені тіріліп, өшкені жанғандай күй кешіпті. «Дәнеш аға 54-ші жылдары бұ кезде ол арғы жақта, арғы бетте… со кездегі мынау екі жақтың қарым-қатынасы жақсара бастап, бір-біріне барыс-келіс басталған ғой.Со кезде ар жақта бір ресми делегациямен яғни, бір топ өнерпаздар  осы жаққа тгастрольдік сапармен келеді. Оның жоспары Қазақстан арқылы Орта Азия елдерін аралап шығу, Сондықтан сол делегация Алматыға аэропорттан түскен кезде білесің бе бізді кім күтіп алды деп Дәнеш аға жаңағы қолжазбасында мақтанышпен айтады. Сол кезде бізді күтіп алған  Бейбігүл Төлегеновалар, Ермек Серкебаевтар дейді. Біздің тобымызды Ахмет Жұбанов басқарып жүрді дейді. Дәкең енді барған жерде ән айтады, сонда Ахмет Жұбанов сахна сыртынан Дәкеңді  бастан аяқ тыңдапты.  Енді Қырғыз еліне келген кезде өнерпаздар бір-бірімен араласады, танысады деген сияқты. Сол кезде Әсет Жұмабаев деген қырғыздың атақты әншісі болыпты. Әсет айтқан «Ой Бұлбұл» әнге қатты құмартқаным соншалық  дейді ана кісіден өтініп, бір түнде  сол әнді үйреніп алыпты. Бір түінде үйреніп, жаттап, ертесіне концертте  «Ой бұлбұлды»  айтыпты. Сонда қырғыздар риза болған», — дейді Нұржан

  Дәнеш Рақышев Жетісу, Арқа әуендері ғана емес, Мұхит әндерін де нақышына келтіріп, орындаған. Оған оның Ақтөбе өңіріндегі гастролі дәлел. Талдықорған облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Таңатар Алшабеков, «Ақтөбе облысы филармониясының  сол кездегідиректоры үлкен ақсақал еді. Бір күні маған айтты. Дәнеш деген әртіс, әншілерің бар екен, біздің жаққа жіберсеңші деп. Өтінішіне құлақ астық Ақтөбе үлкен облыс қой, 1 ай өтті. Дәкеңнен хабар ошар жоқ.  Не жағдай орын алды деп алаңдап, өзім іздеп бардым. Барып едім, директоры о кісі мына жақта Ленин ауданында жүр. Ертең сонда концерт береді. Аудан орталығында дейді. Ленин ауданына бардық, түстен кейін.Концерт бағдарламасымен танысып едім, „16 қызды“ айтатын болыпты. Таң қалдым. Ғарифолланың  айтатын әні ғой,өзінен сұраймын,  ал сіз оны қалай айтасыз, қойыңыз өзіңіздің әндеріңізді айта беріңіз дедім және..Дәкем, „Әйқарағым деді бұ жердің халқы мына біздің жай, созылатын әніңізді онша қабылдамайды екен. Жылдам, екпінді айтатын әндерді жақсы көреді екен. Мен 16 қызды айтам, сен тыңдап көр деді. Әй бүлдіреді-ау деп алаңдап отырмын. Жоқ,“16 қызды» айтқан кезде ана отырған халық  жаңағы айқайлап, қол соғып, шаттанып кетті. Сөйтем Дәкең өзінің бір мәнерімен, нақышына келтіріп, өзіне көндіріп алыпты", — дейді.

 Дәнеш Рақышев өнерге соншалықты іңкәр, соншалықты адал болғанына қарамастан, оны нақ бағалаған тыңдарман ғана. Ресми атағы жоқ, алайда даңқы жер жарып тұрған әншіні гастроль кезінде таныстыру да кейде тіпті ыңғайсыздыққа ұрындыратын. Қазақ елінің саңлақ әншісін сахнаға тым қарапайым шақыру конференьсеге қиын соғатын. Өскемен өңірін аралаған ғой. Концертті көруге келген Тарбағатай ауданының бірінші хатшысы сөз алып, «Ел аралап жүріп біздің өлкеге келген Қазақстанның халың артисі Дәнеш Рақышевке мың алғыс », — деп айтқан ғой. Соны естіген өнер өлкесінің өкілдері Талдықорған облыстық мәдениет басқармасына жеткізіп, олар министрлікке айтып, «Ел іші Дәнешті халық әртісі сайлап алыпты, енді бермесек ұят болды», — десіп бір атақ әперіпті. Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші, сазгер Дәнеш Рақышев – қарапайым өмір кешкен адам. Жәркент өңірінің Талды ауылында туып, төрт жасында зорлап колхоздастыру зардабынан қашқан отбасымен бірге Шығыс Түркістан асып кетеді. Оның мінез-құлқы, өнерге құштарлығы қазақы ортада қалыптасады. Әкесі Рақыш ауыл арасында айтысқа қатысқан ақын, әнші, сері мінезді кісі болыпты, ал шешесі Тәжіхан әнші екен, қайым айтысқа да қатысқан кісі дейді. Рақыш екеуі сондай айтыс үстінде табысыпты. Дәкеңнің тапқан шешесімен қатар, Ақманар атты баққан шешесі де болған. Ақманар бет біткеннің әдемісі, аса ажарлы әйел болыпты, тигені Рақыштың жақын ағайыны, жазушы, марқұм ініміз Тұрсынғазы Әлпейісовтің туысы екен. Сері жігіт пен сұлу келіншек көңіл қосып, Рақыш алып қашып үйленіп, ағайын арасы біраз дүрбелеңге түсіпті. Ақыры, ақсақалдар ашуды ақылға жеңдіріп, екі жақты ебін тауып татуластырыпты. Әкенің қанында бар сол серілік Дәкеңе де серік болыпты. Он жасынан өлең айтып көзге ілінсе, он бесінде сері бала атаныпты. Әуелі сырнай тартып ән салса, кейін домбыраға біржола ауыпты.

   Дәкеңнің атағын айрықша шығарған әннің бірі – «Аңшының әні». Оның әуені де, өлеңі де өзгеше, оқиғалы шығарма. Саятшылық өнердің қазақы сипатын суреттейтін және оның тұрмыстық, сезімдік жағынан әсерлі бейнелеп, жастық шақтың серілік мінезін айшықтап көрсететін ән. Әні мен сөзі үйлес, үндес. Әнін біреу шығарып, сөзін басқа біреу жазған деуге аузың бармайтын дүние. Өлеңі, дау жоқ, Үкілі Ыбырайдікі. Оны кезінде Сәбит Мұқанов жазып кеткен. Ал әні жайында пікір әртүрлі. «Ән Дәнештікі» дейтіндер бар. Соның бірі – Дәнеш ағаның ең жақын досы марқұм Құрманбай Толыбаев аға!  Таңжарық Жолдыұлының «Амандасу» атты өлеңі бар. Қытайдың азапты түрмесінен аман оралғандағы елмен, жермен амандасқаны. Дәнеш аға оған да ән шығарып, өзі үнемі айтып жүрді. Шәкәрім қажының өзі де, өлеңі де ақталған кезде бәріміз дүние төңкеріліп түскендей күй кештік емес пе. Халықтың құрдымға кеткен қазынасы қайта оралды. Дәнеш аға да толқыпты. Сол толқыныстың әсерінен Шәкәрімнің «Ең қызық жастық» атты ішкі сезімді қозғайтын өлеңіне дәл үйлескен сыршыл ән шығарды. Дәнеш ағаның Әсетпен, Қасыммен, Таңжарықпен, Шәкәріммен шығармашылық байланысы оның азаматтық бет-бейнесін де айқындатады. Халқының өнерлі ұлдарын аға өз бауырым деп бағалаған, олардың мұрасын өмірлік етуге өз үлесін сүйсіне қосып отырған.

Тегтер: