Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 04 Қазан 2022

AMANAT аманатқа адал ма?

None
None

Nur Otan партиясының қалыптасу және даму тарихы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Оның тікелей басшылығымен партия еліміздің жетекші саяси күшіне айналды. Н.Ә. Назарбаев: «Nur Otan партиясының идеялық шабыттандырушысы болып табылады, ол партияның пайда болуы қалыптасуы мен дамуының бастауында» деп тұрды. Бұл біздің сөзіміз емес. Өзі Қазақстанның мемлекет басшысы қызметінен кетсе де, әлі күнге дейін Nur Otan партиясының сайтында «жаңғырып» тұрған бұл ұранды сөйлемдер әлі де болса өткен тарихты осылай көз алдыңа елестете береді.

«Бала би» де, төраға да, партия да жоқ

1999 жылдың 12 ақпанында президенттікке кандидат Назарбаевты қолдау үшін құрылған қоғамдық штаб бірер ай өткен соң, 12 ақпанда «Отан» деген партияға айналды. Ал сол жылдың 1 наурызында  «Отан» РСП-ның I құрылтай съезі өтті. Тұңғыш президентке кім, қай партия қарсы тұра алады? Өмір сүріп келген Халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» қозғалысы барлығы – «Отанның» құрамына кірді. Бұл ғана емес, бірнеше жыл өткен соң, Қазақстанның Халықтық-кооперативтік партиясы, Республикалық саяси Еңбек партиясы мен «Асар» партиясы «Отанмен» бірге болатындықтарын мәлімдеді. Сөйтіп, Назарбаевтың мәңгілік мүддесін нығайту үшін өзге партияластар өздерінің өмір сүру мүмкіндігін жойды. Қолдан жасалынған қуыршақ партиялар осылай «Отанды» күшейтуге тырысты. Бірақ одан Назарбаевтың «Отаны» нығайды ма? Жағымпаздар мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2006 жылдың 22 желтоқсанында «Отанның» кезектен тыс Х съезінде партияның идеялық шабыттандырушысы болып табылатын Назарбаевтың партиясына Азаматтық және Аграрлық партиясын қосты. Партиясын нығайту үшін басқаларды осылай жұта берген «Отан» – халыққа жұғымды бола алған жоқ. 2006 жылдың желтоқсанында партияның аты «Нұр Отан» болып өзгерді. Сөйтіп, Назарбаевтың «нұрын» қосып алғанымен, партия нұрлана қойған жоқ. Бірақ тұңғыш президенттің жырын жырлаған партия бар-жоғы 20 жыл ғана өмір сүрді. Жиырма жыл бойы халықтың саяси сахнасын концерт пен шоуға толтырған Nur Otan Бауыржан Байбекпен бірге тарих қойнауына келмеске кетті. Өзі төраға, Байбегі орынбасар болған партия – халықтың көңілінен шыққан болса, өмір сүре бермес пе еді? Бәрінен бұрын Байбектің Назарбаевқа адалдығын айтсаңшы. Партияның «бала биі» болған Бауыржан Байбек қаңтар оқиғасынан кейін 10 күн өткен соң, тосын мәлімдеме жасады. Жаны Назарбаевқа таза берілген «бала би» тұңғыш президентті Ататүрікке теңеді.

– Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар Nur Otan партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау елдігімізге, азаматтығымызға сын, – деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Жағымпаздыққа жаны үйреніп қалған Байбек бірақ бірнеше айдан кейін өзінің саясат сахнасынан мүлде кететінін сол кезде түсінген де, білген де жоқ. Назарбаевтың кластасының баласы сөйтіп, өзінің саяси карьерасына біржола нүкте қойды. Қазір қайда жүргені белгісіз. Бірақ өткен күндерін сағына еске алатын болар. Идеялық шабыттандырушы болған Назарбаев қазір билікте жоқ, «бала би» де, партия да жоқ.

AMANATхалыққа адал ма?

Nur Otan құрдымға жіберіп, 2020 жылдың сәуірінде атауын ауыстырған AMANAT бірақ аманатқа адал ма? Неге екені белгісіз, партиядағылар өз атын бас әріптермен жазуға әуес. Одан партияның мәртебесі зорайып кетпейді ғой. Айта кетейік, партия жаңадан құрылса да, бұрынғы үйреніп қалған таптаурын жүрісінен жаңылған жоқ. Құрылғанына көп болмай жатып, қатарына тағы «Адал» партиясын қосып алды. Болашақта қай партияның өмір сүруін тоқтатуы мүмкін? Оны уақыт көрсетер. Бірақ википедияда аты айқайлап, ұрандап тұрған мына бір сөйлемді қайда қоямыз? AMANAT партиясы – Қазақстанның билік етуші, әрі доминантты саяси партиясы. Партияның төрағасы – Ерлан Жақанұлы Қошанов». Ұранмен өмір сүруге үйреніп қалған партия қазір саяси-экономикалық бағытта ұтымды жүріс жасап отыр ма? Рас, мемлекет басшысы Тоқаев Назарбаев сияқты партияның төрағасы емес. Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов «оралыңның барында ойна да күл...» дегендей, қазір таза концерттік шоуларды ұйымдастыруға әдет қылған сияқты. Қыркүйек айының басында «ЭКСПО-ның маңында «Күшіміз – бірлікте» деген Қазақстанның бүкіл өнер шеберлерін шақырып, концерт өткізді. Кеше ғана Түркістанда мәресіне жеткен «Ұлы дала жорығы» жобасын ат бауырында өскен қазақ баласы үшін қолдап, мақұлдайық. Бірақ… Осыдан бірнеше ай бұрын Украинаның Қазақстандағы елшісінің бір ауыз сөзі үшін, Ассамблея бастап, Божко қостап, елшіге ескерту жасады. Оның қорытындысынан жұрт хабардар. Ал партияның белсенділігі кез келген тосын оқиғада айқын көрініс табуы тиіс қой. Соңғы бір аптада Ресейден елімізге келімсектер келіп, халықтың көпшілігі өзінің алаңдаушылығын білдіріп жатқанда, AMANAT неге үнсіз қалды? Жалпы саяси мәлімдеме жасауға келгенде, тым-тырыс қалатын AMANAT аманатқа адалдығын сақтап отыр ма?

Азық-түліктің бағасы болса өсіп барады. Қымбатшылық. Бағаның өсуіне қандай себеп бар, салдары қандай болмақ? Оған мониторинг жүргізіле ме? Бұл ғана емес, ресейліктер келгелі пәтер жалдаудың бағасы 2-3 есеге өсіп кетті. Ал пәтер жалдап тұратындар негізінен өзіміздің қаракөздер. Ал бұл мәселеге қатысты AMANAT әлі күнге дейін өзінің көзқарасын білдірген жоқ.  Ресейден келіп жатқан келімсектерден төнетін қауіп қандай? Қазірдің өзінде шекарадан өткен Ресейдің 382 азаматы тұрақты тұру үшін және 64 азаматы Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсырған. Мұның барлығы да AMANAT алаңдатпай ма? Жоқ әлде партияның жұмысы кабинеттегі және мәжілістегі комитеттің отырысында жиын өткізумен ғана шектеле ме?

  • Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз,  – деген мемлекет басшысы Тоқаевтың аманатын атқарушы директор Оралов басқарып отырған партия орындай ала ма? Мәселе сонда.

Айта берсек, түйіні шешілмеген мәселе көп. Жүйені жемқорлық жайлап барады. Соңғы сегіз айдың қорытындысын талдасақ, дерек адам шошытарлықтай. Қаңтар-тамыз айларында министрлікте қызмет істейтін 111 қызметкер жемқорлықпен ұсталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 20,7 пайызға көп. Жемқорлықты жоймай, аманатқа адалдық танытпай, партия қалай бұлай өмір сүре береді? Мұны неге айтып отырмыз? Қоғамда болып жатқан кез келген оқиға жоғарыда атап өткендей, «Қазақстанның билік етуші әрі доминантты саяси партиясын» алаңдатуы тиіс. Ең алдымен билік бюрократиядан, жемқорлықтан ада болуы тиіс. Бір ғана мысал, Қаржы министрлігінен – 33, Қорғаныс министрлігінен – 22, Ауыл шаруашылығы министрлігінен – 16, Индустрия, және инфрақұрылымдық даму министрлігінен – 16 шенеунік жемқорлық құрығына ілігіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Басқа емес, жетекші партия ең алдымен осыған үн қатуы тиіс еді. Тек қана жобалар мен шоу өткізгеннен шырайымыз кірмейді. Біз партияның «нұрлану» кезеңін де көрдік қой. Аманаттықтар осыны адал түсінуі тиіс.

Енді бірнеше күннен соң, AMANAT партиясының  XXIV съезі басталады. Әрине партия президенттікке үміткерлікке Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл қазіргі уақытта жарнама мен насихатқа зәру ме? Жоқ! Десек те, алдағы бір жарым айда AMANAT неше түрлі насихаттық саяси ток-шоуын көретін боламыз...

Тегтер: