Аляскадағы альянс. Украинаның территориясы Украинасыз талқыланады

Трамп пен Путин кездеседі дегелі бүкіл әлем Украинаның территориясын талқылап жатыр. Бейбітшілік миссиясы үшін, әсіресе Әзербайжан мен Арменияны татуластырғаннан кейін Нобель сыйлығына ұсынылатыны жиі айтыла бастаған АҚШ президенті Дональд Трамп Путиннің тілін таба ала ма, оның тілін тауып жатса, оған Зеленский көне ме деген сұрақтар мидай араласып, әлемдік БАҚ-тың бас тақырыбынан түспей тұр.
Бәрі Кремльден басталды. Трамптың Путинге қойған ультиматумы бітуге екі күн қалғанда Ақ үйдің арнайы елшісі Стив Уиткофф Путинмен Мәскеудің төрінде үш сағат әңгімелесіп қайтқан. Бұл кездесуде не айтылғаны туралы қос тараптан да нақты мәлімет берілген жоқ. Әйтеуір, бұған дейін болуы мүмкін деп жүрген екі ел президентінің кездесуі белгіленгені, оның 15 тамызға бекітілгені туралы білдік. Путиннің Қазақстаннан бастап Қытайға дейін, өзім деген бірнеше елдің президентіне қоңырау шалғаны, онда Трамппен келіссөз туралы «ақылдасқаны» жайлы шала-шарпы ақпарат алдық. Иә, айтпақшы, Уилкофф қағыс естіп, Путин «уступкаға» барады деген сөзі әлемді айран-асыр қылып, артынша, оның өтірік екені айтылып, біраз қызыққа баттық.
Кездесу орны – бір кездері патшалық Ресей АҚШ-қа сатып жіберген Аляска. Мұның артынан да мән іздеушілер аз емес – Трамп символикалық мәні бар (Аляска Ресейдің жері болған) орынды таңдады дейді. Бас жаққа барыспай-ақ, Ресейге тиіп тұрған, бастысы, Гаага сотының құрығы жете қоймайтын ыңғайлылығы үшін екіжақты келісіммен таңдалған нүкте деген нұсқаға тоқтайық.
Путин бұл кездесуден не күтеді, жұрт Путиннен не күтеді? Әрине, ештеңе күтпейді. Кремль қожайыны бұған дейін де айтқан, кеше де шегеледі: Негізгі шарт орындалса, соғысты бір-ақ сәтте тоқтата салады. Ал Путин қойып отырған шартты әлем жатқа біледі, сол үшін де үміттенбейді.
Bloomberg ақпарат агенттігі Путиннің бұл кездесуге дайындап жатқан сценарийін былай сипаттайды:
«Путин Украинаның 2014 жылы аннекцияланған Донбасс пен Қырымды түгелдей Ресейге беруін талап етеді. Бұл дегеніңіз, Украина президенті Владимир Зеленский Луганск пен Донецк облыстарының Киев бақылап отырған аймақтарынан әскерін шығаруға бұйрық беруі керек деген сөз. Яғни Мәскеудің 2022 жылдың ақпанынан бері бүкіл армиясы күшпен ала алмаған жерді сыйлай салады. Істің мұндай сипат алуы Путин үшін өте үлкен жетістік болар еді, өйткені қанша уақыттан бері айтып келе жатқан соғысты аяқтаудың негізгі шарттарын Еуропа мен Украинаны айналып өтіп, АҚШ-пен тікелей келіссөздер арқылы орындата салады».
Путин біраз «уступка» жасауға мәжбүр болуы да мүмкін. Себебі экономикасы әлсіреді, соғыста да алға жылжуы қиындап тұр. Осындай кезде сыртқы жүнін қампайтып, Трамппен кездесіп қайтса және ешқандай нәтижеге жетпесе де ұтылмайды. Бастысы, «көрдіңдер ғой, кездесуге келісіп едім, өздері сөз ұқпайды» дегенге жақсы. Оның үстіне, Путин уақыт созғысы келеді. Тіпті осыған дейін Трамп айтып, өтпей қалған соғысты тоқтата тұру ұсынысы да Путинге тиімді. Экономикалық жағдайының әлсіреп бара жатқанын, майдан даласындағы тоқырауды толықтай түзеуге қауқарсыз екенін де түсінеді. Сондықтан ес жиып, қорамсағын толтырып алғанша «Аляска да біздің жер» деп, барып-қайтқаннан ештеңесі кетпейді.
Трамп үшін де территория мәселесі үлкен сын. Соғысты тоқтатам дегені, Путинге ультиматум қойғаны, т.б. толып жатқан уәдесі бар, өткен жұмада территория алмасу өте күрделі мәселе екенін өзі де айтты. Бірақ екі жаққа да тиімді дейді. Ал бұл тиімділіктің кілті не? Ақ үй өз тарапынан не ұсынады?
Трамптың территорияға қатысты ұстанымы бұған дейін белгілі болып қойған. Ол, тіпті, соғысты тоқтату – территориялық проблемадан гөрі маңыздырақ екенін де айтқан. Бұл, әрине, Путинге майдай жағады. Егер Трамп соғысты тоқтатам деген уәдесін бәрінен биік қойса, Путиннің алдында Зеленскийді жығып беруден де тайынбауы мүмкін. Осыдан үш ай бұрын Зеленскиймен бет көріспестей өкпелескенде Қырымды Ресейдікі деп мойындап, санкцияларды алып тастау туралы айтқанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Және қазіргі майдан шебінде соғысты тоқтатуды ұсынған. Бірақ осы уаққа дейін Қырымды Ресейдікі деп заңды түрде мойындамаған Киевтің енді мойындай қоюы екіталай және оған 2022-ден бері аккупацияланған аймақтарды қосып бере салу... ақылға сыймайды.
Путиннің Херсон мен Запорожье облыстарына шабуылын тоқтатуға келісуі мүмкін деген де болжамдар айтылып жатыр. Бұл әлгі қағыс естіген Уиткоффты талқылаудан шығып кеткен әңгіме сияқты. Бұл болжамның түбі де сол екі ел қазіргі бақылап отырған аймақтарға ие болып қалады деген сценарийге келіп тіреледі. Әлбетте, оған Зеленскийді былай қойғанда, Украина халқы көне қояды дегенге сену қиын. Жақында ғана Зеленскийдің бір шешімі үшін жауып тұрған оққа қарамай көшеге шыққан украиндар президенттерінің табаны тайғанай бастаса қандай қадамға баратынын болжау қиын емес. Олар қоятын сұрақтың салмағы ауыр: Онда неге қан төктің? Онда не үшін соғыстық? Жер үшін жанын қиған боздақтардың өтеуі қайда?..
Украина президенті мұны жақсы біледі. Сол үшін де территориядан бас тарту үшін ұлттық референдум өту керек деп жатыр. Халқым естісін, Трамп естісін, әлем естісін дегені. Ал Путинге референдум сылтау бола алмайды. Украинаға алғаш басып кірген кезінде ЛХР мен ДХР-де, Херсон, Запорожье облыстарында референдум «өткізіп» тастаған. Соны алға тартып, жеңген баланың ойынын ойнап қайтады.
Путин қоңыраулатып жатқанда Зеленский де қарап жатқан жоқ. Ішінде Қазақстан да бар бірнеше елдің президентіне ол да қоңырау шалды, бірнеше мәлімдеме жасады. Бұған дейін де «Украинасыз Украинаның тағдырын талқылау» форматына қарсы болып келген, бұл жолы да сонысын айтып жатыр. Оның ұстанымы – 2022-ні былай қойып, 2014-тегі Украина территориясын қалпына келтіруге негізделген. Ал оған кім келісе қояды? «Әкең көнсе, шешең көнбес» дегендей кеп. «Қысым әсер етіп жатыр. Бірақ ең бастысы, детальдарға келгенде Путин бізді де, Трампты да алдап кетпеу керек» деп, көрпені өз жағына тартып-ақ жатыр.
Сөйтіп жатқанда, әлем кейбір сарапшылар оның көзін бақырайтып қойып Путин мен Трамп Украинаны бөліп ала ма деген сұрақ қоя бастады. Тіпті әлемді бөліп ала ма деген сауалға «бас қатырып» жатқандар да бар. Бұл, әлбетте, әлсіреген Путинді Ресей халқының алдында әлі де қауқарлы, әлемге билігін жүргізетін, тек өзі сияқты алыппен «ақылдаса» отырып, әлемнің тағдырын шешетін тұлға болып көрінуіне жәрдемдеседі. Кремльшіл баспасөз де осы мәселеге баса мән беріп жатыр. Америка алдымызға келді, бітім сұрады, басқасы қайда барады деген месседж желдей есіп тұр.
Бұл саммит туралы CNN арнасы бес сценарий ұсынады. Біріншісі, алдымен соғысты тоқтатып, содан кейін келіссөз жүргізу. Әрине, бұл Путин үшін тиімсіз, орындала қоймас. Екіншісі, соғысты жалғастыра отырып келісіп көру. Бұл аралықта Украина тағы біраз жерінен айырылып үлгеруі мүмкін. Үшінші, енді екі жыл соғысу. Бұл уақыт аралығында Украина негізінен ЕО-ға, одан кейін АҚШ-қа арқа сүйейді, Ресей үлкен жетістікке жете алмайды. Яғни келіссөз үстеліне жуасып келеді. Төртінші, коллапс. Украина үшін. ЕО мен АҚШ-тың қолдауынан айырылады, сосын әлбетте, өз күшіне сүйеніп, адам факторына арқа сүйейді. Ресей алға жылжи түседі. Бесіншісі де коллапс. Ресей үшін. Санкция әсер етеді, Қытай қолдауын тоқтатады. Сол аралықта АҚШ пен ЕО Украинаны күшейте түседі. Ақыры, Ресей 1989 жылғы Ауғанстаннан шыққандай өзі шегінуге мәжбүр болады.
Зеленский шамасы келсе, әлем елдері Ресейге қысымды арттыра түссе, әбден әлсіретіп алып, АҚШ пен Еуропаның қаруын пайдаланып, жеңіске жетсем-ақ дейді. Ал Трамп пен Путиннің көздегені не? Осы аптада Аляскаға бүкіл әлемнің көзі тігулі, құлағы түрулі болады.
Олжас Сламжан