Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:27, 21 Қазан 2022

«Алтын дән даласы...»

None
None

Биыл су тапшылығының қиындықтарына қарамастан, диқандар Сыр саласының әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алды.

Аймақта егін жинау науқаны қорытындыланып, «Алтын дән» салтанатты шарасы өткізілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін марапаттап, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың маңдай терін жоғары бағалады.

– Біздің облыс еліміздің күрішке деген қажеттілігінің 90 пайызын өтеп келеді. Жыл сайын экспортқа 100 мың тонна көлемінде күріш шығарылуда. Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді. Бұл ретте диқан қауымның ұсыныс-тілектерін ескере келе, президентіміздің пәрменімен күріш егісі көлемін 78600 гектар көлемінде қалдырдық. Даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев «егініне қарап – қырманы, күтіміне қарап – түсімі» деген. Күрделі жағдайға қарамастан, күріштің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім алған «Ақтөбе и К», «Жаңажол», «Абзал и К», «Мағжан и К», «Ақжарма и К», «Ақжарма – 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ күріштің әр гектарынан 90-100 центнерден өнім алған күрішші-звеноводтарымызды мақтан тұтамыз. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін, – деді аймақ басшысы.

Сыр дихандары осы жылы күріш егуді жылдағыдан ерте 15 сәуірде бастап, 10 қазанға дейін аяқтады.

Өңірде суды үнемдеу мақсатында Қазалы ауданында тамшылатып суару тәсілімен 87 гектар жерге жүгері егілсе, енді түрік компаниясымен бірлесіп (құны 13,8 млрд теңге) қызанақ пастасын өндіретін зауыт салынбақ. Өндіріс жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығарады. Тағы бір атап өтерлігі, биыл аймақта бақша өнімдерін егуге басымдық берілді. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында ірі шаруашылықтар егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жер дайындап, 6802 отбасы 1833 гектарға өнім еккен.

«Алтын дән» шарасында ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан қос қайраткер Жарылқасын Шәрiпов пен Имамзада Шағыртаев Қызылорда облысының Құрметтi азаматы атанды. Сондай-ақ бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Еңбек ардагері медалі мен Ауыл шаруашылығы саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды.

Ал жыл қорытындында топ жарған озаттар түрлі номинация бойынша иеленді. «Мағжан и К» ЖШС үздік қызметкерлеріне Lada Vesta жеңіл автокөлігін сыйға тартса, «Жаңажол», «Ақжарма и К» қожалықтары Lada Granta тұлпарын табыстады. Ал «Таң ЛТД» ЖШС мен «Ақжар» шаруа қожалығының озат жұмысшылары Chevrolet автокөлігін мінді.

Аудандар арасында «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы» номинациясы бойынша Қазалы ауданы марапатталса, «Мал шаруашылығы» саласында Арал ауданы үздік болды. Сондай-ақ «Егін шаруашылығы» номинациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды, ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атағы Сырдария ауданына бұйырды. Құрмет төрінен орын алған еңбккерлер арасында озат шопан, бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайншы, агроном, бригадирлер де арнайы алғысқа кенелді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сыр елінің сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әуезді ән айтып, думанға бөледі.

Тегтер: