Алтын аршып жарымаған...

«АлтынАлмас» жұмыскерлері наразылыққа шықты
Ақтоғай ауданына қарасты алтын өндіретін «АлтынАлмас» кәсіпорнынан шу шықты. Мұндағы еңбеккерлер шыдамның соңғы шегіне жеттік деп наразы пікірлерін білдірген. Жұмыскерлер жалақыларын 50 пайызға көтеруді және сыйақы беруді талап етті. Зауыттағы жұмыскерлердің жалақысы 98 мың мен 120 мың көлемінде екен. Жұмысшылардың айтуынша, жұмыстарында 300 мың теңге жалақы алатындар да бар көрінеді, алайда олардың саны аз, тек жоғары біліктілігі бар шеберлер көрінеді. Айта кету керек, «АлтынАлмас» кәсіпорны еліміздегі алтын шығаратын зауыт және алтын кен нысандарында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асырады. Кәсіпорындағы жұмыскерлер еңбектерінің ауыр екенін және жалақыларының мардымсыз екенін айтып шу көтерген.«Нақты қолға 95 мың теңге жалақы алатындар да бар, көбісі 120 мың теңге алады. Тәулігіне 11 сағат бойы үсті-басың малмандай су болып жүріп жұмыс жасайсың. Денсаулыққа зиянды әсері көп, еңбекақыны да дұрыстап төлей алмайды. Осы жерде жұмыс жасайтындардың басым бөлігі жақын маңдардағы ауылдардан келеді. 120 мың теңгемен отбасыңды асырайсың ба, әлде отын-суға жеткізесің бе, білмейміз», – деп наразы болды зауыт жұмыскері.
Мұндағы жұмысшылардың дені аты-жөндерін атап, сұхбат беруге қорқады. Өйткені жұмыс беруші кейін бір сылтау тауып, жұмыстан шығарып жібереді дейді. Жұмыскерлердің айтуынша, зауыт басшылығы наразы пікірін білдіргендерге «ұнамаса жұмыстан шығыңдар» деп, талаптарын орындауға құлықсыздық танытқан. Алтын шығаратын зауыт орналасқан Ақтоғай ауданы әкімдігі зауытта жұмысшылар наразылық білдіргенін, бүгінде жағдай тұрақталып, жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Алайда жұмысшылардың жанайқайынан шыққан талаптары әзірге орындалмапты.«10 шілдеде «АлтынАлмас» акционерлік қоғамының Ақтоғай филиалына қарасты алтын кенішінде бірінші ауысымдағы жұмысшылар жалақы мәселесін талқылау үшін жиналған. Жұмыс тобы құрылып, оның құрамына компания өкілдері мен қызметкерлері кірді. Оған тәуелсіз сарапшылар да тартылатын болады. Жұмысшылардың бастамасы қарастырылады. Кәсіпорындағы жағдай тұрақты, барлық жұмысшылар өз орындарында», – делінген Ақтоғай ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Осылайша жұмысшылар талабы уақыт еншісіне қалдырылып отыр.