03:52, 28 Ақпан 2019
Алтын тақ фильмі жарыққа шықты

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай түсірілген «Қазақ хандығы» киносериалының жалғасы ретінде «Алтын тақ» фильмі түсіріліп бітті.
Фильмнің тұсаукесері 26-ақпан күні Астанада өтті. Аталмыш фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Түсілірімді «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жүргізген.Қоюшы режиссер мен сценарий авторлары «Қазақ хандығын» түсірген шығармашылық топ деуге болады. Рүстем Әбдіраш режиссерлік еткен фильмнің сценариін белгілі жазушы Смағұл Елубай бастап, Тимур Жақсылықов және режиссердің өзі бірігіп жазған. Сондай-ақ, қоюшы суретші Мұрат Карипов; қоюшы операторлары Сапар Койчуманов пен Александр Плотников; костюм жөніндегі суретші Ажар Әубәкірова; гримм жасаушы суретші Сергей Маурин; бас продюсер Арман Әсенов; композитор Әбілқайыр Әбдіраш; редакторы Ерлан Төлеутай. Фильмге басты жауапты адамдар негізінен осы топ болса, рөлдерді сомдағандар Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Ғазиза Тілеубай, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Фариза Ескермесова, Әлішер Сүлейменов бастаған актерлер.«Алтын тақтың» негізгі түсірілімдері былтыр мамыр айының басында Алматы облысында басталы, Түркістан облысында жалғасқан. Түркістан облысындағв Елтай ауылының маңындағы Иір су жайлауында режиссердің шешімімен Керей мен Жәнібек хандардың салтанатты ауылын көрсетеді. Шайбанилер мен қазақтар арасындағы алып майдан көрсетілетін ұрыс сахнасы да осы жайлауда түсірілген. Фильмде Сығанақ, Тараз бен Түркістанның тарихи кейпі көрсетіледі.Жалпы фильмнің сюжеті жайлы, артықшылықтары жайлы фильм продюсері Арман Әсенов екінші маусымның біріншіден қызықтырақ, экшн көп болтынын айтады. — Екінші маусым аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы. Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тақ үшін таласы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызықырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын.Фильмнің тұсаукесері жалпы жұртты бей-жай қалдырмады. Әркім өз пікірін айтып жатыр. Пікірлердің дені негізінен фильмнің «Қазақ хандығының» жалғасы екенін, бір қарағанда аяқталмай тұрғанын, сол себепті, режиссердің бұл циклды ары қарай жалғастыратынын айтуда. Жалпы фильмде Қазақ хандығының нығайып келе жатқан шағындағы оқиғалар суреттеледі. Қазақтың тұңғыш ханы Керей ханның дүниеден өтіп, оның орнына Жәнібектің таққа отыруымен аяқталады. Демек, келесі фильм Қазақ хандығының аяққа нық тұрып, дамуға бет алған кезі – Жәнібек хан дәуіріне, Қасым хан заманына арналатынын болжауға болады.Бұл фильмнің бір жетістігі – көшпенді қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін салтанатты түрде көрсетуге, актерлер мен актрисаларды таңдауда сұлулық пен сымбатына баса мән бергені байқалады. Көшпенділердің мәдениетінің бір кездерде әлемге үлгі болғанын, өз заманында әлемдік өркениетте жетекші роль атқарған алып мәдениеттің иелерін асқақтатып көрсету идеясы, КСРО кезінен қалған «мешеу қалған көшпенділер» туралы стереотиптерді бұзу туралы ой назарда ұсталғаны анық.«Алтын тақ» — «Қазақ хандығының екінші маусымы есептеледі. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен тұсаукесерде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильмде тек тарихқа ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін, өмір сүру салтын көрсетуге тырысқан.Фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш «Алтын тақ» туралы: — «Қазақ хандығының» бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды. Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген. Елбасымыздың осы жолдауы фильмнің идеясымен ұқсас. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер біздің фильмде көрініс тапқан. Мәселен, фильм арқылы көшпенді халқының бай мәдениетін көріп, оның тыныс-тіршілігіне үңілуге болады, — дейді.Фильм республика бойынша жаппай көрсетілімге жақын күндері шығатын болады.Фото: brod.kz