Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
Республикалық спорт колледжін жабуға кімдер мүдделі?
Республикалық спорт колледжін жабуға кімдер мүдделі?
Қазақ спортының қара шаңырағы — Республикалық спорт колледжінің тағдыры қыл үстінде. Колледждің бұрынғы директоры Амалбек Тшанов әлеуметтік желіде Қазақстан президентінен араша сұрады. Мәселенің мәнін білу үшін Амалбек ағаға хабарластық. Ол: «Мұның бәрі менің қызметтен кетуімді күтіп отырып, арнайы жоспарланған шаруа сияқты көрінеді», деп бастады әңгімесін.
– Мен биыл 4-сәуір күні республикалық спорт колледжінің басшылығындағы жұмыстан кеттім. Мен кете салып, бір апта өтпей, колледжде айқай-шу шығыпты.
– Не айқай-шу, әңгімені содан бастаңызшы?
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Мәдениет және спорт министрі ауысты. Министрмен бірге, комитеттің төрағасы да ауысты. Сол жаңа келген комитет төрағасы жоқ жерден «жаңалық» тауып, жұртты дүрліктіріп, колледжді жапқалы жатыр… Мен бұл колледжді 14 жыл басқарыппын. Одан бұрын да бұл сала маған жат емес еді. Жас кезімізде бокспен айналыстық. Қазіргі Түркістан бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы болып тұрған кезінде, бокс федерациясын басқардым. Республикалық спорт колледжіне қызметке келген кезімде 248 бала ғана оқитын. Бұрын 600 балаға дейін білім алатын қазақ спортының қара шаңырағы болған мектеп қой. 4 гектарға жуық жері бар, қаланың орталық ауданында орналасқан. 1998 жылы астананы Ақмолаға көшіргенде, Қажымұқан атындағы мектепті Елордаға көшірді. Ал Алматыдағы мектепті колледжге айналдырды. Мен қызметке келгенде, колледжде спорттың 23 түрі бар екен. Оның бәрінің бізге қажеті шамалы екеніне уақыт өте келе көзіміз жетті. Себебі, біздің базада соның бәріне дайындалатын орын болған жоқ. Әр жерді жалға алып, спортпен шұғылданады екен. Содан қысқартып, 12 түрін ғана қалдырдық. Оның ішінде – бокс, күрес, таэквондо, суға жүзу сияқты түрлері бар.
Ащы болса да, шындығын айтайын, мен келгенде, колледжде «ит аунап» жататын. Бір қызығы, 44,7 сотық жер телімін бұрынғы басшылары сатып жіберіпті. Соны соттасып жүріп, қайтарып алдық. Колледждің орны өте қымбат. 2000 жылдары сол орталықта 1 сотық жер 100-150 мың доллар болып тұрған. Оншақты жылдың ішінде спорт колледжін адам танымастай, өзгерттік. Оны өзім айтқаным ыңғайсыз екен, кез келген адам барып аралап көруіне болады. 2009-дан 2019 жылға дейінгі 10 жылдағы өзгерісті салыстырмалы түрде түсірген видеофильм де бар.
– Еңбегіңізді ешкім жоққа шығармайды, аға!.. Колледжді жапқалы жатқандар кімдер? Олардың осыншама асығыс шешім шығаруларына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Самат Ерғалиев мырза комитетке төраға болып келгенде, оның республиканың бүкіл спорт саласына жауапты қызметке қалай тағайындалғанына таңдандық. Өйткені спорттан пәлендей жетістігі мен нәтижесі жоқ, тәжірибесі шамалы адамның мұндай қызметке тағайындалуы көңілімізге күдік тудырған еді. Ұлттық штаттық команда дирекциясы деген болды. Ерғалиев сонда материалдық жағын қамтамасыз ететін орынбасар болып жұмыс істеп жүріп, Нұр-Сұлтан қаласының «Дене шынықтыру және спорт басқармасына» төраға болып шыға келіпті. Онда ұзақ отырмай, қазіргі қызметке тағайындалды. Ерғалиев келе сала, «Республикалық спорт колледжі жабылады. Оның орнына спорт академиясын ашамыз. Сөйтіп, ұлттық құрама командасын осында дайындайтын боламыз», – деген ұсыныс білдірді. Біздегі спорт зал ұлттық құрама спортшыларының жаттығу жасауына келмейді. Олардың талабына сай емес. Бұл оқушылар мен колледж студенттеріне арналған зал. Ол жерде ұлттық құрама дайындалатындай, атшаптырым аумақ жоқ. Ортасында шағын футбол алаңы ғана тұр. Бұлардың спорт академиясын ашамыз дегені желеу ғана. Жұмысқа келген адам, ең алдымен, өзі істейтін шаруасын зерттеп, кезек күттірмейтін қандай мәселелер бар, спорттың қазіргі хәлі қалай деген сұрақтарға жауап іздеуі керек. Одан бөлек, мемлекеттік және халықаралық жарыстар бар, соған спортшылардың дайындығы қалай деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп, тексерудің орнына, бұл жігіттің келе сала, қазақ спортының ең күйіп тұрған мәселесі деп, біздің колледжді жабуды таңдауы – ақылға сыймайтын шешім.
Осыдан 15-16 жыл бұрын министрлік те спорт академиясын ашамыз, деп үлкен жұмыс басталған болатын-ды. Орны Алматының батыс жақ шетіндегі Алматы-Шымкент тасжолының оң жағында. 19 шақырым жерде. Бірақ Қазақстандағы ең жақсы дамыған кәсіп — ұрлық-қарлық, жемқорлықпен басталған жұмыс аяқталмай, зәулім ғимараттар сол күйі қалып қойды. Биыл енді министрліктен соған қайта ақша бөлініп, құрылыс жұмыстарын аяқтап, келесі жылы академияны ашпақ. Құрама команданың бәрі сонда болуы керек. Онда жаттығу жасайтын залдары, дайындалатын орындары, жатақханасы мен басқа да инфрақұрылымдарының бәрі толық қарастырылып отыр. Бұлар соны біле тұра, үй ішінен үй тікпекші.
– Спорт академиясын сіз айтқан қала шетінен ашса, онда колледжі жауып не істемекші?
– Гәп осында болып тұр ғой. Бұлардың уәжі қызық, күлкің келеді. Әлгілердің айтуларынша, спорт колледжінің орнына құрама командалардың ішіндегі 3-, 4-орындағы спортшыларды орналастырып, жаттықтырады-мыс. Айтпайын десең, адамды күйдіреді. Бұлар 1 мен 2-орындағы спортшыларды жиып, соларды жарылқап алмай жатып, 3 пен 4-орындағы спортшыларға ерекше жағдай жасамақшы. Сол үшін – 500 бала оқитын, 50 жылдық тарихы бар білім ошағын жауып, ата-аналардың сағын сындырып, спортшылардың үмітін өшіріп, ұлтқа қиянат жасауға бола ма? Ұлтқа қиянат деп отырғаным, бұл колледжде 90 пайыз қазақ жастары білім алады. Олардың көбі ауылдан келген қара домалақтар мен қаракөз қыздар.
Колледжді жауып тастауға белсенділік танытып отырған Ерғалиевтердің сөзінде қисын, жоспарларында жүйе жоқ. Кездескен кезімізде біресе ананы, біресе мына шатып-пұтып отырады. «Музей ашамыз», дейді. Ашсын. Бірақ музей ашуға бірнеше ғимарат қажет пе? Бір залды арнасын. Сол да жетеді.
Республикалық спорт колледжін бітіргендердің арасынан 8 олимпиада чемпионы шыққан. Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Ислам Байрамуков және т.б. осы колледжің түлектері. Одан да басқа қаншама әлем және Азия, Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Бұлар осындай жарты ғасырлық тарихы бар қара шаңырақты ортасына түсіріп, базаны құртқалы отыр. Жасыраты жоқ, колледжі жабуға жанталасып жатқан жігіттердің көзқұрты – қаланың орталығындағы колледждің ғимараттары мен бұрын бір рет сатылып, қайтарылып алынған жері. Соны жекешелендіріп алу. Сонда бұлардың тамағына тіркеліп тұрған мен болып тұрған екенмін. Себебі, мен жұмыстан кете салып, бір апта өтпей, колледжді жабуға басқа ешқандай себеп көріп отырған жоқпын. Мен директор болып тұрғанда, бұлардың батылы жетпеген сияқты.
– Сонда бұлардың ойы колледжді жауып, уақытша академия ашып, бірер жылдан кейін жерін әртүрлі жолмен жекешелендіру болып тұр ма?
– Дәл солай. Ол жағынан, бұлардың ақылына ақыл жетпейді, айласына құрық бойламайды. Мектепті жекешелендіру қиын. Өйткені мектеп мемлекеттің меншігі. Одан бөлек, ата-аналар тағы бар. Оны сатуға болмайды. Ал құрама командаларды дайындайтын жерге айналдырса, оны әртүрлі жолдармен жекешелендіруге болады. Заңға да томпақ болмауы мүмкін. Бұлар солай ойлап, жоспарды алыстан құрған. Биыл құрама командалар жаттығады дейді. Келер жылы командаларды қала сыртына көшіріп жіберіп, мектепті ГЧП-ға айналдыра ма, немесе басқа бір жолдарын тауып сата ма, қысқасы, өздерінің бас пайдаларына жаратпақшы сияқты.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортқа көп қаржы бөліп жатыр. Соны пысықтар мен кейбір байшыкештер өте жақсы пайдалануда. Самат Ерғалиевтың ағасы болып келетін миллионер Ерлан Қожасбаев та солардың бірі. Ерғалиевты да сүйрелеп жүріп, осындай қызметтерге жеткізген сол Қожасбаев. Әйтпесе, спорттан бірде-бір жетістігі жоқ, спортта басшылық қызмет істейтін тәжірибесі шамалы адам қалай мұндай жауапты орынға отырсын?
– Қазақстанға таңсық жағдай емес мұныңыз.
– Иә, оныңызды жоққа шығармаймын… Мемлекет басшысы «Спортты дамытқысы келетін азаматтарға ақша бөлу керек», деп спорттың дамуына барлық жағдай жасап, мүмкіндік беріп отыр. Мыналар соны пайдаланғысы келіп отырғандар. Схемасын өте оңай тапқан. Ұлттық құрамадағы 1, 2-орындағы спортшыларға мемлекеттен ақша бөлінеді. Бұлардың ойлап тауып отырғаны 3, 4, 5-орындағы спортшыларға мемлекеттен ақша бөлінбейді. Енді Ерғалиевтер осының бәрін заңдастырып алмақшы. Мысалы, спорт колледжінде 400 орын болса, қалған 3 қабатты оқу ғимараттарының бәрін жатақхана жасамақшы. Сөйтіп, ойдан қашқан, қырдан қашқан спортшы деген аты бар, 3, 4, 5-орынға үміткерлердің бәрін жинайды. Өзіңіз есептеп көріңізші, бір балаға күніне тамағы мен жаттығуына және жатақханасына 17 мың теңгеден бөлінсе, 500 баладан 1 айда қанша, 1 жылда қанша ақша қалтаға түскелі тұр? Өте көп. Олар осы жағына келгенде, ақылды. Бұл жүйені министрдің білмей қалуы мүмкін емес. Бірақ бұл арада кімнің мүддесі бірінші орында тұрғанын түсінбеймін.
– Бұл сонда спорт кландарының ісі ме? Сіздің әңгімеңізге қарағанда, бұларды ұлт болашағынан, қазақ спортынан гөрі, басқа мүдделер көбірек қызықтырып отырған сияқты?
– Кландардың ісі ғой, сіз дұрыс айтып отырсыз. Самат Ерғалиев пен Ерлан Қожасбаевтар қазіргі кландардың бірі. Самат бұл қызметке «звонокпен» келген адам. Еңбекпен көтерілмеген кадрдан мемлекетке пайда келеді деу артық әңгіме. Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» туралы ойы, жоспары көңілге әбден қонады. Бірақ «звонокпен» тағайындалатын кадрлармен біз «Жаңа Қазақстан» құра алмаймыз. «Звонокпен» келген жалғыз Ерғалиев емес. Жалпы, біздің спортта жоғары-төмен қызметте отырған басшылардың көпшілігі осындай таныс-тамырлықпен келгендер. Спорттың басқару жүйесіндегі осындай сыбайластықты құртпай, бұл сала ешқашан көгермейді. Мемлекет басшысын «подставить» етіп, халық алдына жығып беретіндер – осындайлар.
Бұлар қазір республикалық спорт колледжіндегі оқушыларды алдап отыр. Кәркен Ахметов атындағы мектеп-интернат колледжі мен «Шаңырақ» шағын ауданындағы мектеп-интернат колледжіне бөлеміз, ешкім далада қалмайды», деп отыр ғой. Онысы бос сөз. «Кәркен Ахметовте» 200 орындық жатақхана ғана бар. Онда – 400 бала оқып жатыр. Жартысы үйлерінде тұрады. «Шаңырақта» да солай. Мүмкіндіктері шектеулі. Бұлар қазір оқушыларға қол қойғызып алады да, күзге дейін өз ойларын жүзеге асырып жібермекші. Сөйтіп, 500 оқушы жамырап далада қалады. Оны ойлап тұрған Ерғалиев жоқ. Бұлардың көзқұрты – колледжің жері. Мен колледжден кетіп қалған адаммын. Қара басымның қамын ойласам, денсаулығымды күтіп, үйімде тып-тыныш жатпаймын ба? Менікі қазақтың өрімдей, спортшы ұл-қыздарының тағдырына араша түсу. Жеке басымның бір тиындық мүддесі жоқ мұнда. Өзім 14 жыл қызмет еткен, өзім қабылдап, тәрбиелеп жүрген балаларым мен маңдай терімді төккен мектептің көз алдымда күйреп, шаңырағы ортасына түскеніне шыдап отыра алмаймын. Керек болса, баспасөз арқылы, әлеуметтік желі арқылы Қазақстан президентінен араша сұраймын. Үнім Қ.Тоқаевтың құлағына жететініне сенемін!
– «Жас Алашта» жазылған мәселе жауапсыз қалмайды. Оның үстіне, мұнда ұрпақтың тағдыры тұр ғой.
– Сол ұрпақтың тағдыры Ерғалиевтердің қолына өткен жоқ па, бауырым?! Қазақстанның спорт саласында жүйе жоқ. Мысалы, екі-үш жылдың алдында спорт туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сол өзгертулер бойынша спорт федерацияларының бәрі олимпиадалық комитетке бағынатын болды. Ақша да сол жаққа аударылды. Сөйтіп, әдеттегі бір қоғамдық ұйым мемлекеттің ақшасының біраз бөлігін сыпырып алып, министрлікті жартылай жалаңаш қалдырды. Мұндай жүйе әлемде ешбір мемлекетте кездеспейді. Тимур Құлыбаевтың бетіне қарап, сөйлеуге сол кезде ешкімнің батылы жетпеді. Бізде бәрі осындай: «күштінің арты диірмен тартқан» заман. Ерғалиев та осы мысалға жатады.
– Айту, жазу, мәселені қоғам талқысына салу, билікке жеткізу – бәріміздің парызымыз. Ендігісінің бір қайыры болар.