«Алжернонға арналған гүл» – ақыл мен адамгершіліктің трагедиясы

ХХ ғасырдың ортасында америка мен ағылшын әдебиеті әлем оқырманына тың тақырыптар мен туындыларды ұсынды.
Осы кезде әдебиет тарихында постмодернистік шығармалардан бөлек, ғылыми фантастикалық, психологиялық, антиутопиялық романдардың легі келіп қосылды. Уақыты тығыз, таңертең жұмысына асығып, іңір түскенде үйіне бір-ақ келетін жандар бірнеше том романдарды оқудан әбден жалықса керек. Содан да жаңашыл, қысқа туындыларды жылы қабылдап, оң көзқарас танытты. Осы жылдары әдебиетке аяқ басқан америкалық жазушы Дэниел Киздің шығармаларымен бүгінде әлем оқырманы жақын таныс.
Түп негізі еврей саналатын америкалық жазушының «Билли Мигилианның құпиясы», «Алжернонға арналған гүл» сынды ғылыми фантастикалық туындылары әлемнің елуден астам тіліне аударылып, әлемдік әдеби үдерісте жоғары бағасын алған. Былтыр ғана «Алжернонға арналған гүл» шығармасы да қазақ тіліне аударылып, оқырманға ұсынылған еді. Қаламгердің бұл шығармасы – ғылыми фантастика мен психологиялық драманы тоғыстырған ерекше туынды. Ғылым мен адамгершілік, интеллект пен эмоционалдық тепе-теңдік мәселелерін терең қозғайтын психологиялық романның қаузаған тақырыбы – жеке тұлғаның ішкі азабы турасында ғана десек, шығарма аясы тарылып кеткендей болар. Туындыны, сонымен қатар, қоғамның өзгеше адамдарға деген қатынасын көрсететін философиялық ой-толғам деп бағаласақ та жарасар еді. Романның басты кейіпкері Чарли Гордонның ақыл-ойының күрт дамып, шарықтап, кейін қайта құлдырауы – адам болмысының күрделілігін ашатын шебер метафора. Ал Алжернон есімді тышқанның рөлі Чарли оқиғасының айнасы іспетті. Әу баста, 1959 жылы әңгіме түрінде жазылған «Алжернонға арналған гүл» романы 1966 жылы роман боп қайта басылады. Кітаптағы басты кейіпкерлердің прототиптері де автор өмірінен алынған деседі. 1958 жылы Дэниел Киз өз әңгімесін Galaxy Science Fiction журналына әкеліп көрсетеді, бірақ журналдың бас редакторы соңғы бөлімді өзгертуді ұсынады. Соңғы бөлімде Чарли өз ақыл-парасатын сақтап қалып, Алиса Киннианға үйленіп, баянды және ғұмырлы өмір кешуі тиіс болатын. Дэниел Киз бұл өзгерісті жасаудан бас тартады да, Fantasy & Science Fiction журналына әңгімесін сатып жібереді. 1962-1965 жылдар аралығында Киз әңгімені романға айналдыру үшін қажырлы еңбек етіп, тек жазумен ғана айналысады. Сөйтіп толықтырылған романды бастапқыда Doubleday баспасына сатпақ болады. Алайда бұл баспада және өзге бесеуінде оның романын қабыл алмай, соңғы бөлімді өзгертуге ұсыныс жасайды. Ақырында1966 жылы ғана кітапты Harcourt фирмасы жариялайды.
Әуелде сыдыртып оқығанда шығармада ауыз толтырып айтатын түк те жоқ сияқты көрінеді. Бірақ автордың күнделік форматында Чарлидің сезімі мен ішкі күйін ақтара салуы кітапты бестселлерге айналдырса керек.
Роман қандай қарапайым болса, сондай күрделі. Бір деммен оқылатын шығарма жанарыңа мөлдір моншақтар тізіп, жаныңды мұңға бөлеп алады. Қарапайым наубайханада «барып кел, шауып кел» деген тірлікті ғана атқарып жүретін 32 жастағы Чарли Гордонның бір ғана келісімі оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Штраус және Немур есімді қос дәрігердің экспериментіне Чарлиді оның жас ұстазы Алиса Киллиан ұсынады. Чарли осыған дейін кешкен ғұмырында жанына жалау болар дос іздеп, жақсылықтан үміт үзген емес. Күндердің күні адамның ақыл-ойын отаның көмегімен дамытуды көздеген білікті дәрігер әрі ғалымдарға тап болып, өзіне тәжірибе жасауға бел байлайды. Әйтсе де, «ақылды болсам, досым да көп болады, өмірім гүлденеді» деп күткен Чарлиде бәрі керісінше өзгереді. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Алжернон есімді тышқанға қауіпті экспериментті жасап шыққан қос дәрігерге кезекті тәжірибесі үшін кәдуілгі адам керек еді. Ғалымдар бұрын тек тышқандарға жасалған отаның адамға қаншалықты әсер ететінін тексергісі келеді. Бұл тәжірибе кезінде Чарлиге ми қызметін күшейтетін хирургиялық ота жасалады. Эксперименттің сәттілігін дәлелдеу үшін зерттеушілер Чарлиді зертханадағы ақылды тышқан Алжернонмен салыстырады. Әу басында тышқан барлық сынақтарда Чарлиден озып отырғанымен, бірақ біртіндеп Чарлидің интеллектісі жоғарылап, ол Алжернонды басып озады. Эксперименттен кейін Чарлидің ақыл-ой қабілеті күрт өсіп, ол бірнеше тілді меңгереді, күрделі ғылыми-зерттеулер жүргізіп, әлемдік деңгейдегі ғалымдарға пікірталаста қарсы шыға алатын дәрежеге жетеді. Бас кейіпкер бар-жоғы бірнеше ай ішінде ғұлама ғалымға айналып, бұрын өзі ұқсағысы келген адамдардан интеллектісі әлдеқайда ілгері кеткен еді. Бірақ ақылы толысқан сайын Чарли Гордонның ішкі әлеміндегі тартыс күшейіп, адамдармен қарым-қатынасы да күрделене түсетінін байқауға болады. Бұрынғыдай аңғал, барлығына сенгіш Чарли енді жоқ. Ол осыған дейін өзіне күліп қараған адамдардың шын мәнінде оны қорлағанын түсіне бастайды. Уақыт өте келе Алжернонның интеллектісі төмендеп, тышқан мінез-құлқында күрт өзгерістер орын алады, ақыры соңында өледі. Енді Чарли осы жайттардың өзін де күтіп тұрғанын ұғынса да, үнсіз көндігеді. Бұл эксперименттің уақытша ғана нәтиже бергенін анықтап, өзінің де баяғы ақыл-ой деңгейіне қайта оралатынын түсінген кейіпкер: «Алжернонның қабіріне гүл қоюды ұмытпаңыздаршы» деп өтініш жасайды. Шығарма соңында Чарли бұрынғы қалпына қайта түсіп, «ақыл-есі кем» күйде наубайханадағы жұмысына оралады. Шығармада бір кейіпкердің бойында екі образ қатар ғұмыр кешеді: бірі – анасынан мейірім мен махаббат аңсаған, сезімі жетілмеген бала Чарли болса, екіншісі – ақылы толысқан, бірақ жалғыздық жанын жегідей жеген ересек Чарли Гордон. Осы екі бейне кейіпкердің ішкі тартысын одан сайын шиеленістіріп, өмірін күрделендіріп жібереді.
Чарлидің қауіпті экспериментке не үшін келіскенін бағамдау қиын емес. Туа салып ақыл-есінің кемістігі үшін әкесі, кейін анасы мен қарындасы теріс айналған бала кешкен ғұмырының бәрінде дерлік теперіш көріп, төзімін сынап келеді. Оның бар қалауы – адамдармен не төмен, не бөтен емес, тең дәрежеде тіл қатысып, қатынас құру еді. Ақыл-есі орнына келсе, өмірім жеңілдейді деп ойлаған Чарлидің отадан кейінгі өмірі, тіпті күрделеніп, қиындап кеткен сияқты. Әлде ақымақ боп сүрген әлдеқайда оңай ма деп қаласың... Ақылы артқан сайын жалғыздықпен достасу адамзат жаратылғалы бері жасап келе жатқан ең үлкен қасірет. Осы орайда, жанын ұғатын адам таппай сенделіп, сергелдеңге түскен Чарлидің жай-күйінен ғасырлар бойы таласы таусылмаған Шекспирдің Гамлетіндегі ақылды адамның азабын байқаймыз. Біздің кейде жеті миллиард адамның ішінде жүріп те жалғызсырайтынымыз секілді не кей сәттерде қызылды-жасылды отшашулардың астында отырып мұңаятынымыз сияқты Чарли де ақылы толысқан сайын шын жалғыздықтың, анығында, рухани жалғыздықтың азабын тартады. Бәлкім, ақыл-ой адам үшiн сәттiлiк пен билiкке қол жеткiзуде таптырмас қару шығар. Алайда кейде сол адам ақыл-ойының өмiрдiң күнгей тұсына назар аударту арқылы адамды қоғамдық өмiрдiң сүреңінен жерітіп, азап шектiретіні де әбден рас жайт. Бұл жайтты Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп түйіндеген-ді. Қоғам мен Чарлидің ортасындағы қарым-қатынастың қиындауына негізгі себеп – тәжірибе барысында дәрігер-ғалымдар оның ақыл-есін ғана дамытып, эмоционалды интеллекті мен ішкі сезімі сол балаң, аңғал қалпында қалғаны еді. Кейіпкер бір сөзінде: «Құр білімнен мысқалдай пайда жоқ екенін енді түсініп жатырмын. Сендердің университеттеріңде зейін мен зерде ең құдіретті саналады. Бірақ мен сендер байқамағанды білем: адами сезіммен сәулеленбеген жалаң білім бақырға да татымайды» дейді. Мүмкін осы себепті де адам атаулыдан мысқалдай мейірім мен жұбаныш таппаған Чарли дәл өзі секілді тәжірибе нысанына айналған кішкентай тышқан – Алжернонды дос тұтқан болар. Ақылы асқан сайын адамдардан алшақтай берген кейіпкердің «аңғал» кезінде достары көп болғанын айтады. Бірақ мұндай достықтың құнын Чарли өзі де жақсы білді. Өзіне жасалған тәжірибеден соң, әрине, Чарли өз әрекеттері мен сезімдеріне жауап бере алатын ақыл биігіне көтеріліп, қоғаммен қалыпты қарым-қатынас жасауды үйренетін тұлғаға айналады. Ғылымды да, басқа салаларды да игеруге күш жұмсайды. Бастапқы кездегі қиқы-жиқы грамматикасы кейін қатеден айығады. Жазбаларындағы ой салмағы ауырлай береді. Алайда әу басында «Кінделүктегі» алғашқы жазбалары сауатсыз болса да, ақыл-есі дамыған кезде жазған «күнделігінен» әлдеқайда сезімге бай еді. Айналаға таза көңіл, пәк ниетпен қарайтын Чарлидің болмысы күнделіктің сол алғашқы беттерінде қалып қойғандай. Бірақ Чарли әлемге ашық, не ақылы тасқан ғалым болса да, айналасынан мейірім, қолдау таба алмайды. Мазақ пен мысқыл одан бәрібір қалған емес. «Йегер сен ақылды босаң, достарың көп болады және ешқашан жалғыз қамайсың» дейді жазбасының бірінде.
Шығармада ғылыми тәжірибенің этикалық аспектілері де шебер көтерілген. Чарлиге жасалған тәжірибе – адамзаттың білімге деген шексіз ұмтылысының көрінісі мен адамзат дамуының айғағы десек, дәл осындай жетістік адамгершілік қағидаларымен қаншалықты үйлеседі деген сауал туады. Чарли өзінің бұрынғы «қарапайым» қалпында бақытты болғанын түсінген шақта оқырман да эксперименттің моральдық тұрғыдан дұрыс-бұрыстығы туралы ойлана бастайды. Әсіресе Чарлидің халықаралық ғылыми конференциядан қашып кеткен тұсында бұл ой айқындала түседі. Осы тұрғыдан қарағанда, роман ғылыми прогрестің екіұштылығын және оның адам өміріне тигізетін ықпалын сыни тұрғыда бағалауды да ұсынады. Мәселен, шығармада Чарлидің халықаралық ғылыми конференциядан қашып кететін, анығында, көп пікірге келіспей кетіп қалатын тұсы бар. Чарли мен Алжернонға адам, тұлға деп емес, тәжірибе құралы деп қараған ғалымдардың абсурд ойына келіспеген Чарлидің бұл әрекеті көпке түсініксіз болғанымен, шын мәнінде кейде ғылым деп жалаулатып жүрген дүниелердің адамгершіліктен аттау екенін ұғындырғандай болады. Осы тұста Алжернон – Чарлидің тағдырын алдын ала бейнелейтін символика. Алжернонды ақыл-ойды дамыту тәжірибесінде қолданылған зертханалық тышқан ретінде ғана емес, сонымен қатар Чарлидің бейсанадағы бейнесі, көрінісі деп қарастырсақ болады. Күллі процесс Алжернон мен Чарлиде параллель жүріп отырады. Шығармадағы отбасы тақырыбына да автор басты назар аударған. Ақыл-есі кем бала дүниеге келісімен анасы бұл «қателікті» түзеуге тырысты, Чарлиді дамытты, көңілін бөлді, бірақ жеткілікті деңгейде мейірімін төге алмады. Тұңғышы дүниеге келген ана «сау» қызын дүниеге әкелген соң Чарлиге, тіпті қырын қарай бастайды. Сол үшін бе екен, әйтеуір ой-өрісі кеңейіп, ақылы толысқан шақта да Чарлиге аналық махаббат, отбасының жылуы жетіспеген еді. Бала күнінен бірге өсіп, кеудеде қайнап жатқан кейіпкердің қорқынышы мен қалауы, қасіреті мен қайғысы қалай болса да тастап кетпейтіні анық. Анасынан көрмеген махаббат мен жылуды кешкі колледжде сабақ беретін ұстазы Алисадан табады. Шығарманың бәсін арттырар тағы бір шиеленісті тұсы да – осы, Чарли мен ұстазы Алисаның арасындағы сезімдер тартысы болса керек. Кейіпкердің күнделігіне қайталап жазған: «Мен – адаммын. Менің сүюім керек» деген сөзі әңгімеге тұздық сыңайлы. Чарли әйелді, адамды қанша сүйіп, құшқысы келгенімен, бала кезінде анасынан теперіш көрген балаң санасы Алиса екеуінің арасында қорған тұрғызып қойды. Ақыл-есі тоқтаусыз дамып, эмоционалды интеллектің өзгеріссіз қалса, адам жаны күйреп кетеді екен.
Кейде біз өзімізге ұқсамайтын, дәл біздей ойлап, ғұмыр кешпейтін жандарды тұншықтыруға асығамыз. Оның мынау жарық дүниеде аяқ басып жүргеніне көндіге алмайтындар болады. Жазушы бір сұхбатында: «Бізге бәрін өзімізге ұқсатып алған ыңғайлы. Өзімізге ұқсамайтын адам көрсек, ақиқаттың азабына шыдамай қашамыз. Әліміз келсе, жекіп, жанына бататын сөздер айтамыз. Күлеміз, күлкі етеміз. Себебі біз одан өзімізді көріп қаламыз ба деп қорқамыз. Сол қорқынышты болмашы әңгімемен алмастыра береміз. Шығармадағы кейіпкердің прототипі дәл осы деп нақты айтуға болмас. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Кони-Айлендке көшіп бардым. Сол жақта ерекше болмысы бар, сіздер «ақыл-есі кем» деп санайтын балалармен ұзақ уақыт жұмыс істедім. Бір күні Кени есімді оқушым жаныма кеп, «егер ақыл-есім толысса, кәдуілгі балалар оқитын орта мектепке ауыса аламын ба» деп сұрақ қойды. Осы сұраққа ұзақ ойландым. Өзім де көзімнің нашар көруі салдарынан ерекше балаларға арналған мектепте оқыдым. Егер біз басқаларға ұқсасақ, ақыл-есіміз дұрыс әлде көзіміз жақсырақ көрсе, бойымыз ұзынырақ болса, өзгелердей бола аламыз ба деген сұрақ күні-түні мазалай берді. «Алжернонға арналған гүл» романының идеясы осылай туындады. Шығарманы қанша баспаға апардым, барлығы дерлік соңында Чарлидің ақыл-есі дұрыс қалыпта қалып, Алисаға үйленгенін қалайды. Бірақ бұндай ғажайыптар ілуде бір болатынын естен шығарып аламыз. Бізге адамдарды шынайы қалпында қабылдаған қиын. Өзіміздің дәрежемізді, деңгейімізді өзгені кемсітіп, жанын жаралау арқылы ғана көтергіміз келеді» дейді.
15 шілде:
Анаммен кездесуді қайта-қайта кейінге қалдырып жатырмын. Оны көргім келмегеннен емес, өзімді не күтіп тұрғанын әуелі біліп алғым келгеннен. Алжернон лабиринтпен жүгіруді мүлде доғарған бұл күндері. Ең қызығы, не берсең де селт етпейді. Бүгін оны көруге кірсем, Немур мен Штраус та сонда жүр екен. Барттың тышқанды күштеп тамақтандырып жатқанын бақылап отырған екеуінде де маза жоқ. Аппақ үлпілдек тышқанды зертхана үстеліне байлап қойып, оған дәрі тамызғышпен тамақ беріп отырған Барт көзге біртүрлі қораш көрінеді екен. Егер осылай жалғаса берсе, онда оны дәрінің күшімен ұстап отырудан өзге амал қалмайды. Түрлі белдікшелермен байлап-матап тастаған Алжернонның мына күйін көрген мен енді оның орнына өзімді қойып көрдім. Сол-ақ екен, кеудем қысылып, таза ауа жұту үшін сыртқа атып шықтым. Өз-өзімді онымен салыстыра беруді қою керек еді маған осы…
10 қазан:
Әдетте, кешке жақын мен көше аралауға шығам. Ешқандай мақсатсыз, бейтаныс адамдарға қараумен уақыт өткізем. Кеше кешке қайда тұратынымды ұмытып қалыппын. Үйге полиция қызметкері әкеліп тастады. Бұрын дәл осы оқиға қайталанғандай көрінді маған. Мұның бәрін жазуға құлқым жоқ-тын, бірақ бұл күйді бастан өткеріп жатқан жаһандағы жалғыз адам өзім екенін есіме түскесін, жазбасыма амалым қалмады. Жүріп емес, жүзіп келе жатқан сияқтымын өзіме. Сұп-сұр кеңістік бір. Бәрін біліп тұрмын, бірақ ештеңе істей алмаймын тағы. Бірде жүрсем, бірде жаяу жолдың үстінде әрі-бері өткен адамдарға қарап тұрамын өзіммен-өзім. Жүргіншілердің қайсыбірі бұрылып қараса, кейбіреуі мойын бұрмастан кете барады. Тіл қатысқан бірі жоқ.
15 қараша:
Бұрұн жазған байандамаларымды оқыйын десем оқый алмай қалыппын. Кейбір сөзді тануын таныйм брақ мағнасын ұқпайм. Осыларды мен жазған сыйақты едім брақ түк есімде жоқ. Дәріханадан сатып алған кітаптарымды оқыйын шаршап қала берем. Әдемі қыздардың суреті бар кітаптар бомаса. Оларды көргеннен кейін қызық қызық түстер көрем брақ. Ол жақсы емес. Сол үшін ондайларды сатып алмайм енді. Мен бір жерден адамды ақылды әрі мықты ғылатын сыйқырлы ұнтақ жасап шығарыпты дегенді оқып қалдым. Бәлкім бірдеңке сатып содан аздан сатып аларм.
Әлем әдебиетінде күнделік жанрында жазылған шығармалар көп емес. Дэниел Киз шығармасының ерекшелігі сол – жанрлық, стильдік қуатымен оқырманды әп-сәтте баурап алады. Кітапты оқи бастағаннан-ақ көркем әдебиет я шығарма емес, танысыңның ескі тартпадан тауып алған күнделігін оқып отырғандай күй кешесің. Оқиғаны сюжет қуалап отырып, бірізді баяндай салмай, Чарли Гордонның күнделігі ретінде оқырманға ұсыну шығарманың бәсін одан сайын арттырса керек. Барлық ұлы жазушы, мықты шығармаға тән ортақ бір қасиет бар. Олар әдетте кітабында ақыл айтпайды. Ондай арзан әрекетке бармайды. Бұл кітапта да артық ауыз ақыл я басы артық сөз жоқ, тек оқырман санасында сезім үстемдік құрады. Кітап қате жазылған шимай-шатпақтан басталады. Бұл Чарли Гордонның эксперимент жасағанға дейінгі жазған-сызғаны, қалай естиді, солай жазады. Бастапқыда орфографиялық, пунктуациялық қатеден аяқ алып жүре алмайтын оның жазбалары бірте-бірте сауатты болып, мазмұны да тереңдей түседі. Сюжетті баяндайтын бас кейіпкердің өзі, сәйкесінше оқырман күллі оқиғаға бірде «ақыл-есі кем» қарапайым жұмыскердің, енді бірде ақылы толысқан, бірақ арын мазалаған сұрақтардың жауабын таппай жүрген Чарли Гордонның көзімен қарайды. Эксперимент барысында Чарлидің ақыл-есі толысқан сайын сауаты да артып, кітаптың орта тұсында күнделік ғылым адамының жазбаларына ұқсап кетеді. Жазушы бір ғана кейіпкердің тағдыры арқылы адамзат бойында жасай беретін қорқақтық, сатқындық, тәкаппарлық пен екіжүзділік сынды мінездерді асқан шеберлікпен таңбалайды. Әсіресе аңғал шағында наубайханада жанындай сеніп, жақсы көрген бас аспазының дүкен иесінің ақшасын ұрлайтынын көрген Чарлидің ендігі жерде әділетсіздікке шыдағысы жоқ. Көре тұра көрмеген боп, бұқпантайлап кешкен ғұмырдың мәні жоғын ұққан кейіпкер сол сәттен бастап наубайханадан біржола кетуге бел буады. Көңіл азса, жөнге салатын ақыл бар ғой. Ал ақылдың азғаны ең қауіпті қасірет сияқты.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ