Аман өткізген заман

Онда біз алпысқа толғалы жаттық. Той жоқ, даңқ пен дақпырт жоқ. 60 жас жақындағанда, әлеуметтік желіге «Алпыс абзац» атты жазбаны бастадық.
Өміріміздің әр сәті мен әр қыры туралы еске түскендерін. Қысқа. Нұсқа. Әлбетте, балалық аз, қой баққан екі жыл да аз. Негізгі арқауы – журналистік жолымыз ғой.
Бастапқыда әрбірі шынында, төрт-бес сөйлемдік бір абзац еді. Қыза-қыза келгенде, ол абзацтардың көлемі ұзарды, оның үстіне, кейбірі бір емес, бірнеше абзац бола бастады.
Шамасы, жартысынан көбін жазып, әлеуметтік желіге салып қойғанымызда, Аман бауыр хабарласты.
– Аға, тоқтаңыз.
– Неге? Қалам енді қызып келеді.
– Тоқтаңыз деймін. Әйтпесе, менің Сіз туралы жазып жатқанымды қайталайсыз.
Сөйтсек, Аман бауыр 60 жасымызға орай, көлемді мақала жазып жатыр екен. Оны сол кезде үлкен газетке жариялатты да.
Біз Амангелді Сейітхан асқаралы 60-қа толғанда, жазармыз дегенбіз....
***
Тарбағатай тауының екі жағында тудық. Біздікі – тастақ, суық солтүстік беті болса, Амангелді Сейітханның туған жері – оңтүстік құнарлы да мәуелі жағы. Мақаншы. Мінезінің жайдары, жұмысының жемісті болғаны соған да қатысты шығар.
Бала кезінде дәл біздің ауылға келіпті. Ауылдың аты – Үштөбе. Егер таудан атпен асып түссе, Үржар мен Мақаншыға тиіп тұр. Бірақ автокөлік жүретін жол жоқ. Баяғыда атамыз атпен асып, Үржардағы қарындастарының және отыз жетіде қуғын көріп, сол жақты сағалаған замандасының халін біліп келетін. Автомобиль шыққалы Олжайдан кейін ешкім қия бет, қорым тас пен тік асулардан асып, баруды қойған.
Автожол айналма. Мақаншыдан Үржарға, Таскескенге, әрі қарай Аягөзге жетесің. Одан оңға бұрылып, Ақсуатқа қарай аңыратасың. Аягөзден 130 шақырым шамасында Қызылкесік деген ауылдың тұсында тағы оңға бұрылсаң, қара жол 45 шақырымнан кейін Үштөбеге әкеліп тірейді.
Бала Амангелді жездесінің «Москвичімен» Мақаншыдан Үштөбеге қонаққа осылай келген. Жолға шығарында атасы «Үштөбенің тауында қайрақ тас көп. Маған қайрақ әкелесің», депті. Иә, онысы рас, Үштөбеде жердің бетін топырақтан гөрі тас басып жатыр. Тағаламаған ат бес-алты күнде тасырқап, тұяғын баса алмай қалады.
Үштөбеден жездесі қайта Мақаншыға аттанайын десе, дүрілдеп тұрған автомашинасы орнынан қозғала алмайды. Бұған не болды десе, моторы тартпайды. Оған не болды десе, жүксалғышын бала Аман тасқа толтырып тастапты. Атасының тапсырмасын орындау үшін. Бүкіл Мақаншы жұртына жететін тасты төгіп, Аманның атасы үшін төрт-бес қайрақ қалдырғанда ғана «Москвич» орнынан қозғалған екен.
Амангелді Сейітханның тапсырмаға тиянақтылық, аманатқа жауаптылық қасиеті бала кезден бойында болған-ау.
***
«Хабар» агенттігінде таныстық. Дәл күні есте жоқ. Есте қалғаны: ол кезде негізгі Жаңалықтар соңындағы спорт жаңалықтарын Тілеуқабыл Мыңжасар жүргізетін еді, қатарына Амангелді Сейітханның қосылғаны. Аманға өріс ашу үшін Тілекеңді әлеуметтік салаға, әсіресе ауыл тақырыбына сюжет жасауға жектік. Онда «Хабардың» Жаңалықтар мен сараптама бағдарламалары дирекциясында директордың орынбасары, қазақша жаңалықтарына жауапты едік.
Енді Аманға өріс ашылып қана қоймады, өзіне қосымша спорт журналисін алып, тәрбиелеуге мүмкіндік болды. Телмұхамед Күдеров, Жандос Айтпай сияқты жас спорт журналистерін өзі тапты, әрі баулыды. Қазір әрбірі халыққа танымал.
Әрине, Амангелді Сейітханды күллі қазақтың сүйіктісі еткен – футбол мен басқа спорт түрлерінен өткен жарыстардан тікелей телерепортаждар. Оның әрбір сөзі көкейге қонып қоймай, езу тартқызатын және ой салатын. Балталасаң бұзылмас тіркестер табан астында туындап жататын. Ол өмірден өткен күні әлеуметтік желіде жүздеген осындай тіркестерді көрермендері қамыға еске алды емес пе!
Әттең, жүздеген емес, мыңдаған тіркестері мен сөйлемдері санада сақталар еді. Оған «Хабардың» сол тұстағы басшылығы мүмкіндік бермеді. Мың-мыңдаған көрермендердің Амангелді Сейітханның репортаждарына рахаттанғаны іші тар біреулерге ұнамады. Олардың ара-тұра қасақана ұйымдастырып, «Хабар» басшыларына телефон соққызуы мыңдардың құрметінен басым болып шықты.
Қайтерсің, заман сондай болды. Ал жаңа заманды, өзіне қастық қылғандардың аттан ауып жатқанын көруге Аман бауырдың ғұмыры жетпеді. Бірақ ұрпағы, әріптестері «мың асқанға – бір тосқан» барын көрді. Тәубе!
***
Аман бірмойын емес, айтқан ескертуді тыңдайтын. Қорытынды шығаратын. Басқа «теле жұлдыздар» сын естісе, шоршып түсетінін көрдік. Өздерінен басқаны мойындамай кететін. Соған орай, тез сөніп, бірер жылда ұмыт қалып жататын. Оған мысал көп. Ал Амангелдінің айтқанды тыңдайтынын бір мысалмен дәлелдейік.
Эфирдегі Спорт жаңалықтарының соңын күнделікті «Жеңісті күндерде жолыққанша» деп аяқтап жүретін. Біз оған қарсы болмайтынбыз. Өзінің ізденіп тапқаны еді. Бір күні академик, тіл мамандарының ішінде талассыз дүлдүлі Рәбиға Сыздықова телефон соқты. «Қайнар, анау Амангелді балама айтшы, «Жеңісті күндерде жолыққанша» емес, «Жеңісті күндерде жүздескенше» десін. Өйткені адамдар бір-бірімен кездейсоқ жолыға береді, ал арнайы жүздеседі ғой. Екіншіден: «Жеңісті күндерде жүздескенше» дегенде, дыбыс үйлестігі болады, өйткені үш сөз де жіңішке дауысты дыбыстардан тұрады», – деді.
Академик апамыздың Спорт жаңалықтарын тыңдайтыны, жай тыңдамай, Аманның сөзіне зер салатыны бізді қуандырды. Дереу Аман бауырымызға бұл сәлемді жеткіздік. Құп көрді. «Менің өз сөзім өзгермеуі керек», деп қарыспады. Қалың қазақтың құлағына жаққан, Амангелдінің төл тіркесі ретінде танылған «Жеңісті күндерде жүздескенше», дегеннің сыры осындай.
***
«Хабар-2» арнасына директор болып тұрғанымызда Амангелді Сейітхан мен Дана Нұржігітке «Жалықтырмайтын жаңалықтар» атты тікелей эфирді жүргіздірдік. Ортасында кететін сюжеттерін қосқанда, бір жарым сағаттай болатын шығар. Тек саясатқа соқпайды, басқасының бәрін талдайды.
Телевизиядағы интерактивті бағдарламалар ішінде жұртшылықтың сүйсіне тыңдайтындарының бірі болды. Өйткені тілі жатық, ойы ұшқыр, әр кезде езу тартқызады. Күлдіріп отырып ойлантады. Екеуінің өзара үйлесімі қандай!
Амангелді қайтыс болған соң, «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған бильярдтан еске алу турнирінің ашылуына сенатор Дана Нұржігіт қатысты. Баласын ерте келіп, Амангелді деген аға болғанын түсіндірді. Аяғына дейін жүріп, жеңімпаздарға сыйлық тапсырды.
Сол «Жалықтырмайтын жаңалықтарда» Амангелді жай оғындай, жарқылдайтын, небір ғажап сөздерді табан астында суырып салатын. Кезінде айтыс ақыны болғанның пайдасын тікелей эфир үстінде көрсетті.
Интерактивті бағдарлама болған соң, көрермендер бірінен соң бірі телефон соғып жатады. Түрлі сұрақтар қояды. Өз ойларын айтады. Амангелді мен Дана жауап береді, айтылған ойларды әрі қарай сабақтайды.
Бірде кезекті көрермен телефон соқты. Айтпағы, әлдебір әнге қатысты екен.
- Мен пәлен облыстан түгенше деген меломанмын, – деп өзін таныстырды.
Сол кезде Амангелді жұлып алғандай:
– Ел аман болса, меломан болғанға не жетсін, – деді.
Арттағы елі Амангелді өмірден өткен соң, жарты жыл шамасында, 2022 жылдың ең басында тарихта «Қаңтар қырғыны» деп қалатын бүліншілікке ұшарады. Егер Амангелді тірі болғанда, біз теледидардан сол оқиғаның ақиқатын дер кезінде білер ме едік. Өйткені ел астанасынан эфир тарататын ешбір мемлекеттік арнада оқиға болып жатқан жерден суыт репортаж беріле қоймады. Амангелдінің одан қаймықпайтынын «Хабар-24» арнасында шығармашылық топты басқарып жүргенінде бірнеше рет көргенбіз.
Мәселен, Таразда тұрмыстық газды дұрыс пайдаланбаудан, тұрғын үйде жарылыс болғанда, оның ақпаратын Мемлекет басшысы қатысатын билік партиясының съезінің ашылғаны туралы материалдан бұрын тікелей эфир арқылы берген. Қазақстанда мемлекеттік ақпарат құралы қызметкерін мұндай еркіндігі үшін ешкім бастан сипамайды. Аспаннан атақ пен награда жауған кездің өзінде Амангелді Сейітханның Президент сыйлығын алмауы, омырауына орден тағылмауы – түптеп келгенде, журналистикаға адалдығынан шығар. Жағымпаздана алмайтын, жалған сөйлемейтін қасиеттерінен болар.
***
Телевизия хабарын жасайтын ұжым, әлбетте, үлкен болады. Сан түрлі мамандық иелерін топтастырады. Осы үлкен ұжымның ішінде өмірдің өзі шағын топтар қалыптастырады. Апталық немесе күнделікті хабар мен бағдарламаны үнемі дайындау арқылы журналист, режиссер және оператор арасында берік қарым-қатынас орнайды. Олар кейде бір үйдің балалары сияқтанып кетеді.
Журналист, тележүргізуші Амангелді Сейітхан мен телевизия режиссері Өркен Әліпбаева және телеоператор Хасен Омарқұлов үшеуінің арасында осындай өте мықты байланыс қалыптасты. Бұған себепкер болған «Бір күн» атты бағдарлама еді. Идеясы бізде пісіп-жетілген. Онда «Хабар» агенттігінің креативті продюсері едік. Апта сайынғы күрделі әрі қызғылықты бағдарламаны түсіру мен монтаждауға үлгеру үшін екі топ белгіледік. Журналистері – Амангелді Сейітхан мен Бибігүл Жексенбай. Бір топ республика аумағында іссапарда жүргенде, екіншісі өздері түсіріп келген бағдарламаны монтаждап эфирге береді. «Бір күн» бағдарламасы Аман, Өркен және Хасеннің бойындағы талантты толық танытты. Өркенді кейін Президенттің телерадио кешеніне бас режиссер етіп өсірді. Хасен Қазақстан Республикасы Президентінің жеке операторы болып тағайындалды.
Аманның ұлының үйленген тойына Хасен ел астанасынан ұшып келіп қатысты. Аман өмірден өткенде, ең қатты қайғырғанның бірі Өркен еді. Еске алатын ерекше клип жасап, әлеуметтік желіге салды.
***
«Хабарда» қызметте жүргенімізде, тағы бір жайт болды. Саяси өмірдегі салмағын арттырғысы келген Дариға Назарбаева «Асар» атты партия құрды. Партия болған соң, оған өзінің газеті керек. Бізге қазақ тіліндегі газетін шығаруды ұсынған. Өзіміз сол баспасөзден ерқашты болып, телевизияға келгенбіз. Басшымызға:
– Газетті тамаша шығара алатын, оған қабілеті жететін азамат ортамызда жүр ғой. Соған тапсырайық, – дедік.
– Ол кім?
– Амангелді Сейітхан!
– Тәжірибесі бар ма?
– Бар. «Спорт» газетінде қызмет етіп, оны шырқ үйірген. «Асардың» газетін де аспандатады.
Осылайша, Амангелді Сейітхан «Асар» партиясының апталық газетін бір өзі шығарған. Қызметі «Хабардың» ішінде. Спорт дирекциясындағы шолуы мен репортаждарын қоса ала жүреді. Керемет еңбекқор еді. Телевизиядағы тапқырлығын бәрі біледі, ал анау газетті шығарғанда және қаншама тапқырлық танытып еді. Бірде біраз қаламгерлер мен белгілі адамдар өздерінің «Ауыл» партиясынан шығатындарын мәлімдеді. Мұны Аман қалт жіберген жоқ. «Асар» газетіне «Ауылдан» біздің неге кетеді?» деген тақырыпты шығара қойды. Оқығанның бәрі риза болды. Өйткені сол кезде Тоқтар Серіков айтатын «Көршінің қызы» хит еді. «Ауылдан біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?» деген қайырмасы әркімнің аузында жүретін.
***
Өмірдің келесі белесі бізді ел астанасында жолықтырды. Олар «Хабардың» құрамында көшіп барды. «Хабардың» басшылары спорттан мүлде ығыстырып, жаңалықтардың ауысымына атқарушы продюсер етсе керек. Біз «Қазақстан» телерадиокорпорациясына ауысып едік. Бұл кезде Аман намаз оқитын. Жан тазалығы мен тән тазалығын ұштастырыпты. Ара-тұра бірге түскі тамаққа баратынбыз. Олимпиадалар, әлем чемпионаттары эфирде оның тамаша репортаждарынсыз өтіп жатты. «Амангелді Сейітхан неге жүргізбейді?» деген сұрақты ондайда күн сайын жүздеген көрермен қоятын. Мұның бәрін «Хабар» басшылығы шыбын шаққандай елемеді.
Амангелдіні корпорациядағы «Қазспорт» арнасына басшылыққа шақыру туралы ұсыныс айтқанбыз. Бірақ бұл қызметті тағайындауға корпорация былай қалып, министрлік, үкімет, Ақорданың өзі араласатын көрінеді. Ұсынысымыз өтпеді. Аман мұның біріне де жасыған емес. Жаңа өріс тапты. Әлеуметтік желіні игерді. «Жас Алаш» газеті мен «фейсбукке» керемет мақалалар жазуды. Сүйсініп оқып жүрдік. «Ютубтен» өзінің арнасын ашты. Тартымды сұхбаттар жасады. Тың технологиялық уақытта жоғалып кетпей, өзін тағы танытты. Жазғандары боққа татымайтын, тіпті ештеңе жазбайтын журналистер президент, «Нұр Отан» сыйлықтарына ие болып жатқан кезде Амангелді ұмыт қала берді. Бір кезде оны спорттық эфирден ығыстырғандар сол озбырлықты жалғастырып жатты. Уақыт бәрін орнына қояды екен. Амангелді өмірден өткенімен, қалың қазақтың аузында оның тіліп айтқан тіркестері сақталды. Ол оған қиянат жасағандар тірі болғанмен, тірі өлікке айналып жатыр.
***
Ел астанасында ара-тұра басымыз қосылатын. Әсіресе жігіттер бильярд ойнап жатамыз. Сол «Хабардың» алтын дәуіріндегі азаматтар: Арман Сқабыл, Әлімжан Сабыржанұлы, Зейін Әліпбек. Кейде Алатаудан Арқа жаққа келіп қалатын қос Серік Жанболат пен Абас Шах ортамызда болады. Аман біз үшін, біздің көңіліміз үшін бильярдқа келетін. Негізі, жаны сүйетін спорты футбол екені әмбеге аян. Бильярд ойынын кезекпен ұйымдастыруға көшкен кезіміз болды. Яғни бір адам үстел мен тамақтың шығынын мойынға алып, әрі сыйлық тағайындайды. Арман дос бірде өзі өткізген жарыста «Ақ жол» партиясының күртешесін таратты. Келер жолы біз дүкеннен әркімнің бойына қарай жейде алып келдік. Аман болса, тегіс спорттық футболка таратты. Бәрі бірыңғай көк түсті де, ортасында біреуі сары екен. Сары түстіні бізге беріп жатып:
– Велошабандоздардың арасында топ жарғаны ғана сары түсті жейде, қалғаны көк түсті жейде киеді. Соны ырымдап, басқаларға көгін, сізге сарысын сыйлап тұрмын, – деді.
Мұнысы да – спорттың сырын қазақтың жөнімен үйлестіре білгені еді. Әйтпесе, Әлімжан мен Арман сияқты тастаяқтың тарландары тұрғанда, бізге бұл спорттан топ жару қайда!
***
Біздің қызымыз Жайна кішкентай кезінен Аман ағасын жақсы көрді. Онда ара-тұра «Хабардың» тойына апаратынбыз. Жас журналистер біздің үйге жиі келетін. Қырық жасқа толғанымызда, агенттіктегі ұжымға арнап көл жағасына екі киіз үй тігіп, дастархан жайдық. Аманның сондағы аға-жеңгесіне айтқан арнауы телетаспада сақтаулы. Ұлымыз Әлішер бір жасқа толғанда, тұсауын Амангелдіге кестіргенбіз. Енді Венгрияда студент. Жайна Норвегияда магистратурада оқиды. Біз осы жазбаны жазып жатқанда, Аманның немересі дүниеге келді. «Орнында бар оңалар», деген осы. Осы жазбаны жазып отырған үйді салып бітіргенде, алғашқы қонақтарымыз – Амангелді Сейітхан, Серік Жанболат, Серік Абас-Шах келіндерімен бірге болып еді. Аман Алматының екінші жағына үй салғанда, бізге де төрін көрсеткен. Қайтыс болғаны туралы қаралы хабар келгенде, бір кезде қуанып барған үйге еңкілдеп жылап жеткенбіз.
Аманмен бірге өткен заман небәрі ширек ғасыр екен!