Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 24 Тамыз 2025

Аляска архиепископы Путинмен кездескені үшін кешірім сұрады

Путин
Фото: AP

АҚШ-тағы Православие шіркеуінің иерархы, Ситка және Аляска архиепископы Алексий 15 тамызда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінен кейін кешірім сұрап мәлімдеме жасады.

Архиепископ Алексийдің хаты Америка Православие шіркеуінің ресми сайтында жарияланды, - деп жазды "Азаттық Радиосы". 

Алексийдің айтуынша, ол Путинмен кездесу барысында бейбітшілікке деген ұмтылыс пен қонақжайлық сезімімен әрекет еткен. Дегенмен, көптеген адамдар архиепископты Ресей басшысына тікелей Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етпегені үшін сынға алған.

Шіркеудің ресми ұстанымы өзгермеген

Америка Православие шіркеуінің митрополиті Тихон да мәлімдеме жасап, Алексийдің Путинмен кездесуі Синодтың келісімінсіз өткенін атап өтті. Ол Америкадағы православие шіркеуінің ресми позициясы өзгермегенін, шіркеу Ресейдің Украинаға басқыншылығын әлі де айыптайтынын және соғыстың дереу тоқтауын талап ететінін мәлімдеді.

Митрополиттің сөзінше, АПШ соғыс басталғаннан бері Украин шіркеуі мен халқына тұрақты түрде қолдау білдіріп келеді, гуманитарлық көмек көрсетуде және әр литургияда бейбітшілік үшін дұға жасайды.

Кездесу қалай өтті?

Архиепископ Алексий Путинмен Анкоридждегі мемориалдық зиратта кездескен. Бұл Ресей президентінің АҚШ президенті Дональд Трамппен өткен саммитінен кейінгі сапарының бөлігі болды.

Кездесуде Алексий Путинге Аляска әулиесі Германның иконасын сыйға тартты, ал Путин оған екі икона берді.

Америка Православие шіркеуі – автокефалды, яғни Мәскеу патриархатына тәуелсіз шіркеу. Оның қауымында АҚШ пен Канададағы православ христиандар бар, олардың ішінде Украинадан шыққандар аз емес. Сондықтан бұл кездесу көптеген шіркеу мүшелері үшін ауыр қабылданған.