«Алтын сұңқарға» кім лайық?

Журналистер күні де жақындап қалды. Қарағанды өңіріндегі тандаулы БАҚ өкілдеріне биыл да облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы табыс етіледі.
Бұл марапат тұңғыш рет 2006 жылы, сол тұста облыс әкімі болған Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен тағайындалған-ды. Содан бері жалғасын тауып келеді. Осыған дейін аталмыш сыйлықты өңірдегі 202 журналист, алты ұжым еншілеген екен. Биыл барлық 10 номинация бойынша жүлдегер деп танылған тілшілерге табысталатын жүлде қоры 500 мың теңге көлемінде тігіліп отыр. Ал бас бәйге – «Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» берілетін арнайы сыйлыққа 1 миллион теңге тағайындалды. Ол журналистиканы немесе БАҚ ұжымын дамытуға ерекше еңбек сіңірген тәлімгер-қаламгерге беріледі.
Байқауға түсетін үміткерлерді аймақтық, аудандық және қалалық БАҚ-тар ұжымы шығармашылық кеңесте ақылдасып шешеді. Республикалық ақпарат айдынында жұмыс істейтін меншікті тілшілерді облыстық комиссия тағайындайды. Сайысқа өз қалауымен туындыларын ұсынушыларға да шек қойылмайды. Байқаудың шарты бойынша жарысқа түсетін әріптестеріміз алдын ала комиссия қарауына құжаттарын тапсырады. Барлық талап осындай.
Төл мереке тақаған сайын үміткерлер тақымын қысып отыр. Қаламгерлер арасында «Облыс әкімінің дәстүрлі сыйлығын кімдер алады екен?» деген қызығушылық оты да маздап тұр. Қайсыбір үміткер әріптестеріміздің әлеуметтік желідегі жазбасын оқысаң, толғаныстары тұлпарын аламан бәйгеге баптайтын атбегінің уайымынан бір мысқал да кем емес. Ол да заңды шығар. Түптеп келгенде, мұндай сайыс керек пе? Қажет болса, лайықты журналистер кімдер? «Алтын сұңқарды» алатындардың әлеуметтік жағдайы ескеріле ме деген сауалдарды сарапшыларға жолдадық.
Сын көзбен қарағанда...
Бұқараның жоғын жоқтап, жұртқа жанашырлық танытып жүрген қарағандылық қаламгер Ерлан Төлеутай былай дейді:
– «Алтын сұңқар» сыйлығының қазіргі шарты мен берілу жолы жайында өзгерістерден бейхабармын. Бірақ мен облыстық «Сарыарқа» телеарнасында қызмет еткен жылдары басшылық талапшыл журналистерді кез келген марапатқа ұсынудан ысыртып отыратын. Ақиқатын айтсам, қазір Қарағандыда журналистика дағдарыс үстінде. Ендеше «Облыс әкімінің сыйлығын беру қажет пе?» деген сұрақ туындайды.
Әлбетте, мұндай марапат керек. Мұндай байқау журналистің шығармашылығына шабыт сыйлайды әрі қаржылық жағынан үлкен демеу екені сөзсіз. Мейлі, тіпті жүлде қоры 2 миллион теңгеге жетсін. Оны биліктің сойылын соғатын «пысықтар» емес, мамандығына адал, ұлттың мүддесі мен руханиятының жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген елгезек тұлға иеленуі керек. Мұндай бастамадан жұмыссыз жүрген дарынды журналистерді де сырт қалдырмаған жөн. Байқаудың қазылар алқасы «жастарға жол беру керек» деген сарынға салмай, орта жастан ойысып, кемел шаққа келген әріптестерімізді де шет қалдырмаса дер едім.
– Жүлдеден әркім дәмелі. Дода сонысымен де қызықты әрі тартымды. Бірақ билік жүлдені қазылар талқысына салмай-ақ, өз шешіміне сәйкес берсе, құнды болар еді, – дейді аймаққа танымал блогер Айсұлтан Жақып. – Қазір «Алтын сұңқарды» алу кезегін күткен жандардың күйіндей жағдайға душар болдық. Жасыратын несі бар, осы күні аймақтағы әріптестеріміз «биыл ананың, келесі жылы оның кезегі» деп, сырттай бал ашып отырады. Жүлденің құндылығын жоғалтатын – жюрилік жүйе. Қазылардың құрамына облыстағы БАҚ басшылары кіреді. Әлбетте, ол жерде әр басшы өз қызметкеріне бүйрегін бұратыны белгілі. Айналып келгенде, «бармақ басты, көз қысты» ғадетке жол береді. Қатардағы азамат ретінде ендігі бір пікірім: «Алтын сұңқар» сыйлығы ютуб каналында, жекеменшік ақпарат көздерінде қызмет істеп жүрген және әлеуметтік желіде өткір мәселе қозғап жүрген азат ойдың иесіне де берілсе екен. Мәселен, мен алдыңғы жылы бағымды сынау мақсатында өз жұмысымды жолдадым. Құжаттарымды тапсырдым. Бірақ үмітім ақталмады. Абырой болғанда, сол жылы «Интерньюс» ұйымының Орталық Азия бойынша халықаралық қаржылай грантын ұтып алдым.
– Әлем елдері бір-бірімен бәсеке үстінде. Бүгінде барлық сала мамандары жаңа тауар шығару, дара дүние ойлап табумен бас қатыруда. Ендеше журналистер де бұқараның санасына серпіліс тастайтын өзгеріс енгізуге бет бұруы керек. Ол үшін қалам ұстаған ағайын, яғни журналистер қауымы ұлттық құндылықты көтерудің түрлі саладағы қырына үңіліп, оқырман мен көрерменді тың ойға жетелейтін ақпаратпен сусындатуға ұмтылғаны жөн. Бүгінгі журналистің алдында, міне, осындай міндет тұр. Мен ұлтқа қызмет етудің шынайы белгісі деп осыны айтар едім, – дейді заңгер, қоғам белсендісі Болат Сыздықов.
Сыздықовтың сөзі шынымен де ой салды. Сонда, төл салада майталман маман шектелді ме, шетінеп тынды ма? Қазақ журналистеріне ойтамызық беріп отырған өресі биік Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Нұртөре Жүсіп, Төрехан Майбас, Төлеутай Мұқаш, Ерлан Төлеутай секілді сөз зергерлерінің барына шүкіршілік айтасың. Міне, сондай шеберлерден тәбәрік алып қалғанымыз жөн болар.
Айтқандай, Арқа журналистерінің аймаңдай сыйлығы апта соңында өз иелеріне табыс етіледі.